Қала тұрғындары мен қонақтары үшін театр ұжымы корейлердің Қазақстанда өмір сүруінің 80 жылдығына арналған «Благословенны будьте навека!» театрландырылған қойылымын арнайы дайындады. Аталмыш қойылымның қоюшы режиссерлері – Надежда Ким мен Елена Ким. Бұл қойылымда корей театрындағы барлық жанр бір арнаға тоғысты: драмалық, вокалдық және хореографиялық өнер ортақ спектакльдің мазмұнын байыта түсті. Қойылым ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі корей халқының шырғалаңға толы бай тарихын көркем әрі тың тәсілмен баяндауды мұрат тұтқан. Театр әртістері ежелгі Кореяның кеңістікпен, дәстүрмен үйлесімді салты мен сұлулығын, одан әрі Қиыр Шығысқа қоныс аударғанын, жер аударылып келгеннен кейін қамқор пейілін көрсеткен қазақ халқына алғысын, соғыс жылдарының ауыртпалығы мен бүгінгі бақытты өмірді сахна тілімен келістіре көрсетеді. Сахналық көріністер бірінен кейін бірі ауысып, көрерменнің көз алдында корей этносының өмір тарихы талданады. Ұлттық костюмдер, актерлердің шынайы ойыны, вокалистердің ғажайып дауысы және хореографиялық композициялар залда отырған көрерменді бейжай қалдырмайды. Спектакль толық аншлагпен өтті. Әртістер корей халқының депортацияланған кезеңін көрсеткенде, тұла бойды шымырлатқан эпизодтар көрермендердің көңілінде ұмытылмас әсер қалдырды.
Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ Сик, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан корейлері қауымдастығы» Қамқорлық кеңесі төрағасының орынбасары Р.У.Ким, «Қазақстан корейлері қауымдастығының» Президенті С.Г.Огай сияқты құрметті қонақтардың әртістердің өнерін тамашалап, спектакль соңында толқыған көңілмен тік тұрып ризашылық білдіруін театр ұжымы «өз тарихы мен өнеріне көрсеткен құрметі» ретінде қабыл алғанын айтады.
Гастрольдік іссапар күндері Қарағанды облысы корейлерінің этномәдени бірлестігі өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті, ал бұл бірлестік пен театрды 20 жылдық достық пен ынтымақтастық байланыстырады. Қазақстан атты үлкен әрі тату отбасында өмір сүріп жатқан корей этносының өкілдері бір-біріне шығармашылық табыс, өсіп-өркендеу және бақ-береке тіледі.
АЛМАТЫ