Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұжымы, Дүниежүзілік және Халықаралық байқаулардың лауреаты, «Халықтар достығы» орденді қазақтың Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі – халқымыздың музыкалық өнерін, бірегей музыкалық аспаптарын, ұлы дала әуенінің сұлулығын үздіксіз дәріптеп келе жатқан еліміздегі тұңғыш әрі теңдесі жоқ музыкалық ұжымы. Осынау 85 жылдық тарихында бұл ұжым ұлттық музыка мәдениетінің мақтанышына айналды.
Құрманғазы оркестрінің мерейтойы – қазақ елінің мәдениеті мен руханиятындағы айтулы оқиға. Құрманғазы атындағы оркестрде өнер көрсету кез келген өнерпазға бұйыра бермейтін бақыт. «Ұлтымыздың төлқұжаты», «қазақтың бренді» атанған оркестр музыканттары, ұлттық музыка мақтаныштары: бас домбырашылар тобы, ұрмалы аспаптар тобы, үрмелі аспапшылар, сырнайшылар, прима домбырашылар, шертер домбырашылар, бас қобызшылар, альт-қобызшылар, қыл қобызшылар, қобыз-контрабас тобы концертмейстерлерімен бірге сахнаға жеке-дара шақырылып, олар залмен жүріп өтті. Залда отырған көрермендердің оркестр мүшелеріне құрмет-қошеметі мен ықыласы да айрықша болды.
Бұдан соң концертке жиылған қауым деректі фильм тамашалап, оркестрдің өмір тарихы туралы мол дерекке қанықты.
Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепбергеннің дирижерлік жасауымен композитор Сыдық Мұхаметжановтың «Шаттық отаны» күйімен ашылған концертте алғашқы сөзді Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Қуанышбек Мұқанғалиев алып, ол оркестрдің құрылғанынан бастап қалыптасу, өркендеу кезеңіндегі жетістіктері мен еңбек сіңірген ардагер жетекшілердің еңбегін саралап өтті. Қазақстан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің құттықтау хаты оқылды. Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің бір топ әртісі – Асыл Сәдуақасқызы, Әділ Ерболат, Алтай Ғазиз, Ардақ Итекеева «Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Құрманғазының «Адайы» мен «Серперінсіз», «Сарыарқасыз» көрермен серпілген бе? Оркестрдің айбары да, айнасы да осы күйлер болып қалыптасқандықтан, ел рухының жаршысындай жігерді жанып, екпіндете басталатын күй маржанын көрермен әрқашан елеңдей күтіп отырады. Орындалған сайын шетсіз-шексіз жазира даланы дөңгелентіп көз алдыңа әкелетін күйден әр көрермен музыка аспаптарының ғажап шектерінің сиқырын таниды. Сондықтан Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің жеке қойылған әр концертін «күй антологиясы» десек, жарасар. Қорқыттың күйі «Қоңыр», Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», Нұрғиса Тілендиевтің «Темірбектің төкпесі», «Махамбет», Б.Жұманиязовтың «Серпін» күйлері кеш ажарын аша түсті. Оркестрдің концерттік бағдарламаларында қазақ композиторлары шығармаларының орны бөлек. Әсіресе Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Алтынбек Қоразбаевтың бірде тамырды шымырлатып, қанды тулататын, бірде жүректі елжіретіп, әсем әуен бесігінде бөлейтін сұлу да сазды әндеріне кеңінен орын берілген. Кеште орындалған «Сағындым Алматымды», «Ана туралы жыр», «Ана» секілді әндер – соның айғағы.
Құрманғазы оркестрі – еліміздің ең үздік әншілерінің сүйікті оркестрі. Олар орындаған қазақ және шетел композиторларының әндері оркестр құдіретін одан сайын биіктете түсті. Сахнада қазақ өнерінің бұлбұлы, КСРО халық артісі Бибігүл Төлегенова әйгілі «Гәккуін» орындап, Қазақстанның халық әртістері Нұрғали Нүсіпжанов «Алқоңырды», Мақпал Жүнісова «Ана» әнін әуелетіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова «Қыз дәурен – ән дәурені» мен «Айнамкөзді» шырқады.
Өнер атаулының төресі – классикалық музыка екені белгілі. Эстетикалық көркемдігі биік, әлемдік мәдени құндылыққа айналған орыс, кеңес және Еуропа композиторлары шығармаларының Құрманғазы оркестрінің репертуарынан алатын үлесі мол. Антонио Вивальдидің «Жаз», Петр Чайковскийдің «Пляска скоморохов», Иоганн Штраустың «На прекрасном голубом Дунае», Джоакино Россинидің «Вильгельм Телль» операсына увертюрасы, Даниэль Уильямстің «Виктори» атты классикалық шығармалары қазақ ұлттық музыка аспаптарының үнімен жаңа бояу тауып, түрлене түсті.
Қазақ өнерін биік деңгейде насихаттап келе жатқан Құрманғазы атындағы оркестрдің мәдени-рухани кеңістіктен алатын орны да, маңызы да ерекше. Оркестрдің мақсаты – «Мәңгілік елдің» ұлы мұрасын мәңгілікке ұштастыру.
АЛМАТЫ