20 Наурыз, 2010

ҚЫЗЫҚ АДАМ

892 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Зекең, Зейнолла Серікқалиұлы зиялылардың зиялысы, зиятты­лардың зияттысытұғын. Зергер еді. Сөзгер еді. Сезгіртұғын. Зерде-зейінінің зерлері зипа бойынан да, заңғар ойынан да анық аңғарылып тұратын. “Егемен Қазақстан” газеті ұйымдастырған “Сайрам – Түр­кіс­тан” жаяу сапарында сап баста­ған­дардың бірі сол ағамыз болған. 2000 жылдың сәуірі ғой.Темірланда Әл­ді­бек дейтін әуесқой композитор­дың үйіне қонғанбыз. Мұқағалидың бірқатар өлеңдеріне мұңды әуендер шығарып, танылып-ақ қалғандай көрінетін Әлдібек Сәдірмектің сыпайылығы басым екен. Өзінің ән жазатынын білдіре бермес. Өзге­лер­дің туындыларын көбірек күйттер. Ұнағандарын жиірек орындайды. Мұң-мұнарға орап. Қурай-сыр­найыңыздан, әлде сыбызғыңыздан, мүмкін қазақы қобызыңыздан, бәл­кім бәрінің қосылуынан шыға­тын­дай бөлекше бір әуен-әуезді сезінерсіз. Зекең сонда, сол бір түнде, Әл­ді­бектің әлі толық біте қоймаған үйі­нің төрінде отырып күй күмбір­леткен. Өмірзақ Айтбайұлы ағамыз ән әуелеткен. Сонсоң Әлдібектің өз әндерін қоярда-қоймай айтқыз­ғанбыз. Әлдібегіңіздің әкесі Шынасыл Сәдірмекұлы он екі жасында сопайып жалғыз қалыпты. Өзі 1894 жылғы екен. Бейімбет, Сәкендер­мен жасты болған дә. Жастай жетім атанғанымен, жасымаған. Жаратқан Иеге жалбарынып, мейірімді бір молдадан ілім үйренеді. Жасы кәмелетке жетіп үлгермей-ақ, білімі камалаттанып, молда бала атанады. Құран оқысындағы қырағаты жұрт­ты қайран қалдырады. Кейініректе өлең жазады. “Екі жирен” сияқты әндерді айтқаннан атағы шығады. Майлықожаның термелерін төгіл­теді. Айтыстарын жатқа соғады. Әне­киіңіз, солай. Ал шешесі Гүл­зада қазақтың қарапайым қызы болғанымен, шындап құлшынғанда Шынасылдайын жұбайын сөз сайысында тосылтып қояды екен. Тоғыз ұл-қыздың кенжесі Әл­дібек әлжуаздау, ойлылау, мұң­дылау боп өсті. Жусансайда туған. Жусансайда жетінші класты бітірген. Сегізінші сыныпты Шымкент ша­һарындағы шопандардың балалары оқып-тәрбиеленетін №12 мектеп-интернатта бастаған. Жусансайдағы Тәңірберген деген тілінің қотыры бар кісі: “Тәп-тәуір бала еді, ша­һарға әкетіп барасыңдар. Ышпана боп кетеді ғой”, – депті. Тәкең қателесті, бірақ. Атақты мектеп-интернат мықты екен. Еңбек Ері Маржан Тасова басқарады екен. Тәртіп қандай. Тазалық қандай. Талап қандай. Әсия апайлары әрі тәрбиеші, әрі математикадан сабақ береді. Есепті мұқият шығармаққа да, шығарма жазбаққа да, ән салмаққа да үйретті. Маржан апайдың кабинетіне шақырып алып, Әлдібекке де ән айтқызатын. Бұл “Дос-Мұқасанның” репертуа­рынан бірталай дүниені үйреніп алған. Әсіресе, “Жан досымды” жиі шырқайтын. Әсия апайдың алдын­дағы “байқауда” сол әнді орындады. Болды. Сол сәттен бастап Әлдібек дейтін есімі ұмытылып, Жандосым атанып кете барды. Оқу бітіргенше. Мектеп-интернатты тауыс-тәмам етіп, Жусансайда жұмыс істеді. Мақ­та суарды. Ыңылдап жүріп. Қоза шапты. Әуендетіп. “ақ алтын” терді. Қойшыларға көмектесті. Әнді аңсап, сағынып. 