...Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылында өткен аптада ел есінде қалатындай елеулі оқиға болды. Қазақ жастары арасынан самбо күресінен тұңғыш КСРО спорт шебері, Мәскеу қаласының екі дүркін, Одақтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы Марат Имашевтың 80 жасқа толуына арналған ескерткіштің ашылуы және жасөспірімдердің облыстық біріншілігі өтті.
Ең алдымен Марат аға туралы айта кетсек. Ол 1939 жылдың наурызында Семей облысы, Ақсуат ауданына қарасты Қызылкесік ауылдық кеңесіне қарасты Майлыбай қыстағында дүниеге келді. 1948-1956 жылдары Ақсуат орталау мектебінде білім алып, әкесі Имашқа көмектесіп, бақташы болады. 1958 жылы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Жолы болып, спортты ұнататын азамат Мәскеу қаласындағы ішкі істер әскери бөліміне тап келеді.
Бала кезінен еңбекпен шыныққан, қол-аяғы балғадай, дене бітімі шойыннан құйғандай шымыр азаматты көрген ЦСКА-ның самбодан жаттықтырушысы В.Андреев күрес секциясына жаздырады. Бір жарым жылдан кейін Марат Мәскеу қаласының біріншілігінде күміс жүлдегер атанады. Ал келесі екі жыл бойы Мәскеу қаласының біріншілігінде самбо күресінен чемпион атанды. 1961 жылы қазақ жастары арасынан КСРО, РСФСР біріншіліктерінің жеңімпазы атанады. Ол ол ма, талантты самбошы сәл кейін Берлинде өткен халықаралық тунирде де асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз болып оралады.
Марат ағаның Мәскеуде қалуына мүмкіндігі бола тұрса да елге асығады. Семей қаласындағы «Динамо» спорт қоғамында самбодан жаттықтырушы болады. Бапкер бола жүріп өзі де облыс намысын абыроймен қорғайды. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанады, одақтық жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғайды.
Марат Имашевтан тәрбие алған алғашқы буын шәкірттері Төлеухан Әміржанов, Маймұрат Уәлиев, Сәбен Ыдылбаев, Бекежан Жұмабаев, Мұрат Әмірханов тамаша нәтижелерге жетеді. Ал келесі буын шәкірттері Болат Оразғалиев, Керей мен Мерей Қойшыбековтер, Хамит Ысқақовтар КСРО шебері атанып, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғады. Қосман Сейілханов одақта чемпион атанады. Бауыржан Садықанов, Қайрат Күнсафин Әлем чемпиондары болды. Міне, қазақ спортының өркендеуіне ерекше үлес қосқан Марат аға, өкінішке орай, Ресейдегі дүбірлі додаға қатысқан кезде кенеттен жұмбақ жағдайда небәрі 29 жасында көз жұмды. Өкінішті-ақ.
Ескерткіштің ашылуында сөз алған аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасов Марат Имашевтай ер-азаматты өсірген ата-анасына, жерлестеріне алғысын айтты. Марат аға бізбен бірге, оның атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бұл күндері жүздеген талантты балалар спорттың бірнеше түрінен жаттығып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Аудан өсіп-өркендеп келеді. Былтыр Қараша ауылында, ал биыл Тәуке мен Сайболат батырдың ұрпақтары бабаларына ескерткіш қойды. Қазақ күресінен Ырғызбай Досханаұлы атындағы Әлем кубогы жарысы соңғы 7 жылдан бері тұрақты түрде өтіп, оған дүние жүзінің 35-40 мемлекетінен атақты балуандар қатысуда. Міне, бүгін «Біз біргеміз» акциясы бойынша екі мүгедек балаға тегін тұрғын үй кілтін тапсырғалы отырмыз. Былтыр да Жандос Оразғалиев, Алмас Ақасұлының бастамасымен Қарғыба ауылында 6 баласы бар отбасына тегін үй салып берген едік. Алдағы уақытта да Тарбағатай елі өсіп-өркендей береді, – деді аудан әкімі.
Ескерткіштің ашылуында ауданның құрметті азаматы Тохтарбек Кенжин, аналар атынан Х.Мырзатаева, Мараттың шәкірті Мұрат Әмірханов, ауданның құрметті азаматы, қазақ күресі федерациясы басшыларының бірі Талғат Мәзібаев, басқа да азаматтар сөз алып, Мараттай даңқты ұлдарына құрмет көрсеткен аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасұлына, достарына, жұбайы Раушан апайға алғыстарын айтты. Бұдан кейін бірнеше аталым бойынша үздіктерге Алғыс хаттар табыс етілді. Атап айтқанда, аудан басшысы С.Құсайынұлы «Қамқор басшы», атақты кәсіпкер,«Біз біргеміз» акциясына 2 миллион теңге берген, қазіргі күні Семейдегі мешітті күрделі жөндеуден өткізіп жатқан Дулат Тастекеевке «Біртуар тұлға», «Мейірлі ана» аталымы бойынша Жайна Жакулинаға, «Берекелі ұжым» аталымы бойынша Ақсуат көп балалы ұжымына марапаттар тапсырылды.
Ескерткіш ашылған соң аспанда көңілді әуен қалқып, жиналған қауым бір-бірін құттықтап жатты. Сонымен Марат аға елімен қайта қауышты.Марат Имашевқа арналып құран-қатым түсіріліп, ас берілді. Дзюдодан облыстық турнир жалауын көтерді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