Негізгі мәлімдеме азаматтық қоғам жөнінде болды. Жолдауда азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндеті қойылды. Аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамды тартуға шақырды. Осындай мақсатта «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» құрылғанын және бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейтіндігін айтты.
Президент қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін нақтылады, қазақ тілінің алдағы уақытта ұлтаралық қатынас тіліне айналатынын жеткізді. Жолдаудағы ең маңызды мәселе – жердің шетелдіктерге ешқашан сатылмауы туралы айтуы болды. Сондай-ақ Жолдауда мүмкіндігі шектеулі адамдарға қамқорлық көрсетуді, бағаны жөнсіз өсіруге тыйым салуды, шағын және орта бизнеске қолдау жасауды, адам саудасы мен жыныстық зорлық-зомбылыққа, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайтуды тапсырды.
Жолдаудағы тағы бір қуанатын жағдай Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін азаматтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалануына байланысты болды, мысалы, баспана сатып алу немесе білім алу үшін жұмсау мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды тапсырды. Тағы бір жаңалық, мемлекетті басқару «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы бойынша жүзеге асатындығы. Бұл формула бойынша халық жергілікті билік жұмысын тікелей бағалай алады. Сауалнама және онлайн дауыс беру арқылы тұрғындардың 30 пайызынан астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады. Жолдауда айтылған ұсыныстар Мемлекет басшысының елді толғандырған мәселені білетінін дәлелдеді. Оған қоса, алдағы уақыттарда атқарылатын жұмыстардың нақты жоспарына айналады деп сенеміз.
Ержан Құттыбаев,
аудандық мәслихат депутаты, азаматтық қоғам өкілі
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы