Аймақтар • 11 Қазан, 2019

Алматыда «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелігіне алғашқы сайлау өтеді

241 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы биыл Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшелігіне алғашқы кандидаттарын сайлайды. Қанатқақты жоба жүзеге асырылғаннан кейін ҰКП осы тәжірибені республика бойынша өңірлік палаталарға таратуды жоспарлап отыр.

Алматыда «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелігіне алғашқы сайлау өтеді

«Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, өңірлік кеңестің мүшелері Съезд бекіткен тәртіппен кәсіпкерлік субъектілері атынан делегаттарының тікелей дауыс беруі арқылы сайланады. «Атамекен»ҰКП қалыптасуы кезеңінде белгілі бір бизнесменнің қоғамдағы беделі және оның бизнесінің салалық маңызын еске ала отырып, өңірлік кеңестің құрамын қалыптастыру орынды болмақ. ҰКП Съезінің 2018 жылғы 21 маусымдағы шешіміне сәйкес, өңірлік кеңес мүшелерінің сайлауы Қазақстан Республикасының ҰКП Төралқасы шешімімен үш жыл ішінде жүргізілуі керек.

Алайда, осы жылдың 28 тамызында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері ортақ уағдаластық негізінде өзін-өзі таратуға шешім қабылдап, өңірлік кеңес мүшелігіне кандидаттар сайлауын өткізуді ұсынды.

Алматы қаласы өңірлік кеңесінің шешімін, сондай-ақ Алматыда басқа қалалармен салыстырғанда отандық компаниялар саны басым (барлығы 186 000 кәсіпкерлік субъект жұмыс істейді) екендігі ескеріле отырып, ҰКП өңірлік кеңес мүшелігіне кандидаттарды сайлауды пилоттық режимде Алматы қаласында өткізу жөнінде шешім қабылдады. Содан кейін ҰКП Төралқасы шешімі бойынша алматылық тәжірибе бүкіл республикаға таралатын болады.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелігіне кандиттардан өтінім қабылдау осы жылдың қараша айынан басталады. Осы күні «Атамекен» ҰКП ресми сайтында және ресми аккаунттарында үміткерлерді тіркеуге арналған сілтеме жарияланады.