Қазан айының басында Ыстамбұлда ашылған кинофестиваль биыл тоғыз қатысушы елдің жетекші серіктес-университеттерінде өтуде. Кинофестивальдің түркі елдері үшін қоғамдық және мәдени маңызы аса зор. Оған Түркия, Қазақстан, Түркіменстан, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Венгрия, Македония, Кипр елдерінің үздік жұмыстары ұсынылды. Фильмдер әлеуметтік, мәдени, рухани және қоғамдық маңызды тақырыптар мен жастар тәрбиесін қамтыған.
«Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының кинотеатрында ашылған деректі фильмдер көрсетіліміне Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир және басқа да шетелдік құрметті қонақтар, сондай-ақ кинодокументалисттер мен фильм авторлары, қоғам мен масс-медиа өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Кинофестивальдің ашылуында кинематографтың аңызына айналған, түркі әлемінің танымал актері мен режиссері Асанәлі Әшімовке арнайы марапат тапсырылды.