– Кезінде аса жеңіл салмақта Одақтың бас боксшысы атанған қазақтың қолтоқпақтай ғана ұлы Кәрімжан Әбдірахмановтың спорттың бұл түрін таңдауына не түрткі болды? Көп жанкүйер осы сауалдың жауабын білгісі келеді...
– Барлығы да бала кезімде Серік Қонақбаевқа еліктеуден басталды. 1976 жылы КСРО-ның жастар ойындарында топ жарғаннан кейін Жамбыл бокс мектебі түлегінің атағы біраз жерге жайылды. Кейіннен ағамыз көптеген дүбірлі додада дараланып, басқа да биік белестерді бірінен кейін бірін бағындыра бастады. Даңқты жерлесіміздің осындай дәрежеге жетуі мыңдаған жас жеткіншектің бокс үйірмесінің табылдырығынан аттауға септігін тигізгені анық. Солардың қатарында біз де бармыз.
Мен де Жамбыл облысының түлегімін. 1964 жылдың жайма-шуақ көктемінде Байзақ ауданына қарасты Қызыл Ту ауылында дүниеге келдім. Өзімнің жора-жолдастарыммен бірге іргедегі облыс орталығына жиі қатынап тұратынмын. Барған сайын спорттың біраз түрінің басын шалатынбыз. Бірде мектебімізге «Қонақбаев келе жатыр» деген әңгімені құлағымыз шалып, барша жұрт атақты боксшыны асыға күтті. Аты аңызға айналған айтулы азаматты сол жерде алғаш рет көрдім. Өзі сымбатты әрі көрікті жігіт екен. Жиналған қауым алдында Серік ағамыз біраз тартымды әңгіменің тиегін ағытты. Жеңіске жету жолындағы жанкештілік пен жанқиярлық, өзің таңдаған кәсіпке деген адалдық, отаншылдық сезім мен патриоттық рух жайында ақтарыла сөйледі. Біз осы әңгіменің барлығын ұйып тұрып тыңдадық. Қоштасарда «Балалар бокспен шұғылдансаңдар, жаман болмайсыңдар!» деп жылы ғана жымиды. Сол кездесуден кейін менің санамда «Серік аға секілді боксшы боламын. Қалай да Қонақбаевтың деңгейіне жетемін» деген ой қылаң берді. Осылайша, көршінің ұлы Мұрат Ибрагимов алтыншы сынып оқып жүрген кезімде мені білікті бапкер Әмірхан Төленов жетекшілік ететін бокс үйірмесіне ертіп әкелді. Міне, менің спорттағы жолым осылай басталған еді.
– Алғашқы жеңістер спортшының жадында мәңгі сақталады дейді ғой. Өзіңіздің де тырнақалды жеңістеріңіз есіңізде шығар?
– Әрине, есімде. Бірақ мен қалалық және облыстық додаларда елеулі табыстарға қол жеткізсем де, біраз уақыт бойы республикалық деңгейдегі жарыстарға шыға алмай жүрдім. Себебі – салмағымның аздығы. Боксқа алғаш келгенімде небәрі 24 кило тарттым. Одан кейін де салмағым тым баяу өсті. Соның салдарынан талай жарыстан шет қалдым. Ақыры реті келіп, Қырғызстанның Жалалабад қаласына жолым түсті. Сол жердегі бүкілодақтық турнирде топ жардым. 1980 жылы Алматыда өткен Қазақстанның мектеп оқушыларының спартакиадасында дара шықтым. Осындай жеңістердің арқасында еліміздің жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Асқар Малқаров мені командаға қабылдады. Содан кейін түрлі оқу-жиындарына қатысып, шеберлігім әбден шыңдалды. Өз қатарластарымның арасында Қазақстан чемпионы, КСРО біріншілігі мен мектеп оқушылары спартакиадасының қола жүлдегері атандым. Шаршы алаңдағы менің тырнақалды табыстарым осылар.
– Жастар буыны арасындағы жарыстарда да қомақты табыстарға қол жеткізгеніңіз баршаға мәлім. Сол бәсекелерде сіздің басты қарсыласыңыз Қазақстанның тағы бір атақты боксшысы, өзіңіздің жерлесіңіз Рашид Кабиров болған деседі...
