Тассай ауылы туралы ақын Айбек Сапышев:
Адымда шұбап жатқан
Қыл қабағы,
Жөңкілген қар суымен
жылғалары.
Смат пенен Тассайдың
арасында,
Көк құрақ көк торғын
боп ырғалады,
Қасиет деп Қайнардың
суын ішсең,
Көңілдің қошы болып жыр қалады, – деп жырлайды. Осы Тассай ауылы азаматтарының үлгілі ісі дегенде олардың тастай қатты бүлінбес бірліктері, ел қызығардай бақуатты тірліктері айтылады. Соның бірі – аңшылық. Аңшылық дегенде – атам қазақ дәріптеген құс салу, ау құру, қақпан салу, тазы ұстау.
Салбурын жуырда Еспе бойындағы Қарабұлақта өтті. Аңшылар қара қостарын тігіп, абылайшаларын орнатты. Тіпті әппақ отау да құрылыпты. Жадағай желбір жапқан емес, ақ киізбен әспеттелген екен.
Қожалықтарының шаруасын дөңгелетіп, ауылда өтіп жатқан пайдалы, мағыналы іс-шараларды қолдап жүрген Берік Тлебалдин, Қайырлы Оразбаев, Айдос Қапасовтар ауқатты адамның нағыз мәрттігін көрсеткен демеушілер болды.
Салбурын – аңға шыққан серілердің ерлігі мен ептілігін, мәрттігі мен жомарттығын көрсететін ежелгі дәстүр. Салбурын аңшылық дәстүрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғырып, «Ұлы даланың жеті қырынан» туындайтын тапсырмаларды орындау барысындағы Тассай ауылдық округінің тамашасына Нұр-Сұлтан қаласынан, Алматы, Өскемен мен Семейден, Аягөз, Жарма, Үржар мен Мақаншыдан, Тарбағатай мен ауданымыздың Тассай, Үлкенбөкен, Үлгілімалшы ауылдарынан 70-ке жуық аңшы қасқыр, түлкі алып жүрген 59 тазысын, тіпті Үржардан атақты Ерзат Шойтабан мен сұңқарын көтеріп Самғат бүркітші де қатысты. «Салбурынға жақсы ат, қыран бүркіт, берен мылтық сайланады. Әбжіл аңшылар, құсбегілер, саңлақ саятшылар, аңқұмар қағушылар, елгезек атшы-қосшылар бас қосады. Олардың ішінде әнші, күйші, жыршылар да болады. Олардың саны шектелмейді. Бір топта он-он бес тазы, жиырма-отыз адам болуы да мүмкін. Ал ең аз дегенде атшы-қосшы, былайша айтқанда, үш-төрт адамнан кем болмайды. Ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос, абылайша тігіп, аң аулайды. Күндіз жан-жаққа бөліне бытырап, аң аулауға кетеді де, кешкілік от басына жиналады. Бір жағында түлкі, қарсақ, қасқырдың терісіне шөп, сабан тығылып жатса, екінші жағында қоңыр аңдар сойылып, табақ-табақ қара қуырдақ, ет тартылып жатады. Құрт, сүзбе қатылған қарсақ жон сорпаны аяқ-аяғымен сіміріседі. Ат-көлік отқа қойылады. Қай тазыны қалай күтімге алу керектігі жастарға үйретіледі. Салбурынға шығушылар әңгіме-дүкен құрып, әзіл-сықақ айтысып, бір-бірімен тәжірибелерімен бөліседі» дейді көпті көрген саяткер, Тассай ауылындағы атақты аңшы Шапат Көбейұлы жиналғандарға беріліп жатқан түскі астағы сірнеден алып отырып.
Қатрен салдың ойын-сауығы
Салбурынның салтанатты ашылуы Қатрен сал Байжұмановтың өнерпаздарының ойын-сауығымен басталды. Қос Шынар кезек-кезек, арасында екі дауыста қосарлана ән шырқады. Сал ағамыздың барқыттай қоңыр дауысы микрофоннан төгілгенде айтулы Әнуарбек Байжанбаевтан кем естілген жоқ. Ауыл мен Отан туралы әндер сыршыл «Көзіңнің мөлдіріне» ауысқанда Мысықұясы тауының бөктері сілтідей тынып, аңшы серілер де қосыла шырқады. Еспе өзені жағалауының қамысы да ызғымай, аспанға үйірілген қорғасын бұлттар да тамшысын іркіп қалды. Сауық тазы көрмесіне жалғасып, Өскеменнен келген сарапшылар Ольга Пуха мен Елена Хардинаға сөз берілді. Олар тазының тұқымының тазалығын бағалап, әрқайсысына тиісті төлқұжат беріп, таңба басты. Бұл күні құжаты ресімделген 59 иттің 41-і таза тұқым, қазақи тазы деп танылды. Кешкісін қонақасына арнап сойылған тайдың еті піскенше қой етінен жаубүйрек жасалып, кәуап қуырылды. Нағыз аңшылар жейтін «ет қанды болса, жігіт санды болардың» басытқысы да ұсынылып жатты.
