Спорт • 14 Қазан, 2019

Галбадрах болмаса қайтер едік?!

1509 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осыдан бірер күн бұрын «Egemen Qazaqstan» газе­тінде (№195, 9 қа­зан, 2019 жыл) «Әлемдік рей­тингтің үздіктер са­натында үш өре­німіз бар» атты көлемді мақала жа­рық көрді. Ол жерде біз отандық дзюдоның даму барысын тілге тиек ете отырып, қа­зіргі кезде ерлер сайысында қай мемлекеттің кө­ші ілгері еке­ніне кеңінен то­қ­тал­дық. Ал бүгінгі әңгі­ме­міздің өзегі – әйел­дер дзюдосы.

Галбадрах болмаса қайтер едік?!

Бірден айта кетейік, Қазақстанда әйелдер дзюдосының даму қарқыны тым баяу. Өткенге зер салсақ, бұрым­дыларымыз Олимпия ойындары тарихында небәрі бір мәрте және әлем чемпионаттарында екі рет қана жеңіс тұғырына көтерілді. Бұл жүлделердің барлығы да жалғыз Отгонцэцэг Галба­драхқа тиесілі. 2015 жылы Қазақ еліне Моңғолиядан қоныс аударып келген қыз айналдырған төрт жыл аралығында қомақты табыс­тарға қол жеткізді. Атап айтсақ, Рио Олим­пиадасы (2016 жыл) және Буда­пешт (2017 жыл) пен Бакудегі (2018 жыл) дүниежүзілік додаларда қола медальды олжалады. Одан бөлек, Азия чемпионы (2016 жыл) атанып, сол жарыстың күміс жүлдесін (2017 жыл) мойнына ілді. Дүниежүзілік Уни­версиада (2017 жыл) мен Азия ойын­дарында (2018 жыл) үшінші сатыға табан тіреді. Осылайша моңғол қызының арқасында еліміздің әйелдер күресі біраз еңсе тіктеп қалған еді.

Ең өкініштісі, өзге жерлестеріміздің Отгонцэцэг Галбадрахтың жеңісті жо­лын жалғастыруға күш-жігері жет­пей жүр. Қазіргі кезде әлемдік рейтингте «ТОП-10» дзюдошының қата­рына Қазақстаннан тек 27 жастағы Гал­бадрахтың ғана енуі жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі. 48 кило салмақ дәрежесінде белдесіп жүрген балуандар арасында ол жетінші орында тұр. Қоржынында 4255 ұпай бар. Егер алдағы екі-үш жарыста табысты өнер көрсететін болса, онда Отгонцэцэгтің бүгінгі нәтижесін одан әрі жақсартып, тіптен үздік үштік­тің қатарынан көрінуге де тамаша мүм­кіндігі бар.

Ал Қазақстан ұлттық құрама командасы сапындағы өзге қыздардың аяқалысы жайында әңгіме қозғалса, жанарымызбен жер шұқитындай жағ­дайдамыз. Мәселен, Отгонцэцэг Галбадрахтан кейінгі тәуір нәтиже Севара Нышанбаеваға тиесілі. 57 кило салмақта күш сынасатын отандасымыз әлемдік рейтингте 35-орынды иеленуде. Бұл, әрине көңіл көншітерліктей көрсеткіш емес. Тізімге одан әрі үңіл­сек, Зарина Райфованың (75 кило) – 38, Гүлжан Исанованың (+78 кило) – 42 және Камила Берліқаштың 45-орында тұрғанын байқаймыз. Одан кейінгі балуандардың есімдерін атаудың да қажеті жоқ-ау. Олардың көрсеткіштері тіптен төмен.

Иә, дәп осы өгіз аяң жүріс, баяу қар­қынмен алысқа бармайтынымыз анық. Келесі жылы Токио Олимпиадасында Қазақ елінің намысын жалғыз ғана Галбадрах қорғауы мүмкін. Егер өзге қыздарымыз жолдамадан қағылып, төртжылдықтың басты додасынан шет қалса, таңданатын түгі жоқ. Себебі бүгінгі таңда Қазақстандағы әйелдер дзюдосының деңгейі осындай.