– Дәп солай. Екеуміз бір ауылдың тумасы екеніміз былай тұрсын, тіптен бір көшенің бойында тұрдық. Жақсы араластық, дос болдық. Әлі де сыйластығымызға сызат түскен жоқ. Рашид менен бір жас үлкен. Екеуміздің жолымыз үнемі республикалық және одақтық деңгейдегі додаларда қиысатын. Алғашқы кездер ол ұтып жүрсе, кейіннен менің асығым алшысынан түсті. Кезінде Кабировтың да өте мықты боксшы болғанын жұрт жақсы біледі. Ол – Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, КСРО чемпионатының қола жүлдегері. Рашид Кабировтай қарымды жігітпен иық тіресе жүріп, менің де шеберлік деңгейім артты.
– Алғашында Әмірхан Төленовтен тәлім-тәрбие алғаныңыз жайында жоғарыда айттыңыз. Ал даңқты Серік Қонақбаевтың жеке бапкері Юрий Цхайдың қол астында қай кезден бері жаттыға бастадыңыз?
– Бұл да бір қызық хикая. 1982 жылы жастар арасындағы Еуропа біріншілігі қарсаңында өткен спаррингте мен Рашид Кабировтан басым түстім. Содан Германияға баруым керек еді. Оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқан кездердің бірінде Юрий Цхай маған келіп, жолымды өз шәкіртіне беруді өтінді. Мен ол кісіге «Жолымды берейін. Бірақ менің де бір өтінішім бар. Алдағы додаларға сіз мені баптаңыз» – деп жауап қайтардым. Даңқты бапкер: «Алдымен өзіңнің жеке жаттықтырушыңмен ақылдас. Ол рұқсат берсе, мен қарсы емеспін», – деді. Жаны жайсаң Әмірхан аға бар жағдайды түсінді. Барлығымыз үлкен бір дастарқан басында ақылдаса отырып, ортақ мәмілеге келдік. Сөйтіп мен Цхайдың қарамағына өттім.
– Жасөспірімдер мен жастар арасындағы талай дүбірлі додада жүлде алғаныңыз туралы біраз әңгімеледіңіз. Енді ересектер дуына қалай қосылғаныңыз жайында айтып берсеңіз?
– Қазақстанның жастар құрамасында Әбдірашид Әбдірахмановтың және КСРО командасы сапында Константин Копцевтің қол астында жаттығып, әбден ысылдым. Басқасын айтпағанда, белтемірде 100 рет тартылып, 300 рет «отжимание» жасайтындай жағдайға жеттім. Бір сөзбен айтсақ, физикалық даярлығым өте күшті болды. Осындай мектептен өткеннен кейін ересектер дуына қосылу айтарлықтай қиындық туғыза қойған жоқ. Бұл ретте алғашқы рет 1982 жылы Чехословакияға сапар шектім. Устье над Лабье қаласында өткен аса ірі халықаралық турнирдің жартылай финалында Венгрияның жас жұлдызы, кейіннен Сеул Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Роберт Ишасегиді бірінші раундта ұрып-жықтым. Финалда румыниялық Мариан Ротаруды бәсекенің басынан аяғына дейін қуып жүріп сабап, 5:0 есебімен жеңіске жеттім. Тағы бір жауапты жарыс қарсаңында ұйымдастырылған спаррингте Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы Шәміл Сабировтан басым түстім. Осы жеңістерімнің куәсі болған бас бапкер Артем Лавров мені КСРО құрамасына қабылдады. Соның арқасында АҚШ пен КСРО құрамалары арасында өткен екі бірдей матчтық кездесуде күш сынасу құрметіне ие болдым.
– Егер қателеспесем, алғаш рет ересектердің КСРО чемпионатына қатысқан кезде-ақ жеңіс тұғырына көтерілдіңіз емес пе?
– Иә, солай. 1983 жылы КСРО халықтары спартакиадасы мен чемпионаты бірге өтті. Мәскеуде жалауы желбіреген жарыста үшінші орынға табан тіредім. Негізі, жартылай финалда армениялық Артур Димаксянды ұтқан едім. Алайда төрешілер бұра тартып, қарсыласымның қолын көтерді. Десек те алғаш рет осындай ірі додаға қатысып отырған бозбала үшін осының өзі үлкен жетістік еді. Ал 1984 жылы Ташкентте ұйымдастырылған Одақ біріншілігінің дәл сол межесінде екеуіміздің жолымыз қайта қиысты. Сол жекпе-жекте жақсылап тұрып Димаксянның сазайын берген едім. Финалда Ншан Мунчянды жеңіп, КСРО чемпионы атандым. Бір қызығы, аса жеңіл салмақта жеңіс тұғырына көтерілген төрт боксшының үшеуі армян жігіт еді. Атап айтсақ, Ншан Мунчян – күміс, Артур Димаксян мен Лерник Папян – қола медаль алды. Ал сол Қап тауы қырандарының барлығынан қазақ оғыландарының тұғыры биік болды (кейіпкеріміз құштарлана күлді). Ал ең бастысы, Ташкент төрінде өзім пір тұтқан Серік Қонақбаевпен бірге, Серік Нұрқазов пен Асылбек Қилымов та алтын медальды мойындарында жарқыратты.