Салбурынға жиналған ақсақалдар аңшылық пен саятшылықтың қызығын еске түсіріп, жақсы дәстүрді тілге тиек ете отыра жастарға үлгілі әңгіме айтты. Шыңғыстаудан келген ақсақалдар Шыңғысбай Түсіпов пен Жүнісбек Слямов, тассайлық Шапат Көбейұлы мен Кабдыкәрім Капсалямұлы, Ғалым Слямов, үржарлық ақын, саятшы Ерзат Шойтабан шежірені тарқатып, әңгімені өрбітті. Жүнісбек атаның Салбурынның тарихы туралы ұлы Мұхтар жазған «Абай жолындағы» суреттерін қызықты әңгімелеп берді. «Салбурынды 100 жылдан кейін жандандырып, отын жарқ еткізген – осы Көкпекті ауданының Тассайы мен Қалбатаудың Жарығы. Осыдан көрінген шырақ 2018 жылы Абай ауданында Құндыздыда лаулап жанып, жарығын көпке түсірді. Бүгінгі жиналған аңшылар мен саятшылардың көбі сонда болды. Бұл шоу емес, ойын емес – баяғы табиғи аңшылық. Аты жеткен соғады, тазысы бапты алады. Мұндағы мініс аттары да, ерткен тазылар да аңға шығып жүрген алғырлар. Ертеңгі Салбурын үш топқа бөлініп, коянды қағып, түлкіні ұрып, қасқырды соғып алатын кез» деп батасын берді абайлық аңшы Жүніс аға.
Отырыста Тана мырзаның да Алтайда, Қалбада жасаған саятшылығы туралы, жүйрік аты Ақтанау мен құмай тазысының да жөн-жосығы баяндалды. Осы орайда аймағымыздағы атақты аңшы Мейрам Ораловтың көк тазысының қызығы еске алынып, Қалихан Алтынбаевтың Мейрам Ораловқа арнаған көңіл айтуы да жыр болды. Аягөзден келген Арыстан есімді жігіттің әрбір аңның үнін салып, арқар боп азынап, жылқыдай кісінеп, қасқыр ұлуы мен түлкінің қыңсылын, тіпті тағы қыранның шаңқылын салғаны құлағы барларды таң-тамаша етті.
Әңгіме тарқатыла жастар жағы ақсақалдарын қаумалай қамқор бола қызмет көрсетіліп, қол жуылып, қонақтар кешкі асқа отырды. Ас үстінде бата беріліп, Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаиловтың Тассай ауылы азаматтарының сый-сияпаты жасалды.
Таң біліне тұрған көп саятшы тайдың суыған етімен, қымызбен ауқаттанып алып атқа отырды. Жүніс аға сәттілік тілеп, бата берді. Еспе суының қалың қамысты жағасына бір топ, Мысықұясы тауының қырқасына бір топ, алыстағы Арқарлы тауын көздей бір топ аттанды. Топтар шұбалаңқы шашырау емес, ықшам сергек екен. Тазылар иіс алып, желге тұмсықтарын тосып жосыла сырғитындай. Артық дыбыс, дауыс жоқ, әредік ысқырық естіледі. Салбурында бірінші қанжығасы майланған Алмас Ержақыпов, Айдос Айқынбаев, Мақсат Көбеновтей «мақаншылық үш қоңыр» болды. Олардың «Лашын» деген тазысы сұр қоянның атасын сәндеп басқан екен. Өскеменнен келген Бағлан аңшы мен семейлік Бекжан мырза аңшылықтың өздері білетін тәсілдерін осы Салбурында тамаша қолдана білді. Мұнан кейінгі Шыңғыстау серілері – Жүнісбек Слямов бастаған абайлық саятшылар Салбурынның қандай болатынын дәлелдеп, қанжығаларын майлады. Бұл аңшылықта аягөздік «Бозойлық бес төре» – Бақытбек Қомаев, Берік Кадиров, Ертай Дүрілдеков, Сырым Дүйсебаев, бозойдың айнытпай аң үнін салушы Арыстан аңды қуып, қайырады. Сол кезде Абай ауданындағы «Құрманбай» шаруа қожалығының бас жылқышысы Ерсін Назарбаевтың «Желтабаны» өзінен екі есе үлкен қоңыр аңды үш-ақ тартып қылжитады. Салбурын тікұшақпен қуып, автоматпен қыратын аяусыз қырғын емес, аңды да, алушыны да еркіне қойып, «қай жеңгенің» дейтін әділетті майдан. Аталарымыз аңды үркітіп, өзін көрсетіп «мен сені аламын» деп ұстайды екен.
Қос басындағы береке
«Тассайдағы аңшы жігіттер саятшылықты қайдан үйренді?» дегенде, есімізге Меделбек, Тойболат ағалар түседі. Олардың мергендігі, жүректілігі аңыз болып айтылады. Тарбағатай тауының аюын алып, қасқырын соғып жүрген аталарымыз тазы ит ұстауды балаларына ермек үшін үйретеді екен. Самарлық Нұрлан сері «Кезінде ит асыраған адамға күліп қарайтын да заман болды. Бала-шағаны асырағанша машинасына ит салып жүргені несі?» деген де кез болды. Енді міне, тазымызбен де мақтанамыз. Тіпті күшіктермен ойнаған Жантөре, Сырым, Шәкәрімдер де ұзаққа дейін ұйықтамай «енді бізге тазы әперіңдер» деп қиғылықты салған екен. Тассай ауылының азаматтары өткізген Салбурынның басты демеушісі «Самық» шаруа қожалығының басшысы Болатхан Әзімбаев «әке көрген оқ жонар» дегендей құралайды көзге атқан мерген Тойболат аға атына лайықты іс жасаған екен. Сонымен қатар ауылдағы ат құмар, тазы ұстайтын жігіттер ағайынды – Ғалым, Айдын, Азамат, Дидар, Аян Слямовтар, Зульфат Қайсанов, Ербол Смағұлов, Қуаныш Бүкенов, Медет Мұқышев, Тұрар Ноғайбаев, Талғат Қатпин, Аманжол Әзімбаев, Қанат Байбазаровтарда өз үлестерін қосып, септесіпті. Атақты Нығметжан сері Смағұловтың ұлы Ербол Смағұлов қасқа айғырымен айналасы 200 шақырым аумақты атпен аралапты. Көкжайық ауылынан Сырым Абетбаев, үлгімалшылық Самат деген досы екеуі қонақасына бір қой сойып жіберіп, жаубүйрек жасатыпты. Үлкенбөкендік ит жүгіртіп, ат баптайтын «Намыс» ұлттық ат спорты клубының жетекшісі Қайырлы Мағзұмов та мағыналы шараға торы атын терлетіп жеткен екен.
Салбурынға мінілетін аттар да ертеден даярланып, таңасырылып қойылған екен. Мініске аттардың майын берген мырзалар – Берік Тлебалдин, Әлібек Бүкенов, Көкжайық ауылынан Тілеубек Қарсақбаев пен Қанат Дүйсенбаев. Негізгі мініс аттарымен қамтамасыз еткен «Қалиханұлы» шаруа қожалығының бас жылқышысы Айдын Слямов.
Үш баланы Сезім, Сырым, Інжуді қарай жүріп, жары Сымбатты да аялай жүріп, көпшілікке қабақ шытпай жайнай күліп қызмет еткен қара қостағы ошақ иесі Ардақ қарындасымыз болды. Ардақтың жанында Тассайдағы айтулы бәйбіше Айжан, Тассайдың сұлулары, күміс көмей әншілер – қос Шынар. «Бұлар ұсынған шай екі есе дәмді, үш есе ыстық болады екен» дейді келген қонақтар. Салбурын тарқағанша тік тұрып қызмет еткен Берік Байгереев, Дастан Жүнісов, Мақсат, Берік, Назгүл есімді қызметкерлерге саятшы қауымның алғысы зор.
Еспе бойындағы ертегідей болған Салбурын сәтті аяқталды. «Енді махаббат мекені Аягөзде кездесейік» деп тарасты саятшылар.
Қайрат БЕСБАЙЫС
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы,
Тассай ауылы