Руханият • 12 Қазан, 2019

«Бала дауысы» ән байқауының аймақтық іріктеу кезеңі аяқталды

561 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл «Бала дауысы» балалар ән байқауының төртінші маусымы 24-26 қазан күндері Алматыда мәреге жетеді.

«Бала дауысы» ән байқауының аймақтық іріктеу кезеңі аяқталды

 

Ал Алматы қаласының намысын М.Әуезов атындағы №128 мектептің 5 сынып оқушысы Мирас Максимов қорғайтын болды. 120 қатысушының ішінен озық көрінген жас өрен енді ақтық сайысқа жолдама алып отыр.

Республикалық, халықаралық байқаулардың Гран-при иегері, «Ғұмыр-дария» байқауының жүлдегері, «Нұрлы жастар», «Күншуақ», «Дара бала» жобаларының қатысушысы Мирас Максимов еліміздің барлық аймақтарында 28 наурыздан бастап жүргізілген ең ауқымды және танымал «Бала дауысы» балалар ән байқауына қатысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанды.

«Бұл мектебіміздің мақтанышы, жарық жұлдызы десек те болады. Бұл баладан үмітіміз өте зор. Қала бойынша «Бала дауысы» байқауының финалисі болып отыр. Түгел ұжым болып, оқушыларымызбен бірге жанкүйер ретінде Максимді қолдауға барамыз», – деді Алматы қаласы М. Әуезов атындағы № 128 мектеп директоры Жаннат Есдәулетова.

«Балама тек сәттілік тілеймін. Әрине, қобалжу үстіндеміз. Тек Мирас қана емес, ұстазы да, мектеп те, ата-анасы да толқып жүрміз. Өйткені бұл жерде жалғыз Мирастың не отбасының ғана емес, мектебінің, ұстаздарының, жалпы Алматы қаласының намысы тұр. Алматы – алып шаһар. Қала атынан шығатын болғандықтан, бізге артылатын жүк те ауыр», – деді М. Максимовтың анасы Жанат Зинешова.

«Мираспен жұмыс істеудің өзі өте қызық. Ол музыкаға толығымен беріледі. Ән айтқан кезінде жанданып кетеді. Өзінің ерешке идеялары бар, әрдайым жаңашылдыққа талпынып тұрады. Мирас осыдан екі жыл бұрын вокалға қатыса бастады, сол кезден бері «Бала дауысы» байқауына барсам деп армандайтын, дайындалып, асыға күтетін. Биыл міне, сәті түсіп, осындай үлкен деңгейдегі сайысқа жолдама алып отыр», – деді М. Максимовтың вокалдық жетекшісі Әсия Тұрғанбаева.

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының қолдауымен өтетін Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоғамдық қорының авторлық жобасы – «Бала дауысы» Ұлттық балалар ән байқауының төртінші маусымы 24-26 қазан күндері Алматы қаласында аяқталады. Ақтық сайыста елдің әр аймағынан келетін тағы 16 жас дарын бақтарын сынайды. Ұлттық өнер институтында білім алу гранты мен Диснейлендке саяхатты ұтып алатын Гран-при иесін әділ қазылар алқасы мен телекөрермендер таңдайды.

 

АЛМАТЫ