Облыс орталығындағы Жеңіс саябағында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев қатысып: «Бүгін өмірлеріңіздегі ең маңызды күн, өйткені азаматтық парыздарыңызды өтеуге басқа аймаққа аттанасыздар. Көпшілігіңіз туған үйлеріңіз бен жақындарыңыздан алғаш рет жыраққа кетіп барасыздар. Бұл қадам сіздер үшін ғана емес, ата-ана, туыс-бауырларыңыз үшін де сынақ. Осы сыннан сүрінбей өтіп, жақсы атпен, абыроймен туған жерлеріңізбен қауышуларыңызға тілектеспін»,-деп ізгі ниетін білдірді.
Салтанатты шараға облыстық Қорғаныс істері департаментінің ұжымы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті әскери кафедрасының студенттері, Ұлттық гвардияның әскери бөлімінің оркестрі және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, сарбаздардың отбасылары қатысты.
- Әскерге бару үшін өтетін сынақтардың бәрі мен үшін сәтті болғанына қуандым. Әскерге бару – әр азаматтың борышы. Ата-анам да әскери қызметкерлер болғандықтан, отбасылық үрдісті бұзбай, мен де осы салада еңбек еткім келеді, - дейді әскерге аттанушылардың бірі Нұрбек Дүйсенбай.
Күз мезгілі басталғалы бері ҚР ҰҚК Шекара қызметіне өңірден 140 сарбаз кетті. 15 қарашаға дейін Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне 250 жас аттанады. Жалпы биылғы күзгі шақыртылу тізімінде 700-ге жуық атыраулық сарбаз бар.