Биылғы Наурыз мейрамының алдында Семейдің Абай атындағы сазды-драма театры тың тарту әзірледі. Яғни, театр жуырда жас көрермен назарына ел газеті “Егеменнің” осы өңірдегі тілшісі Дәулет Сейсенұлының “Ер Төстік” атты халық ертегісі негізінде жазылған пьесасын ұсынды. Пьесаны қойған режиссер – Қажиахмет Рахметов. Онда ойнаған әртістердің ойынымен бірге, киімдері, жалпы сахнаның безендірілуі балдырғандарға ұнағаны аңғарылып тұрды.
Осы орайда тағы бір айта кететін жайт сол, спектакль екі тілде қатар жүре бастады. Екінші бір жаңалық, спектакльдің алдында Наурыз мейрамы туралы викторина ойыны өткізілді. Мұны да театрдың тың бастамасы демеске болмайды. Ал оның тәрбиелік маңызы айтпаса да түсінікті.
“Бүгінде жүз жылдығы тойланып жатқан халық батыры Бауыржан Момышұлы дүниеден қайтарының алдында болашақта немерелеріне ертегі айтатын әжелер, нәрестесін бесік жырымен әлдилейтін келіндер қалмай ма деп қорқамын деген болатын, - дейді пьеса авторы Дәулет Сейсенұлы, - ал тәрбие де, үлгі-өнеге де халық ауыз әдебиетінде емес пе? Соны қайта жаңғыртып кәдеге жарата білуіміз керек. Соған қолайлы мүмкіндік жасаған театр басшылығына,, өнер ұжымына алғысымды білдіремін”.
Жас көрерменнің сол жаңғыртылып, жаңартылып қойылған ертегінің сахналық нұсқасын жылы қабылдауы көңіл қуантады.
Айбек САПЫШЕВ, Семейдің Абай атындағы сазды- драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.