1979 жылы Әл-Фараби атын­дағы мәдениет институтының мә­д­е­ни-ағарту жұмыстары факульте­тіне оқуға түскен. Хор үйірмесінің жетекшісі деген мамандық алған. Арнайы жолдамамен Жезқазғанның Ұлытау ауданына тартты. Мәдениет үйінің қызметін қыздыра бастағанда әскерге алынған. Қап тауының баурайындағы Грозный қаласында жаяу жауынгер болды. Қарулы Күштер қатарынан өз ауылына орал­ды. Қажымұқан атындағы кең­шардың мәдениет сарайын мә­ністеді. Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп ашылып, ән-күй пә­нінің мұғалімдігіне барды. Нендей тірлікті де, қандай қызметті де құл­шынып істемекке бүкіл бол­мы­сымен берілуі жаратылысынан шығар. Қиянатқа қадам баспас. Шындықты шырылдап қорғар. Мәймөңкеге жоқ. Жағымпаздықтан жұрдай. Осынысы көбінесе ауыр тиер. Өзіне. Жауапкершілігі жоғары екендігі аңғарылмай қалар ма, алайда. 1992 жылы әкімдік басқару жүйесі енгізілгенде аудандық мә­дениет бөліміне жетекшілік жасауға шақырылған. Ордабасы ауданында он жылдан астам уақыт осы қыз­метті мүлтіксіз атқарды. Мәдени-көпшілік жұмыстардың ұшпағына шықпақ оңай емес, әрине. Көлемін де, салмағын да өлшеу қиын. Клубтар. Кітапханалар. Ай сайын, апта сайын, кейде күн сайын өтетін небір іс-шаралар. Біреу кемел­дікпен, кең парасатпен қарайды. Екеу келемежбен, кемсіте кергиді. Тікелей бастығың текті, талапшыл, әділ болса, жұмысты жан аямай іс­тейсің ғой. Аудан әкімінің орын­басары Рахима Арапқызы Мұсаева тап сондай кісітұғын. Өзінің һәм сыбызғы үні бар, ән мен өнерді терең түсінетін. Жасандылығы жоқ жантұғын. Сәдірмек Әлдібек болса, орталықты былай қойғанда, шет-шелшең клубтардағы сауық кештерінің өзін зауықсыздықтан арылтпаққа ұмтылар. Нармахан Бегалыұлы басқаратын Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет және өнер бірлестігін өрге сүйреп, өріс ашудан жалықпас. Осы бірлестіктегі дүбір бірталай дарындардың бастау-бұлақтарын ашты. Солардың қатарында әуесқой композитор Әлдібек Сәдірмектің өзі де бар-тын. Баяғыда ше, Жусансайда Күдербай ағайлары ән-күйден керемет сабақтар өтетін. Әкесі Шынасылдың үнін салып беретін. Дауысын айнытпай келтіретін. Нұрғиса Тілендиевтің “Әкеме” әні арқылы баян тартуды үйреткен. Сол кезден-ақ Сәдірмектің немересі мұнарлы әуен-әуездермен мұңдасар қылық-құлық тапқан. Әлдібектің әуелгі әні “Өзіңсің аңсарым” еді. Сөзі өзінікі. Жай ғана ыңылдап жүріп, жасырып жазды. Ол кезде Шоқан мектебіндетұғын. Аудандық газетте істейтін досы Ильичбек Мұртазаев Әлдібектен емес, әлдекімнен естіп, нотасын тауып алып, аудандық газетке жариялап жіберді. Артынша аудан көлемінде Мұқағали күндері ұйым­дастырылды. Темірланда ақынның туған күніне керемет кеш арналды. Ақпан айытұғын. Мақатаевтың “Ғашықпын” деген өлеңіне әуен жазды Әлдібек. Әлгі кеште сол жаңа шығарма орындалды. Тыңдағандар тәнтілік танытты. Кейіннен, 2000 жылы, жоғарыда айтқанымыздай, Зейнолла мен Өмірзақ ағатайла­рымыз тебіренген әндердің әуелгісі осы “Ғашықпын” ғой. “Ғашықпын. Қайтіп оны жасыра алам. Бір алтын оның әр тал шашы маған. Сағы­най­ын, таусыла сағынайын. Сағы­нышқа жаралған ғашық адам”. Сөзі ғажайып әннің дірілі қандай?! Әл­дебір дүр-дүниеге бөлейді. Беймә­лім, бөлекше әлемге бастайтындай. Сәуле-сағымға орайтын саздық ерекшелігі еліттіріп, Мұқағали-мұнараға биіктетіп әкететіндей. Арыстың бойын жападан-жалғыз жиі шарлайтын. Бірде бірлестіктің белсенді мүшелері Арыс жағасында әдемі отырыс өткізді. Өзеннің бұйралана бұлықсып, бұрала билеп барып, бірден екіге жарыла, жарыса ағатын, сонсоң сағыныса қайта қосылатын тұсында. Сол күні түнімен ұйықтамады. Нармахан Бегалыұлының “Арысым – вальсім” деген өлеңіне ән шықты. “Жағаңда сенің кеудеге сырбаз сыр тұнды. Жыр тұнды маған, жүрегім сен деп бұлқынды. Билейін бірге, көтерші мені кеудеңе. Арысым менің, вальсім менің толқынды!” – дейді әнімен әдемі үйлескен өлең жолдары. Әлдібектің біраз әндері Мұқа­ғалидың жырларына жазылғанын жоғарыда баян еткенбіз. Әсіресе, қобызға қосылып айтылатын “Жарық күнді” жұртшылық жақсы қабылдады. Алматыда Мақатаевқа арналып өткізілген үлкен кеште “Отырар сазының” әншісі қобызға қосып орындады. Бекболат Тілеухан сынды саңлағыңыз “Жарық күн” әнін жоғары бағалаған. 95-ші жылы Оңтүстік Қазақстан облысында “Жігіт сұлтаны” байқау­ын соны сипатта өткізбек мақсат қой­ылды. Оны жаңа әнмен жар­қырата ашу көзделіп, конкурс жа­рия­ланды. Өкінішке қарай, озып шыққан шығарма онша емес-ті. Беделді комиссия қайтадан сарапқа салып, жарамсыз деп тапты. Әдетінше Әлдібек ән-әуенін әуелім ішінен ыңылдап, жасырын жазып жүрген. Сезетіндер Сәдірмекке қолқа салды. Облыстық байқауда жұрттың да, жарысқан жастардың да рухын көтерген “Жігіт сұлтаны” әні осылай тұсауын кескен-ді. Сүй­ікті шайырларының бірі Төлегеннің “Сәлем саған, Күш-Ата” деген өлеңі Қажымұқанға арналған. Әл­дібекке бұл жыр айрықша ұнайтын-ды. Күндердің күнінде әлеуеті тереңде жатқан ән туды. Көп кешікпей Айбергеновтің “Кешір, сен” деген өлеңіне мұңдылау аңсар­ға құрылған әуен жазды. Оқта-тек­те, болмай бара жатқанда өзі де өлең өрнектер. Сәтті шыққанын сезінсе, әуенін ыңылдай бастайды. Дүниеге осылай келген “Сенсіз әлемді” жастар жағы жиірек шырқап жүр. Клип түсірілді. “Кешір, жаным. Ұмы­та алар емеспін. Жетегіне алды ер­тіп елес күн. Селт еткізбес еш­нәр­се де, ешкім де. Алмастыра ал­мас маған сені ешкім”, – дейді са­ғыныш құсының қанатында қалықтайтын қалқатай әуен. 2003 жылы облыс орталығына шақырылды. Концерттік бірлестік директорының орынбасарлығына. Кейіннен мәдениет басқармасы бастығының орынбасарлығына жоғарылады. Конкурс арқылы, әрине. Бірақ, бұл саланың шаруа­лары берекесізденіп, шаралар абыр-сабырланып кеткен. Бастықтар тез-тез ауыстырыла берген. Әлдібек Жу­сансай мінездес. Жусандай ащылау болмысынан айнымас. Жусанның түбіріндей иірлеу біткен жараты­лысынан жаңылмас. Шын­дыққа көзі