Ерте көктем күн нұры,
Еркін бұлақ сыңғыры,
Еміреніп Жер ана
Еркелейді қыр гүлі.
Қозыға толы көгені,
Есейіп жасқа өрені,
Кенелген сүтке, уызға
Көңілді шаруа өлеңі.
Әзірлеп сүр ет, қазанын,
Көңілі елең ананың-
Алыстап кеткен ұлының,
Бере ме біреу хабарын.
Әлденені сезе ме
Балақан шықты төбеге-
Жақсы көрер апайы,
Құшағын жайып келе ме?
Төбеден аққан ырыс па-
Су тамшылар ыдысқа.
Қазақтың жамау дәлізі
Шыдады тағы бір қысқа.
Айналайын ән- елім,
Жайбасарым, мәуелім,
Кел шертейік тағы бір
Наурыздың әуенін.
* *
Келер қайтып тырналар,
Суға толар жылғалар.
Суық қабақ, сұр кезең
Гүл тағынар, нұрланар.
Наурыз, көктем тойланар,
Желікке жел байланар.
Бәйек болып жеңгелер
Алды-артыңды айналар.
Базына құрар бажалар,
Базарға шығар ағалар.
Сыбағасын дәметіп
“қыз” төркінін жағалар.
Бойжеткендер назданар,
Сезімдерге жаз қонар.
“Қыз қууда” таяқ жеп
Бозбалалар мәз болар.
Асылар тәтті көжелер,
Диеталар тежелер.
Шылдырлатып шолпысын
Сандық ашар әжелер.
Немерелер “ата”-лар,
Атасы қайтып жата алар.
Ұйқы көрмей атқұмар
Бапталар саяқ, сақалар.
Көкпаршылар, палуандар,
Білекпен бәйге алғандар
Тақым қызған тартыста
Ойқастар да алшаңдар.
Қария көзге жас алар;
Балалар “тәйттен” босанар-
Тойлап кеткен көкенің
“Бастаңғысы” жасалар.
Алтыбақан тербелер,
Ашылар көңіл-перделер..
Ұлыста үлы мейрам жоқ
Наурызға тең келер!
Жанбай ӨЗДЕНБАЕВ.