Жақында геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай Баянауыл аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық жыр мүшәйрасы өтті.
Екі ай уақытқа созылған жыр бәйгесіне ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қаныш Сәтбаев туралы естеліктер топтастырылған «Заңғар» кітабының құрастырушысы, Баянауыл ауданының құрметті азаматы, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Арман Қани және ақын, «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбіш қазылық жасады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Жәнібек Әлиман (Қарағанды қаласы) ие болды. Жыр бәйгесінің бірінші орын жүлдесін Олжас Қасым (Нұр-Сұлтан қаласы) иеленді. Екінші орындар Айдын Байыс (Балқаш қаласы) пен Мұқағали Кенжетайұлына (Түркістан қаласы) бұйырды. Жүлделі үшінші орындармен Серікжан Қажытай (ШҚО, Үржар ауданы), Жоламан Әйткен (Баянауыл ауылы) және Мұсабек Сейсенбекұлы (Баянауыл ауданы) марапатталды. Бұдан бөлек, Рауан Қайдар (Екібастұз қаласы) облыстық «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының арнайы жүлдесін, Бақберген Дариғаұлы (Павлодар облысы) аудандық «Баянтау» газетінің арнайы жүлдесін еншіледі.
Мүшәйра қатысушылары академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайында сақталған құнды жәдігерлермен танысып, баянауылдық оқырмандармен кездесті. Баянауыл ауылындағы «Даналар даңқы» аллеясына саяхат жасады.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы