Аймақтар • 10 Қазан, 2019

Еңбегі ерен этнограф

712 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Ұлттық музейдің «Археология және этнография» бөлімі ұйымдастыруымен қазақ этнография ғылымының негізін қалаушылардың бірі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаевтың туғанына 95 жыл толу құрметіне арналған «Этнография ғылымының көшбасшысы» атты дөңгелек үстел өтті.

Еңбегі ерен этнограф

Іс-шараны «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының бөлім жетекшісі Айбар Ерланұлы сөз сөйлеп ашты. Дөңгелек үстелге ҰҒА академигі, антрополог-ғалым Оразақ Смағұлов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Жамбыл Артықбаев, Ұлттық музейден этнолог, тарих ғылымының кандидаты Қарлығаш Ерғазықызы, музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің жетекшісі Гауһар Қа­сиқызы, тарих бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Серікқазыұлы қатысып, тұлғаның зерттеу ең­бектеріне жан-жақты талдау жасады. Ака­де­мик О.Смағұлов еңбек­терінің ғылымда алатын орнына кеңінен тоқталды. Профессор Ж. Артықбаев ғалымның өмір жолы мен ғылыми ізденісі жайлы әңгі­меледі. Ғалым Х.Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» кітабының қазақ этнографиясында шоқтығы биік еңбек екендігін және қазақ тілінде жазылған алғашқы этнографиялық монография екенін атап өтті.

Халел Арғынбаевтың «Қазақтың мал шаруашылығы» атты зерттеу еңбегінің де қазақ қоғамы үшін орны бөлек рухани қазына екені айтылды. Өкінішке қарай бұл еңбек көбіне назардан тыс қалып қойып жатады. Осы ретте Ұлттық музей қызметкерлері тарапынан ғалымның құнды еңбегі алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс­пен қайта басып шығарылса деген мәселе көтерілді. Ғалымның ізін жалғаған шәкірттері этнограф-ғалым туралы пікірлерін ортаға салды.

Қаршыға КҮЛЕН