– Тарихқа жүгінсек, аса жеңіл салмақта күш сынасқан Қазақстанның боксшылары арасынан КСРО-ның тұңғыш чемпионы сіз екенсіз...
– Айтулы жарыста алдымыздағы ағаларымыздың біразы жеңіс тұғырына көтерілгені мәлім. Жандос Көкімов, Василий Плакущий, Марат Жақсыбаев, Берік Жаманқұлов сынды саңлақтар күміс пен қола медальдарды мойындарына ілді. Ал бас жүлдені олжалау бақыты маған бұйырған екен. Әлі есімде, мен КСРО чемпионы атанғанда кезінде 48 кило салмақ дәрежесінде атой салып, өрелі өнерлерімен талай көрерменді қуантқан Жанос Көкімов пен Болат Сағындықов ағаларымыз дәл өздері алтын алғандай қатты қуанған еді.
– Жер шарының алтыдан бір бөлігін бауырына басқан алып империяның басты додасында төрт бірдей қазақ жігіті алтын тұғырда марқайып тұрғанда, барша Қазақстан халқы мен Алаш жұртының абыройы асқақтап, мерейі өскен еді. Сол сәтте сіз де Олимпия ойындарында атой салуды армандаған боларсыз?
– Мәскеудегі жарыста бас жүлдемен қатар, сол жылы Лос-Анджелесте алауы тұтануға тиіс Олимпия ойындарының да жолдамасы да уысымызға түскенде ерекше шаттандық. Төртжылдықтың басты додасына «төрт қазақ қол ұстасып баратын болды» деп барша жұрт қуанды. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Содыр саясаттың салдарынан Олимпиаданың басталуына бір ай ғана уақыт қалғанда Америкаға бармайтынымыз белгілі болды. КСРО бастаған социалистік бағыттағы мемлекеттер бойкот жариялған екен. Оған біз қатты күйіндік, ашындық. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Ал Олимпия ойындарында біздің жігіттерден сан мәрте таяқ жеген өзге елдің өкілдері бірінен кейін бірі жеңіс тұғырына көтерілгенін көргенде, өкініштен өзегіміз өртенді.
– Есесіне социалистік бағыттағы мемлекеттердің басын қосқан «Достық» ойындарына қатысып, күміс медальды олжаладыңыз. Сол жарыста жеңіп алған жүлде сәл болса да көңіліңізді көтерген шығар?
– Гаванада өткен жарыстың да деңгейі өте жоғары болды. Сарапқа салынған 12 бас жүлденің 11-ін кубалықтар олжалады. Бір алтынды неміс боксшысы еншіледі. Серік Нұрқазов екеуміз күміс медальды иеленсек, Серік Қонақбаев үшінші орынға табан тіреді. Бірақ Олимпиаданың жөні бөлек қой. Бәрібір көңілде бір кірбің қалды. Десек те Бостандық аралында қызықты оқиғалар аз болған жоқ. Сол жерде даңқты революционер Фидель Кастромен бетпе-бет кездесудің реті келді. Куба көсемінің өз аузынан қазақтың батыры Бауыржан Момышұлын ерекше құрметтейтінін естігенде, кеудемізді айрықша бір мақтаныш сезімі кернеді.
– «Достық» жарысында жүлде алғандардың барлығына КСРО-ға еңбек сіңірген спортшы атағы берілген екен. Сол атақ жалғыз сізге ғана бұйырмады. Неге?
– Ол жағы маған да белгісіз. Кубадан оралғаннан кейін «Достық» ойындарында атой салған саңлақтар «Тарас Бульба» кемесіне мініп, Одессадан Болгарияның Варна қаласына аттанды. Қара теңіз жағалауында 15 күн бойы сауықтыру жиыны өтті. Сондай шуақты күндердің бірінде салтанатты жиын ұйымдастырылып, Бостандық аралында жүлде алғандардың барлығына КСРО-ға еңбек сіңірген спортшы атағы берілді. Сол жерде тек менің есімім аталмай қалды. Сөйтсем, осы іске жауапты азаматтар менің құжаттарымды тиісті мекемеге өткізбепті. Бұл қасақана түрде жасалған әрекет екені түсінікті. Барлық пәле өзгелерден емес, өзімізден келді. Осылайша, барлық спортшы қуанып жатқанда, мен елге көңілі құлазыған күйде оралдым.