Әйелдер дзюдосының даму қарқы­ны жайында айтсақ, қазіргі кезде Франция құрама командасының төрт бірдей мүшесі әлемдік рейтингте жеке-дара көш бастап тұр. Олар – Аман­дин Бюшар (52 кило), Кларисс Агбеньену (63 кило), Мари-Ив Гайе (70 кило) және Маделина Малонга (78 кило). Осы мықтылардың арасындағы ең атақтысы – 25 қазанда 27 жасқа толғалы отырған Агбеньену. Ол – Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы. Гайе мен Малонга биылғы дүниежүзілік додада дара шықты. Бюшар да «қара жаяу» емес. Оның әлем біріншілігінде екі рет жүлдегерлер санатына қосылып, қарт құрлықтың теңдессізі атанғанын жанкүйерлер жақсы біледі. 

Аса жеңіл салмақтағы Дария Било­дидтің теңдессіз өнері мен орасан зор табысына таңданбау да, тамсанбау да мүмкін емес. Былтыр Бакуде бас жүлдені олжалаған бойжеткеннің есімі ең жас әлем чемпионы ретінде дзюдо күресі тарихына алтын әріптермен жазылды. Украина балуаны бұл белесті небәрі 17 жасында бағындырды. Биы­л Билодид сол нәтижесін Токиода қай­талады. Қарсы келгендерді алып та, шалып та жығып, алтын тұғырдан қол бұлғады. Одан бөлек, ол Еуропа чемпионаты мен Еуропа ойындарында алдына жан салмады. Қазіргі кезде Дария өз салмағында дара тұр.

57 кило салмақ дәрежесінде 29 қа­занда 24 жасқа толғалы отырған канадалық Криста Дегучидің қарқыны күшті. Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі былтырғы әлем чемпионатындағы қо­ла медалін биыл алтынға алмас­тыр­­ды. Токиодағы тартыста өз қар­сы­лас­тарының барлығын күмәнсіз ұтты. Ал аса ауыр салмақта Идалис Ортиске тең келер ешкім жоқ. 30 жас­тағы Кубаның мақтанышы Олимпиада (1 алтын+1 күміс+1 қола) мен Панамерика ойын­дарында (3 алтын) үш реттен және әлем чемпионатында жеті мәрте (2 ал­тын+2күміс+3 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Ортис 2007-2019 жылдар аралығында қатарынан 14 жыл бойы Панамерика біріншілігінде қарсылас шақ келтірген жоқ.

Әлемдік рейтингте «ТОП-10» дзюдошының қатарында Күншығыс елі өкілдерінің қарасы мол. Жапонияның 15 спортшысы үздіктер санатында. Екінші орында – Франция құрамасы. Олардың бес балуаны сол белестен көрінуде. Үшінші – алтыншы орындарды Бразилия, Германия, Голландия және Косово командалары өзара бө­лісуде. Сол елдердің әрқайсысының төрт-төрт балуаны алдыңғы лекте. Иә, алғаш аталған үш мемлекеттің осындай көрсеткішке қол жеткізуі заңды. Өйткені оларда мықты бапкерлік мектеп те, жеңіспен өрілген бай дәстүр де бар. Ал небәрі 2 миллионға жетер-жетпес халқы бар, тәуелсіздік алға­нына 11 жылдан енді ғана асқан ша­ғын ғана Косово дзюдошыларының бү­гінгі таңдағы табысына таңданбау мүмкін емес.

Сондай-ақ Канада, Ұлыбритания, Словенияның – үш, Украина, Моңғо­лия, Ресей, Испания, Израильдің – екі, Аргентина, Қазақстан, Сербия, Бель­гия, Швейцария, Мажарстан, Аус­трия, Аустралия, Швеция, Пуэрто-Рико, Куба, Черногория, Әзербайжан, Беларусь және Оңтүстік Кореяның бір балуанын үздік ондықтың қатарынан кезіктіруге болады.