Бұл байламға сайлауалды бағдарламасында қойылған мәселелерге байланысты келіп отырмыз. Президент елді одан әрі дамыту мен мемлекетіміздің болашағына қатысты қадау-қадау мәселелерді атап көрсеткені белгілі. Бүгінгі күн биігінен көз салғанда сайлауалды платформада қойылған міндеттер өзінің мүмкіндігіне қарай орындала бастағанына куәміз.
«Мен халыққа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын», деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Бұл Мемлекет басшысының ақ адал шын сөзі, жүрегінің қалауы екені анық. Кез келген мемлекетте саяси реформаларды жүзеге асырудың тек өзіне тән иірімдері мен ерекшеліктері болатыны белгілі. Мұндай жағдайда асығып, аптығып алға оза шауып кетуге де, орынсыз аялдап, малтығып қалуға да болмайды. Осы жайтты Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде Қ.Тоқаев орынды ескертті деген ойдамыз. Бұл кез келген қоғамдық құбылыстың іске асуының өз уақыты болатындығын терең түйсінуден туындағаны сөзсіз.
Саяси реформаларды іске асыру кезінде нақты нәтижелер мен жетістіктерге жетудің басты бір тетігі – азаматтық қоғамды дамыта отырып, оның толыққандылығын қамтамасыз ету болса керек. Оған ең алдымен азаматтық және қоғамдық үнқатысулар арқылы қол жеткізуге болатынын атап көрсетті Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Бұл көшеде байбалам салып, айқай-шу көтеру секілді арзан саяси ұпай жинауға әрекеттенушілердің іс-қимылдарымен мүлдем сыйыспайтын сындарлы азаматтық ұстанымға жетелейді.
Сондай-ақ Президенттің елімізде көппартиялық жүйені одан әрі дамыту жолдарын ұсынғаны да қоғамдық-саяси өмірдің бүгінгі талаптарынан туындайтын қадамдар деуге болады. Азаматтық және қоғамдық үнқатысулардың басты бағыты ашықтық пен жариялылыққа арқа сүйеген жағдайда ғана мәнді болмақ. Мемлекеттік органдардың азаматтардың арыз-шағымдары мен талап-тілектеріне түсіністікпен құлақ асуының қажеттілігі де осында. Мұның өзі қоғамдық келісімді нығайту мен ел бірлігін еңселендіруге септігін тигізе алатын тұтқаның бірі. Ел бірлігі туралы әңгіме қозғаған кезде қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі орны айқын көрініс табуы тиіс. Сонымен бірге алдағы уақытта мемлекеттік тіл – ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне жетуі керектігі жөніндегі жүрекжарды пікір де Президент аузынан айтылды. Осы орайда бұл істе басты жауапкершілікті мемлекет құраушы ұлт арқалайтыны назардан тыс қалмаса екен дегім келеді.
Ең бастысы, жылдың басты құжаты еліміздің саяси-экономикалық және мәдени-тұрмыстық бағыттарын, оның шешімін табуға тиісті өзекті мәселелерін толықтай қамти алуымен құнды демекпіз.
Роман РАХИЕВ,
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы