Ізтелеу Нүсіпқожаевтың «Айбол» атты шаруа қожалығы бар. Жоғары білімді агроном кейінгі жылдары кәсібін дамытып, үйінің айналасын көрсең көзің тоймайтын дүниелерге толтырған жайы бар. Ол ауданда «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша білім алып, қолына арнайы сертификат тиген соң гүл өсіретін жылыжай салуды қолына алған. Игілікті ісі оңынан болып, облыс әкімінің 1 миллион теңге грантын иеленді. Екі метр тереңдетіп қазылған жылыжайында гүл өсіріп, көктем шығысымен аудандық әкімдіктің, бірнеше ескерткіштің алдын гүлге толтырып жүр.
Жалпы, бұл азаматтың гүлін көптеген мекеме, мектептер алып, пайдаланып келеді. Біз бұрнағы жылдары Ізтелеудей іскер, еңбекқор азаматтың гүл өсіретін шаруасын жазған болатынбыз. Енді ол үйінің екінші жағынан көкөніс өсіретін жаздық жылыжай салып қойыпты. Ені 6 метр, ұзындығы 20 метр жылыжайда қияр, қызанақ өсіріпті. Екеуі де биыл жемісті мол берді. Жылыжайдың жанында жап-жақсы болып оралып қалған қырыққабат, сәбіз, сарымсақ, картоп, бәрі-бәрі жайқала өсіп көз тартады. Еңбекқор азамат былтыр қыста гүлдің 6000 түп көшетін, қырыққабаттың 1500 түп көшетін дайындаған. Соның нәтижесінде үйінің жанындағы шап-шағын жерден жүздеген түп қырыққабат алды. Иісі бұрқыраған жап-жақсы сарымсақты есіктің алдына жайып қойыпты. Ізтелеудің қияр, қызанақ, сарымсақтарын көршілері де сатып алатын көрінеді. Қолда бар дүниенің елге де пайдасы тиді.
– Қарқара ауылдық округі аумағынан былтырдан бері сұрап жүріп 1,5 гектар жер алғанмын. Ауылды, ауданды қамтитындай үлкен жылыжай салуды жоспарлап жүрмін. Қазір қаражат жағынан қиналып тұрмын. Қысы-жазы істейтін жылыжайда қияр, қызанақ, қырыққабат өсірсем деген ойым бар. Оның шапағаты елге тиетін еді. Бұрнағы жылдан бастап айналысып жүрген шаруаларымның бәрі – тәжірибе жинақтау, үлкен іске дайындық, – дейді Ізтелеу алдағы жоспарларын сөз етіп.
Рас, Кеген ауданында үлкен жылыжай жоқ. Оны салуға бел буып отырған азаматқа қалайда көмек, қолдау көрсеткен артық емес. Өйткені қолға алған ісінің нәтижесі көрініп тұр.
10 миллион теңгедей қаражат керек екен. Ол іске қосылған кезде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Көкөніс тұқымдарының дені қолында. Өсіріп, жайқалтып қойған, жемісін беріп тұрған дүниелерін көріп, азаматқа риза болдық. Міне, нағыз агроном жігіт дестік. Ауылдың сырт жағында 15 гектар арпасы, 5 гектар картобы бар.
Жердің қасиетін білетін агроном жігіт қолынан келген шаруасын жасап келеді. Елудің ішіндегі азаматтың ісі мақтауға тұрарлық. Оның әр күні еңбекке толы. Ауылда жұмыс жоқ дейтін жастарға үлгі.
Ізтелеу Нүсіпқожаевтың жұбайы Тұрған Бұқабаева ағылшын тілінің мұғалімі. Үй шаруасынан қолы қалт еткенде агроном жұбайының көкөнісін күтуге көмектеседі. Екі ұл, үш немересі бар. Шалғай ауылда өзінің мамандығы бойынша гүл, көкөніс, картоп пен дән өсіріп, игілігін көріп келе жатқан азаматтың қолы қуатты, өмірі шуақты бола бергей!
Қанат БІРЖАНСАЛ