Шекара қызметі ұйытқы болып отырған шығармашылық сапарға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, белгілі ақын Бақыт Беделхан бастаған ақындар мен жазушылар қатысты. Сапардың бірінші күні шығармашылық ұжым Зайсан шекара жасағының даңқ музейін, кітапханасын аралады. Сол күні кешқұрым аудандық мәдениет үйінде әскери қызметшілері және аудан халқымен шығармашылық кездесу ұйымдастырылды.
Сапардың екінші күні осындай шығармашылық кездесу «Ақжар» шекара комендатурасы орналасқан Ақжар ауылының мәдениет үйінде жалғасын тапты. Бұл шығармашылық кезедесуге де шекарашылар мен шекара маңындағы Тарбағатай ауданының халқы қатысты. Кездесуден соң шығармашылық топ Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасына арнайы ат басын бұрды. Заставаның тарихымен, тыныс-тіршілігімен танысқан ақын, жазушылар застава сарбаздары және Ойшілік ауылынан келген мектеп оқушыларына өз шығармаларын оқып, жауынгерлермен еркін сұхбаттасты.
Сапардың үшінші күні ақын-жазушылар «Қаратал» шекара комендатурасы орналасқан Қаратал ауылының мәдениет үйінде ауыл халқымен және әскери қызметшілермен кездесті. Қаратал ауылынан Зайсан қаласына қайтар жолда ақындар Жамбыл ауылына келіп, өмірден ерте кеткен талантты ақын Нұрлан Мәукенұлы атындағы саябаққа аялдап, жиналған ауыл тұрғындарымен дидарласып, жыр шумақтарын оқыды. Осымен екінші жыл ұйымдастырылып отырған іс-шараның әсерімен ақын-жазушылардың қаламынан туған патриоттық, соның ішінде ел шебін, туған жерді, Отанды қорғау тақырыбындағы шығармалар жинағын кітапқа басып шығару көзделген. Кітаптар ел шебіндегі шекара заставалардың кітапханаларына таратылып берілмек.
«Егемен-ақпарат»