– Сонда сол атақ сізге мүлде бұйырмады ма?
– Бұйырмады. КСРО құрамасы сапында өнер көрсетіп жүрген кезімде жарыстар мен жиындардан қолым бір босамады. Ал спорт саласының тізгінін ұстаған басшылардың бұл іспен айналысуға зауқы соқпады. Содан Кеңес Одағы келмеске кетті. Әйтеуір, арағы 26 жыл өткенде әділдік орнады. 2012 жылы Қазақстанға еңбек сіңірген спортшысы атағы маған табыс етілді.
– 1985 жылы қос бірдей байрақты бәсекеден олжалы оралдыңыз. Будапештте өткен Еуропа чемпионаты мен Сеулде ұйымдастырылған әлем кубогында қола медальді иелендіңіз. Осы жарыстарда бас жүлде үшін таласуға не кедергі болды деп ойлайсыз?
– Будапешттегі біріншіліктің бастапқы бәсекелерінде қарсыластарымды айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалда германиялық Рене Брайтбартпен күш сынастым. Оны екі рет нокдаунға жібергенімен, өзім екі рет ескерту алдым. Нәтижесінде жеңіс неміс боксшысының уысында кетті. Сеулде таиландтық Шупап Воондордқа есе жібердім.
– Одан кейінгі жылдары тағы қандай белестерді бағындырдыңыз? Жалпы Сеул Олимпиадасына қатысуға мүмкіндігіңіз болды ма? Соны білейін дегенім ғой...
– 1986 жылғы КСРО чемпионатында қола медальді иелендім. Ширек финалда Юрий Арбачаковтан айламды асырып, жартылай финалда Ншан Мунчянды сабадым. Алайда төрешілер ұзаққа дейін кеңесіп, ақыры ешкімнің қолын көтермеді. Екеуіміз екі жаққа кеттік. Бұл жерде бір шикіліктің барын менің ішім сезді. Ертеңінде армениялық боксшы ақтық сында мәскеулік Александр Махмудовпен айқасты. Сол жылы Мәскеде алауы тұтанған Ізгі ниет ойындарында күміс медальді еншіледім. 1987 жылы КСРО кубогында бас жүлдені олжалап, 1988 жылы КСРО чемпионатында қола медальді иемдендім. Осы жарыстарда топ жара алмағандықтан, Олимпия ойындарынан шет қалдым.
– Сеул Олимпиадасына да жолыңыз түспегеннен кейін шаршы алаңнан мүлде көрінбей кеттіңіз ғой...
– Әділетсіздік атаулы менің жолымда көп кездесті. Көп жағдайда қарсыластардан емес, төрешілерден «таяқ жедім». Біздің кезімізде аса жеңіл салмақта ішкі жарыстың өзінде бәсекелестік өте күшті болды. Шәміл Сабиров, Рашид Кабиров, Ншан Мунчян, Артур Димаксян, Лерник Папян, Юрий Арбачаков, Александр Махмудов, Сергей Юн, Анатолий Филиппов, Рудик Казанджян, Кенешбек Дүйшеев, Шайбек Қарағазиев... қай-қайсын алсаңыздар да мықты боксшылар. Алды – Олимпиада мен әлем чемпионаттарын ұтса, қалғандары кемінде КСРО біріншілігінде жүлдегерлер қатарына қосылды. Әр жылдары мен осылардың барлығын да ұттым. Кейіннен Мунчян мен Александр Махмудовтың тасы өрге домалады. Әлемдік деңгейдегі додаларға екеуі алма-кезек барып жүрді. Сеулдегі ойындар қарсаңында өтетін оқу-жаттығу жиындарында өзімнің мықтылығымды сан мәрте дәлелдедім. Армениялық боксшымен «жан алысып, жан берісіп» айқассақ, Ресей өкілінің екі аяғын бір етікке тығатынмын. Алайда құрама бапкерлерінің іштері маған бір жылымай-ақ қойды.
– Үлкен спортан қол үзген екі жыл аралығында немен шұғылдадыңыз?
– Ол кездері ҚазМУ-дің заң факультетінің студенті едім. Оқуымды жалғастырып, қолыма диплом алдым. Бар бітірген шаруам сол.
– 1990 жылы Луцкідегі КСРО чемпионаты есімізде. Шаршы алаңға қайта оралған Кәрімжан мықтыларды сыпыра ұтып, күллі қазақ жанкүйерлерін тағы бір қуантты...
– Оның да өз тарихы бар. 1989 жылы жақын досым Тілеуғазы Сексенбаев және тағы бірнеше жігіт КСРО чемпионатын көру үшін Бішкекке сапар шектік. Барлық бәсекені басынан аяғына дейін тамашаладық. Аса жеңіл салмақта Ншан Мунчян топ жарса, Александр Махмудов күміс алды. Қырғызстанның қос боксшысы үшінші орынға жайғасты. 51 кило салмақ дәрежесінде болашақ әлем және Еуропа чемпионы, кәсіпқойлар арасында ең белді нұсқалар бойынша көптеген алтын белбеуді иеленген Юрий Арбачаковқа тең келер ешкім табылмады. Осының бәрін көрген Тілеуғазы: «Кезінде осы жігіттердің барлығы да Кәрімжаннан таяқ жеген еді. Ал қазір олар – жұлдыз, ал сені жанкүйерлер ұмыта бастады», – деп тіл қатты. Досымның осы бірауыз сөзінен кейін мен кәдімгідей ойланып қалдым. Шаршы алаңға қайта оралуға бекіндім. Несі бар, қартайып тұрғаным жоқ. Жасым небәрі 26-да. Күш-қуатым бойымда. Өзім қатарлы, тіптен менен де ересек жігіттер жұдырықтасып жүр ғой. Олардан қай жерім кем? Осылай ой түйіндедім де, Алматыға оралған бетте қайта жаттығу залына беттедім.
– Ұзаққа созылған үзілістен кейін бабыңызға қайта келу қиын болған жоқ па?
– Ол кезде салмағым 65 килоға жетіп қалған. Мен үшін ең қиыны осы болды. Артық салмақтан арылу үшін жанымды салып жаттықтым. Күнде Медеуге жүгірдім, сағаттап моншада буландым, спорт залында аянбай тер төктім. Шыны керек, көпті көрген кәнігі мамандардың өздері алғашында маған күле қарады. Ешкім сенбеді. Бірақ мен алған бетімнен қайтпадым. Жанкешті жаттығулардың арқасында салмағым ретке келді. Содан соң елішілік іріктеу жарысында дара шықтым. Жолдамаға иелік еткеннен кейін Луцкіге аттандым. Айтулы жарыста барлық жекпе-жекте жеңіске жетіп, финалда читалық Анатолий Филиповтан басым түстім. Сөйтіп КСРО-ның екі дүркін чемпионы атандым. Ал 1991 жылы қазанда өткен Одақ біріншілігінде қола медальды еншіледім. Сөйтіп, 27 жасымда былғары қолғабымды шегеге ілдім.
– Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін бірден бапкерлік қызметті таңдадыңыз ба?
– 1992-1999 жылдар аралығында аса ауыр салмақта жұдырықтасқан өзімнің досым әрі жерлесім, КСРО чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, бірқатар халықаралық жарыс пен КСРО-АҚШ матчтық кездесудің жеңімпазы Серік Өмірбековті жаттықтырдым. Ол Қазақстан чемпионаты мен Галледегі аса ірі турнирдің биік тұғырына көтерілді. 1997 жылы әлем чемпионатында ширек финалға дейін жетті. Иә, ол досымның әлеуеті өте зор, жүрегінің түгі бар еді. Өзі сұсты, соққылары да өте ауыр. Оған қарсы шыққандардың ешқайсысы ашық айқасқа бармайтынына дүйім жұрт куә. Барлығы Серіктен сескенетін. Бірақ Өмірбековтің де жолы ауыр болды. Ол да талай жауапты жарыстан шеттетіліп, шаршы алаңдағы өз несібесін толықтай ала алмай кетті. Содан спорттан қол үзді. Ал мен жаттықтырушылықпен қатар, қазылық қызметті де атқардым. АИБА төрешісі және Қазақстанның ұлттық командасының бапкерлер штабында болдым. Қазіргі кезде Алматы қаласында орналасқан «Шаңырақ» шағын ауданындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта еңбек етіп жүрмін.
– Әңгімеңізге рахмет.