жетіп тұрса, шырыл­дау­дан шегінбес. Бетке тіке келгенді жақтырар бас­шы­лар аз. Қаладан қашты ғой ақырында. Қиындықтан, жұмыстан емес. Қиындықты қолдан жасап, жұмысқа кедергі келтірер келеңсіздіктерден. Ырың-жырың үдегеннен кейін көңіл көгінде қанат қағатын қайран әуен жүдеген. Қай­тадан ауыл-ауданына, Ордабасыға оралды. Әлдібекпен қатар өскен, аудан­дық газетте көп жыл бейнеттенген белгілі журналист қарындасымыз Базаркүл Қалбырова бүй дейді: “Жаны нәзік жан ғой. Жастайынан. Дәл қазір, мына заманда мұндай адам аз. Көп кісілерден қашып кет­кен қасиеттер Әлдібектің бойында қонақтап қап қойған құстар секілді. Әттең, әндері жөндеп насихаттал­майды. Өзі сұғанақтанбайды. Өң­мең­демейді. Өте-мөте таза сақтал­ған. Әндеріндегі мөлдір мұң сол тазалықтан. Достыққа адал жігіт. Қазір достар да сатылып, сатып кететінге айналды ғой...” Балаларға арнап ән шығаратын және бір жолдасы Құрмаш Жыл­қы­бай айтады: “Әлдібектің потенциалы күшті. Әттең, облыс орталығында оны оңды пайдалана алмады. Ба­ға­ламады. Қазына-әндері, ойлы шы­ғар­малары онша орындалып жүрген жоқ. Өзінің де өнерін бүркемелеп, жасыра беретіні қызық”. Әуесқой композиторыңыз, аш­ыл­маған аралыңыз Әлдібектің өзі­нен сыр тартсаңыз, тіпті басқа мә­селелерді мәністейді. Оның айту­ынша, Оңтүстіктің халық әндері, дәстүрлі әуендері әлі күнге дейін еленбей, ескерілмей келеді. Соңына түсіп, зерттеп-зерделеп, жинап-те­ріп жүрген жан көрінбейді. Кон­серваторияда, өзге оқу орындарында Оңтүстіктің дәстүрлі, халықтық ән-әуендеріне арналған кластар ашылмаған. Тіпті Шымкент саз колледжінің өзінде дәстүрлі әндер класы жоқ. Обалы нешік, Батыстың, Сыр бойының, Сарыарқаның, Жетісудың ән-әуендері сахналарда жиі, жүйелі орындалады. Арнайы мектептер жұмыс істейді. Консер­ваторияда, тиісті облыстардағы оқу орындарында арнайы кластар ашыл­ған. Соған сәйкес ұлағатты ұс­таз­дар, майталман мамандар, про­фес­сорлар көп. Осы бағыттар бойынша Оңтүстіктің олқылықтары жетіп-артылады. Бастамашылық, байыпты ізденістер, жүйелі жұмыстар бай­қалмайды. Осындай-осындай ойлар қоз­ғайтын Әлдібек Сәдірмек күрсініп қойып: “Ұлттық құнардан, қазақы, халықтық дәстүрдегі діл-дірілден безініп қайда барамыз? Қазіргі көптеген әнсымақтарды ағылшын, неміс, орыс, испан немесе эфиоп мә­тіндерімен айтсаңыз, сол ұлт­тардыкі боп шыға келеді. Әндеріміз әулекіленіп кетті. Маған Тұрсынжан Шапайдың, Серік Әбдінұрдың әндері керемет ұнайды”, – дейді. Әлдібектің әндері. Әзірше кең таралмай тұрыпты. Зекең, Зейнолла Серікқалиұлы таңырқай тыңдаған. Өмірзақ Айтбайұлы ықыластана құлақ қойған. Қурай-сырнайға, әлде сыбызғыға, мүмкін қобызға, бәлкім осы үшеуіне бірдей қосып, мұң-мұнарға бөлеп шырқайтын бөлек­шелеу әндер. Бір жұбанарлығы сол, Әлдібек ауыл-ауданына, Ордабасыға орал­ғалы үзіліңкіреп қалған үйлесім­дерін қайта тауыпты, жаңа әндер жаза бастапты. Деседі. Мархабат БАЙҒҰТ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы.