Қазақстан • 18 Қазан, 2019

Атаулар мен есімдер – елдіктің белгісі

3403 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әрбір атауда тарихтың ізі бар. Атаулар халықтың жүріп өткен тарихи жолынан, саяси-мәдени өмірінен, әлеуметтік, экономикалық жағдайынан хабар береді. Тек жалпылама хабар беріп қана қоймай факті болып дәлелденіп, қоғаммен астаса өмір сүріп жататын тілдік бірлік те – осы онимдер. Сондықтан ғылымда ономастиканы мемлекеттің тарихын нақты фактілер арқылы көрсете алатын саланың біріне жатқызады.

Атаулар мен есімдер – елдіктің белгісі

Куәліктегі кісі есімінде біркелкілік жоқ

Латын негізді жаңа әліпбиге көшу үдерісі кезінде қазақстандық ғалымдар онимдердің қазақ тілінде дұрыс жазылуын ретке келтіруді мақсат етіп отыр. Қазіргі уақытта біршама жақсы жоспарлар жасалып, жұмыстар басталып та кетті. Дегенмен аталған салада атқарылуға тиісті мәселелер өте көп.

Тіліміздегі ономастикалық лексика ұлттық бағытын жоғалтып бара жатыр. Қазақ тілінің нормаларына сәйкес жазылмайтын кісі есімдері көп, олар орыс орфографиясына бағындырылған. Қазақ есімдері орфографиясын қадағалап отыратын құзіретті органдардың міндеті нақтыланбаған. Соның салдарынан тәуелсіздік алғаннан кейін туған балалар есімдерінің арасында да бір есімнің бірнеше қате жазылған нұсқасы бар: Іңкәр – Инкар, Інкар; Мөлдір – Молдир, Мульдир, Мулдир, Молдыр; Бөрібай – Борбай, Бурбай, Бурибай, Борибай және тағы басқа. Яғни Кеңес өкіметі кезеңіндегі Тілекқабылды «Телекабель» деп жазу үдерісі әлі де жалғасуда.

Қазақстан азаматтарының басты құжа­ты болып саналатын жеке куәлі­гінде тұл­ғаның аты-жөні «тегі-аты-әкесінің аты» ретімен жазылады. Тура сол азаматтың төлқұжаты болып есептелетін паспортында «тегі/surname-аты/given names» үлгісінде беріледі. Жеке куәліктегі «әкесінің аты» деген қатар паспортта неге жазылмай қалған? Бір кісі елдің ішінде басқа атаумен, шетелдерге шыққанда басқа атаумен жүре ме? Қазіргі уақытта Қазақстанда азаматтарға жеке сандық код беріледі. Әрбір сандық кодқа бір тұлға бекітілген. Осы ЖСН жеке куәлікте де, паспортта да бірдей. Онда паспортта да жеке куәліктегі «тегі-аты-әкесінің аты» болып жазылуы керек.

Бүгінгі таңда Қазақстан азаматтарына аты-жөнінің жазылуының үш түрлі формасы ұсынылған. Аты-жөндегі өз аты мен тегінің бірдей атау септігімен келу нұсқасында көп жағдайларда аты мен тегін шатастыру фактілері кездеседі. Мысалы, Арман Мақсат деген есімді алып қарасақ, аты қайсы, тегі қайсы, білмейсің.

Елде әліпбиді латын графикасына көшіру үдерісі жүріп жатыр. Осы реформаны іске асыру барысында енді ұлты қазақ азаматтарға тегіндегі тоталитарлық қысыммен енгізілген «-ов», «-ев», «-ин» сияқты қосымшалардан құтылу ұсынылады. Көрсетілген қосымшаларды алып жазған кезде тағы да жоғарыда айтқан шатасулар кездесуі мүмкін.

Қазақ тілінде екі-үш түбірден құралған кісі аттарын дефиспен жазу бар. Бұл да қазақ есімдері жазуындағы бірізділіктің жоғалып бара жатқанына дәлелді фактор.

Әселдің – Аселя, Әсемнің – Асема сияқты еліктеу формалары пайда болып, құрметтеуді білдіретін Бәке, Сәке, Тәке сияқты атаулар жойылып жатыр. Кісіні шақыруда өз атына әкесінің атын қосып атау батпандап еніп кетті. Үлкендердің атын атамай құрмет көрсету дәстүрі жо­йылды. Қазақ есімдерінің екпіні де өзгеріп кетті. Екпіннің соңғы буынға түсу ережесі де дұрыс орындалмауда.

Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін жазуды нақтылап, бірізділікке келтіру, ең бірінші – өркениет пен мәдениеттілік. Екіншіден, ұлттың сауаттылығы мен оның дәстүріне деген сый-құрметінің көрінісі. Ел азаматтарының құжатындағы тілдік нормаларға сай жазылған есімдер мен тектер – елдің айнасы.Үшіншіден, адамның аты-жөні иесінің кім екендігінен дерек беріп қана қоймай, оның қай ұлттың өкілі екендігін де айғақтап тұратын фактор­лардың бірі. Мысалы, көбінесе «о»-мен аяқталған есім естісеңіз италиялық деп ойлайсыз, «ов» қосымшасынан орыс ұлтының, «ко» – украин, «ич» – еврей, «оглы» әзербайжан, «ян» – армян, «швили» – грузин, «скас» – латыш, «ру» – молдаван, «ле» – литва ұлтының өкілдері екенін ажыратуға болады. Осы сияқты қазақтарда да заманға сай кісіні атау дәстүрі бар еді. Өз есімінен кейін әке есімін жазып «қызы» және «ұлы» деп қосып жазса ұлттық нышан көрініп тұрады. Қазақстанда тұратын ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнін жазудың бір үлгісін алуды заңды түрде реттеу қажет. Бұл – адам құқығын шектеу емес, болашақ ұрпаққа қоғамдағы орнының маңызды екенін білдіру. Әрбір азаматтың жеке тұлға болып қалыптасуына ықпал ету.

Әлемдегі алдыңғы қатарлы елдерде кісі есімдерін реттеу туралы заңнамалар мен актілер бар. Еуропа мемлекеттерінде кісіні атау қатал әрі мұқият қадағаланады. Германияда бала өмірге келместен бұрын оған ат қою жөнінде ресми органнан рұқсат алады. Оның арнайы нормалары да қарастырылған. Швейцария, Исландия, Дания сияқты мемлекеттерде де есім беру ісі заң арқылы қадағаланып отырады. Балаға қоюға тыйым салынған есімдер де бар. Олардың арасында зұлымдық, қатыгездік сынды теріс ассоциация тудыратын есімдердің болмауын ескертетін баптар бар. Исландияда аттардың барлығы исланд тілінің орфографиясына сәйкес дұрыс жазылуы керек. Исланд тілінің әліппесінде C, Q, W деген әріптердің жоқтығынан «Ludwig», «Duncan» деген есімдер қоюға рұқсат бермеген. Данияда да есімнің дат тілінің орфографиясына сәйкес келген есімдерді қоюды талап етеді. Кісі есімдерінің қадағалануы азаматтардың құқығын арттыра отырып, елдің қауіпсіздігін сақтауға әсер етеді, сауаттылықты, тілге, ұлтқа деген құрметті көрсетеді. Сол елде өмір сүріп жатқан халықтардың коммуникациядағы мәдениетін айқындайды.

