Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, 2014 жылы кең көлемді қоғамдық талқылаудан кейін 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл партиялық бағдарламасы қабылданып, кейіннен ол Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының негізіне айналды. Nur Otan-ның бастамасымен «Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы» және т.б. заңдар қабылданды. Жақында ғана Сыбайлас жемқорлықты қабылдау ұлттық индексі жарияланды.
Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің жұмысын күшейтуді, сонымен бірге тұрғындармен өзара іс-қимыл әрекет үлгісін жетілдіріп, тығыз байланыс орнатуды тапсырды.
Жедел желі арқылы түскен қоңыраулардың барлығы әрі қарай мемлекеттік органдардың жұмысындағы ықтимал сыбайлас жемқорлық қауіптеріне талдау жүргізу және оларды барлық деңгейлерде азайту бойынша шаралар қабылдауға көмектесу үшін тіркеледі.
«Бірде-бір өтініш назардан тыс қалмайды. Әрбір шағым бойынша тез арада жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар партиялық бақылау қызметі мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар бере алады», дейді Nur Otan партиясы партиялық бақылау қызметінің басшысы Дәурен Бижұманов.
Сall-орталықтың жұмыс уақыты: дүйсенбі мен жұма күндері сағат 8:00-ден 19:00-ге дейін. Жұмыс уақытынан тыс және демалыс күндері қоңыраулар жазылып алынады.