Аймақтар • 11 Қазан, 2019

Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастығы тасымалдаушылардың мәселелерін тыңдады

580 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Автобус» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов Рудный қаласында жолаушылар тасымалы кәсіпорындарының өкілдерімен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. Бұл туралы ПД баспасөз қызметі хабарлады. 

Қостанай облыстық Полиция департаментінің бастығы тасымалдаушылардың мәселелерін тыңдады

Облыстың бас полицейі кеншілер шаһарына жасаған сапар барысында жергілікті полицияның фронт-кеңсесінде азаматтарды жеке қабылдап, «Қостанай автовокзалы» ірі автокәсіпорнына барды. Бұл кәсіпорында 200 жүргізуші жұмыс істейді. Олар тек облыс ішінде ғана емес, сонымен қатар, одан тыс жерлерге де тасымалдайды. Кәсіпорын басшысы Ботагөз Бопатаева бүгінгі таңда бұл салада екі үлкен мәселе бар екенін айтты. Ол – заңсыз тасымалдаушылар мен техникалық тексеру сапасы.

- Бізде 200 автобус бар. Өткен жылы қоғамдық көлікті техникалық тексеру үшін сапалы жабдықтар сатып алынды. Бізде кез келген көлік техникалық байқаудан өте алады. Бірақ бүгіндері осындай қызметті ешқандай тексерістен өткізбей, «ватсап» арқылы сататындар пайда болды. Көптеген адам лицензия алады, автобустың қай жерге баратынын айтпағанда, қажетті жабдықтары жоқ. Бұл ретте техникалық байқаудан өткендігі туралы талон беріледі, - деді Б.Бопатаева.

Кәсіпорын басшысының бұл сөзін кездесуге келген жүргізушілер де қостады. Б.Аймағамбетов кәсіпорында жасалған жағдайларды қарап шығып, шын мәнінде мұнда көлікті тексеру шұңқырлары, арнайы жабдықтар бар екеніне көз жеткізді.

- Егер қоғамдық көліктер осындай техникалық байқаудан өтсе, көптеген мәселе шешілер еді. Бүгін елімізде бірнеше ірі жол-көлік оқиғасы болды. Біз көліктік бақылау өкілдерімен бірлесе отырып, барлық жүргізуші көліктің техникалық жағдайын сапалы тексеруден өткізу тетіктері туралы мәселені пысықтап жатырмыз, - деп атап өтті полиция генерал-майоры.

Департамент басшысымен өткен кездесуде жүргізушілер тағы бір проблеманы көтерді. Бұл – заңсыз тасымалдаушылар. 46 жыл автобус тізгінінде келе жатқан Владимир Бублик тасымалдаумен айналысатын такси жүргізушілері, сондай-ақ, автобус жүргізушілері жылына екі рет техникалық байқаудан өтуге міндетті екенін атап өтті. 6 қазанда Қостанайда такси көлігі жанып, жүргізуші зардап шекті. Көбіне таксилер ақшаны ойлап, қауіпсіздікті естен шығарады дейді ол.

- Біз такси жүргізушілердің автовокзалға кіріп, жолаушыларды жинайтынын көріп жүрміз. Қазірдің өзінде Қашар кентіне баратын автобусты тоқтаттық, өйткені пайда жоқ. Сонымен қатар біздің автобустарға үнемі техникалық бақылау жүргізіледі, - деді жүргізуші.

Бекет Аймағамбетовтің айтуынша, бұл мәселе бұрыннан бар.

- Мен Қостанай ауданында азаматтарды қабылдадым, сол жерде тасымалдаушылар маған шағымданып, наразылықтарын білдірді. Жергілікті полиция қызметі аталған мәселелерді тексеру үшін рейдтер өткізуде, - деп атап өтті ПД бастығы.

Бекет Аймағамбетов атап өткендей, облыста «Автобус» жедел алдын алу іс-шараларының бірінші күні автобус жүргізушілерінің 97 бұзушылығы анықталды, оның ішінде көліктің техникалық жағдайына байланысты 6 бұзушылық тіркелген.