Әлем • 10 Қазан, 2019

Ауғанстандағы тұрақтылық – жаһандық мәселе

315 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Сыртқы істер министрлігі Ауғанстан мәселесі бойынша Нұр-Сұлтанда дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, ЕҚЫҰ-ның Венадағы тұрақты өкілдері, Италия, Словакия, Өзбекстан, Тәжікстан, Албания мен Ауғанстаннан келген сарапшылар, дипломаттар мен министрлік қызметкерлері қатысты.

Ауғанстандағы тұрақтылық – жаһандық мәселе

Алқалы жиында Ауған­стан­ның экономикасын көршілес ел­дермен, сонымен бірге Орта­лық Азия мемлекеттерімен инте­грациялаудың маңызы, Ауғанстан Ислам Республикасындағы тұрақтылық пен бейбітшілік мә­селесі талқыланды. Пікірталаста сөз алған Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді тәуелсіздік алғалы Қазақстан тарихы мен мәдениеті ортақ елдермен тығыз байланыс орнату үшін тың бас­тамаларды қолға алып келгені туралы сөз етті. «Қазіргі таңда біздің көшбасшылар ортақ мүдде үшін жұмыс істеп жатыр. Мәселен, 2018 жылдың тамызында Орталық Азия елдерінің басшылары Түрікменстанда кездесіп, Арал теңізін құтқару шараларын талқылады. Алайда бүгінгі және ертеңгі күн үшін де күрделі мәселелердің бірі – Ауғанстандағы тұрақтылық екені баршаға аян», деді министр.

Сонымен қатар Қазақстан ай­мақтық ынтымақтастықтың жақ­таушысы ретінде қатысушы елдер арасындағы өзара түсіністікке жету үшін күш біріктіруді көз­дейтінін, Ауғанстанның Қа­зақстан саясаты үшін қашанда ба­сымдыққа ие болатынын айтты.

«Екі апта бұрын Қасым-Жо­март Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясында еліміздің Ауған­станға көмек көрсетуді жалғас­ты­руға дайын екенін білдірген болатын. Мемлекет басшысы мықты ынтымақтастық, ұзақ мерзімді ин­вестиция, аймақтық келісім елдегі табыс пен бейбіт процес­терге қол жеткізудің шешуші факторы екенін атап өтті», деді М.Тілеуберді.

Жиынға қатысқан Ауғанстан Ислам Республикасының қауіп­сіздік және шекаралық істер мә­се­лелері бойынша ынтымақтастық департаментінің директоры Мо­хаммад Хассан Файзи терроризмге қарсы күрес ұжымдық сипатқа ие болуы керегін айтып өтті.

«Жылдар бойы Ауғанстан терроризмнің құрбаны болып келеді. Біздің ел – мұнымен күрес кезінде басқаларына қарағанда көп зардап шеккен мемлекет. Біз терроризмге қарсы күрес ұжымдық сипатқа ие болу керек деп есептейміз. «Талибан» – Ауғанстан аумағында жүрген ше­телдік қарулы топтардың серік­тесі. Қарулы топтар әртүрлі ұлттар­дан тұрады. Сондықтан олар тек Ауғанстанға емес, бүкіл әлемге үлкен қауіп төндіріп тұр. Өкі­нішке қарай, «Талибан» Ауған­станнан бөлек өзімен серіктес топтарға қару, адам береді, есірткі сатып пайда табады. Табыстың тұрақты түсіп тұруы оларға криминалдық синдикаттармен байланыс ұстап отыруға жол ашады. Есірткі– талибтер үшін табыс көзі», деді шетелдік сарапшы.

Аймақтағы мәселелерден бө­лек, Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуі де талқыланды. Министрдің айтуынша, екіжақты келіссөздер нә­тижесінде еліміз гуманитарлық және техникалық жәрдемді жалғас­тырмақ. «Нақты айтар бол­сақ, еліміз осы күнге дейін 80 млн АҚШ доллары көлемін­де қаржылай көмек көрсетті. Оның 3,5 миллионы Ауғанстан­ның алыс-жақын аудандарын­дағы медицина, білім ошақтары­ның құрылысына, жолдар мен кө­пірлердің реконструкциясы­на жұмсалды. Оған қоса, 3 жыл бұрын Ауғанстан Ұлттық қорға­ныс күштеріне 2 млн АҚШ долла­ры көлемінде қаржы бөлінді. Мемлекеттің білімді жастарсыз тұрақтылыққа қол жеткізбейтіні анық, сондықтан Тұңғыш Пре­зидент Н.Назарбаевтың бастама­сымен ауғанстандық жастарды оқыту бағдарламасы қолға алынды. Осылайша, 1000 студент елі­міздің үздік университеттерінде бі­лім алуға мүмкіндік алды. Атал­ған шаралардың барлығы Еуропа одағы, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдардан қолдау көріп, жоғары бағаланды», деді Мұхтар Тілеуберді.

Осы орайда Ауғанстанның өкілі Мохаммад Хассан Файзи Қазақстанда білім алған жас­тар­дың біразы оқуын тәмамдап, еліне оралғанын мәлімдеді. «Бі­лімді жастарымыз бүгінде білім беру, медицина салаларын­да еңбек етіп жүр. Су ресурста­рына қатысты мамандарымыз да Қазақстанда оқығанын айтқым келеді. Болашақ – жастардың қолында, сондықтан жарқын болашаққа даңғыл жол салған Қазақстан мемлекетіне алғысымызды білдіреміз», деді М.Файзи.

Қазақстан Республикасының Вена қаласындағы халықаралық ұйымдардың тұрақты өкілі, Қа­зақ­станның Аустрия мен Слове­ниядағы Төтенше және өкілет­ті елшісі Қайрат Сарыбай Ауған­стан­дағы тұрақсыздық тек Қазақ­стан емес барлық Орталық Азия елдерін толғандырып отырған мәселе екенін айтты. «Бүгінгі шара осындай жаһандық мәселеге назар аударуға жағдай жасап отыр. Ауғанстандағы тұрақтылық үшін барлық халықаралық қа­уымдастықтар күш біріктіруі керек. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі төрағалығымыз да Ауғанстан мәселесін көтеруге мүмкіндік берді. Бұған бейжай қарау басқа да «қара ниетті» топтардың сол елге шоғырлануына алып келмек. Сондықтан ауғанстандықтардың бейбіт өмірі үшін ең алдымен тұрақтылық орнату керек. Барлығымыз бірігіп жұмыс істесек, мәселе шешім табатынына сенімдімін», деді Қ.Сарыбай. Сонымен қатар елші Ауғанстан жастарын оқыту басқа елдерге жақсы өнеге болғанын, оның бүгінде халықаралық жобаға айналғанын хабарлады.

Одан бөлек, жиын барысында «Жусан» операциясы жалғасын табатыны мәлім болды. Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді алдағы уақытта Ирак елінен 14 баланың елге оралатынын хабарлады. Министрлік өкілдері балалардың ең үлкені 10 жаста екенін, ал олардың аналары абақтыда жазасын өтеп жатқанын мәлімдеді. Бүгінде дипломаттар балалардың ата-аналарын да Ирактан қайтару мәселесін қарас­тырып жатыр.