Парламент • 11 Қазан, 2019

Сенатор Ерболат Мұқаев ТМД ПАА отырысына қатысты

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Ерболат Мұқаев ТМД ПАА Мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысына қатысты. Бұл туралы Парламент-Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенатор Ерболат Мұқаев ТМД ПАА отырысына қатысты

Отырысқа қатысушылар комиссия қарауында әзірленіп жатқан құқықтық үлгі құжаттардың жобаларын қарады. «Трансшекаралық ақпарат алмасу кезінде электрондық нысанда нотариаттық іс-қимыл жасау туралы» және «Әлеуметтік туризм туралы» үлгі заң жобалары тұтастай мақұлданды. Комиссия мүшелері осы заң жобалары туралы мәселелерді парламенттік делегациялардың талқылауы үшін ТМД ПАА кезекті жалпы отырысының күн тәртібіне енгізу туралы ТМД ПАА Кеңесіне өтініш жасауға шешім қабылдады.

Отырысқа қатысушылар «Цифрлық даму туралы» үлгі заң жобасының жұмыс барысын талқылай келіп сараптамалық қорытынды алу үшін оны Достастықтың байланыс саласындағы аймақтық Атқару комитетіне, ТМД ПАА – АБД Сараптау кеңесіне және басқа да мамандандырылған ұйымдарға жіберу туралы қаулы қабылдады.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мәдени мұра объектілерін сақтау туралы конвенциясының жобасы комиссия отырысында айтылған ескертулер мен ұсыныстарды енгізу және ТМД ПАА Кеңесінің отырысына шығаруға түпкілікті дайындау үшін әзірлеушілерге жіберілді.

Сондай-ақ комиссия мүшелері 2016-2020 жылдарға арналған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы үлгі заң шығарудың келешектегі жоспарының орындалу қорытындыларын; Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы 2020-2022 жылдарға арналған үлгі заң шығарудың келешек жоспарына ұсыныстарды; Комиссияның бастамасы бойынша ТМД ПАА қабылдаған үлгі заңнамалық актілерді пайдалану туралы және Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің заң шығару қызметі туралы ақпараттарды және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.