Атаулар бір сөзбен  берілгені жөн

Жердің атауы – халықтың тағдыры. Атау құжатпен рәсімделеді, яғни хатқа түседі. Картада белгіленеді. Ол – шекараны анықтау деген сөз. Мемлекеттің иелігін білдіреді. Лексикалық қорға енеді. Тіл лексикасының тазалығын бұзушы негізгі элементтердің біріне сауатсыз жазылған жалқы есімдер жататынын ескерсек, тілдегі мағынасыз топонимдер қазақ тілінің шұбарлануына әкелді. «Житикара», «Кушмурун», «Есиль», «Сарыколь», «Наурзумский», «Щербактинский» (тіпті орысша жазған­ның өзінде «Наурызым», «Шарбакты» болып жазылмай ма?) «Молодежный», «Октябрьск», «Галкино», «Александров», «Орлов» деген атаулардан тілді тазалай алмай жатқанда, Нұр-Сұлтан қаласынан бастап қазақтар тығыз қоныстанған облыстар мен аудандардың орталықтарында «таундар мен ситилер» («Crocus City», «Bi-City Tokyo» «Оrda Tower» т.б.) пайда болды. Әсіресе қазақ сөздерін ағылшын сөздерімен біріктіріп («Qazanat River», «Akbulak Life», «The Nurali Apartments», «Бахыт в Астане», «ArmanTau Comfort» т.б.) бір атау шығаратын сауатсыз үдерістер белең алып жатыр. Атаулар құрылымы жағынан дұрыс болғандықтан оларға қосылатын қосымшаларда да, орфоэпиясында түрлі қателер кетіп жатады. Қазіргі қазақша жазылып жүрген Нью-Йорк, Абу-Даби, Лос-Анжелос, Рио-де-Жанейро сияқты қалалардың атауын­дағы дефис орыс тілінің ережесі бойын­ша қойылған. Сан-Сальвадор, Сан-Хосе, Сан-Томе, Сан-Марино сынды астана атауларының құрамындағы «сан» сөзі «әулие» мағынасын білдіреді. Кейбір қалалардың атауында кездесетін дефис сол тілдегі артикльді немесе сөз алды сыңарларын бөліп көрсету үшін роман тілдеріне транслитерациялау мақсатында пайда болған. Дефисті бас салып қоя берсе, атау көркемделмейді. Атау беру концепциясының логикасына сүйенсек, бір сөз – бір ұғым. Атаулар бір нәрсені атағандықтан бір сөзбен берілуі тиіс. Тіпті дефиссіз жазылған сөз сыртқы графикалық жағынан да, эстетикалық жағынан да әдемі көрінеді. Латын негізді жаңа әліпбиге көшу үдерісі кезінде қазақстандық ғалымдар онимдердің қазақ тілінде дұрыс жазылуын ретке келтіруді мақсат етіп отыр.

Ел аумағындағы әрбір географиялық нысан атаулары белгіленіп, олардың атау­ларында арнайы жүйе болғаны дұрыс. Кісі есімдері берілетін нысандар нақты көрсетіліп, оның арнайы негіздемесі жасалса, қазіргі уақытта мағынасы көмескі болып, жазылуында қиыншылықтар тудырып жүрген елді мекен атаулары бір ретке келетін еді. Атаулардың транслитерациясы мен транскрипциясын жазуды елде арнайы құжатпен рәсімдеу керек. Бір мемлекетте бір атаудың екі түрлі жазылуын тоқтатудың бір жолы – онимдердің аударылуын тоқтату.

Қазақстанда кез келген географиялық нысан­ның атауын өзгерту бірнеше саты­­дан өтетін құжаттардан тұрады және бірнеше заңдар мен заңнамалық акті­лерге сүйенеді. Оның арғы жағында келісім­ді рәсімдеу үшін тағы да құзырлы орган­дарға тәуелді болып тұрады. Ауыл, кент сияқ­ты нысандардың атауына байланыс­ты жергілікті халықтың пікірінен бастау­дан тура келетін тұстары да бар. Атаудың мемлекеттік маңыздылығын ескере отырып, бір жерден арнайы бір құжатпен ғана бекітіп отыратын процесс енгізу керек. Атауларда лингвистикалық сувере­нитетінің сақталуы маңызды. Соны рәсім­деуді де тек бір орган қадағалап отырса атауларда арнайы жүйе қалыптасар еді.

Жер-су атауларының мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатындағы орны мен ма­ңыз­дылығын, ұлттың дамуына тигі­зе­тін әсерін, қазақ тілінің қолданылу аясы­ның кеңейгендігін сараласақ, Қазақ­станда Оно­мастика туралы заң қабыл­даудың қа­жеттілігі туып отыр. Оның бергі жағында географиялық объектілерді жазудың арнайы стандарттарын жасау мерзімі келді.

Сыртқы графикасы мен ішкі мазмұны сабақтасып тұрған, тілдік нормаларға сай жазылған атаулар – елдің сауаттылығы мен мәдениеттілігінің көрінісі.

 

Жазира АҒАБЕКҚЫЗЫ,

Назарбаев Университеттің

профессоры, филология ғылымдарының кандидаты