Қазақстан • 21 Қазан, 2019

Әлемнің Әбдіжәмілі

896 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бүгін 95-ке толып отырған осынау толағай жазушының жұртқа түсініксіз бір қыры бар болып тұр. Ол – баяғыда өз бағасын алған «Қан мен терді» қайта-қайта жөндей беруі. Сөзімізді жазушының осы бір түсініксіз қырын түсіндіруден бастағалы тұрмыз.

Әлемнің Әбдіжәмілі

Естеріңізде болса, осыдан небәрі елу-алпыс-ақ жыл бұрын біздің сөз өнеріне, кітапқа деген көзқарасымыз мүлдем бөлек еді ғой. Қолымыздан кі­тап түспейтін. Том-том роман­дарды түгімен жұтатынбыз. Қо­ғамда кітап культі болатын. Соны білген жазушылар да жалпақ-жалпақ кітаптар жазды. Жамбыл, Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафиндер әде­биеттің алтын ғасырын бастады. Осы дүрмекке ілесіп ол кезде жас Әбдіжәміл жазушы да «Қан мен терді» жазды. 1961 жыл. Кітап көрсе судай сіміретін мектеп баласымыз. Қырғын қызық «Қан мен терді» қуалап жүріп оқыдық. Өйткені біздің жан-жүрегімізді романның бірінші бетінен бастап-ақ Ақбала мен Еламанның бейбақ тағдыры жаулап алды. «Қан мен терден» кейін біз Ақбала мен Еламанды ұмыта алмадық. Осы бейбақтардың тағдыр-талайын білген үстіне біле түскіміз келді.

«Қан мен тер» кейіпкерлері Ақ­бала мен Еламан, Судыр Ах­мет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Қа­лендер санаға басқан мөрдей жатталып қалды. Сонда бұ не? Бұ не сиқыр? Сөйтсек, бізді арбаған бұл сыр кітаптың авторына Әбекеңе Алла берген суреткерлік сиқыр екен. Біз­ді арбаған сол екен. Содан ара­да зымырап жылдар өтті. Жиыр­­­масыншы ғасыр аяқталуға жа­қындады. Көз алдымызда заман кенет күрт өзгерді. Ке­шегі әдебиет алыптарының ойы тұрмақ түсіне кірмеген заман басталды. Бұрын жұрттың қолынан кітап түспейтін болса, енді жұрттың қолынан телефон түспейтін болды. Кітап ұстап отыратын баяғы оқырман көзден бұлбұл ұшты, олардың орнына айфон ұстап бүкшиген ұрпақ келді. Бір жақсысы, кешегі классиктер бұ сұмдықты көрмей кетті. Көрсе, құсалықпен өтер еді. Бірақ біз байқап қарасақ, арамызда біреу жүр, сол алыптардан қалған. Солардың қоста қалдырып кеткен баласындай. Ол кім десеңіз, ол анау-мынау емес – Әбдіжәміл Нұрпейісов! Алыптар көшінен түсіп қалған жал­ғыз жаяудай. Арамызда жүр. Бүгінгілерге мүлдем ұқса­­май­ды. Бәріне кешегінің көзімен қарайды. Қарайды да күңіренеді. Күңіренбей қайтсін! Қайда қа­раса да көзіне айфон ұстап отырғандар түседі, кітап ұстап отыр­ғандар емес. Содан ал кеп жыны келеді.Өздерінің телефондарын тартып алып табанға сап езіп-езіп тастар ма еді! Бірақ көпке топырақ шаша алмайсың.

Бір күні қараса айфон деген пәле өз қолында да отыр! Ал құты­лып көр! Жұртты жаппай жау­лаған бұ кәпірдің сыры не десе, қысқалық пен нұсқалық екен. Қысқалық, нұсқалық! «Оу, оу, бұл сонау жылдары «Кили­манджаро қарларын» жазған жазу­шының стилі емес пе?! «Қан мен терді» жазғанда өзі де осы стиль жағында болды емес пе?! Ендеше, мына жұрт неге «Қан мен терді» емес, «Соңғы па­рызды» емес, айфонды оқып отыр?! Сонда... апыр-ау, сонда не болғаны? Осы сұрақ жанын отқа да салды, суға да салды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айы­рылды.

Ақыры, «Қан мен терді» қай­та қолға алды. Енді өз романына өзі мына қырқылжың заманның көзімен қарады. Содан... не болды дейсіз ғой?! Содан... бір бітпейтін жұмыс басталды да кетті. Романның май бас­қан беттерін сылып ала бас­тады. Ширата бастады. Бұл жұ­мысқа қамшының сабындай қысқа ғұмыры жетпейтін бол­ды. Содан ал кеп Алладан сұра­сын, ғұмырымды ұзарта гөр деп. Қанизесі кең Құдай берді сұрағанын. Жұмысы аяқ­талғанша мәулет берді. Және жоғарыдан бақылап тұрды.Сөйтсе, бұ пенденің жұмысы аяқ­талар түрі жоқ. Анау-мынау емес ширек ғасырға созылды. Тек жақында ғана жасы 95-ке таяғанда ғана нүкте қойды «Қан мен терге». Бүгін сол нұс­қа, жа­ңа нұсқа, сіздердің қолы­ңызда, ағайын! Тоқсан беске кел­ген толағайдың сіздерге жа­са­ған тартуы осы болды, ағайын!

Суреткердің тоқсан беске келгенше толассыз редакция­лаған атышулы романын ерекше күткен оқырманның бірі біз едік. Шынын айту керек, күте-күте шаш та ағарды. Сол ширек ғасыр күткен «Қан мен тердің» жаңа нұсқасы жақында қолға тиді. Біз бас салып оқуға кірістік.

Ақбала, Еламанның отауы­на кірдік. Төрде шалжиы­п қонақ мырза Тәңірберген отыр. Қыз күнінде арман болған жігітке ұшып-қонып қызмет етіп Ақ­бала жүр. Осы кезде есік­тен Еламан кіреді. Қолында ке­ре құлаш балығы, мұртына мұз қатқан шомбал қара жігіт. Үй иесі. Мырзаның елп етіп берген сәлемін алмады. Ерні ғана жыбыр етті. Дастарқан ба­сында үшеуінің де жүйкесін же­ген тоңторыс хал орнады. Біз де демімізді ішке тарта қа­лып­пыз. Неткен драма! Адам адам болғалы, дүние жаралғалы жалғасып келе жатқан драма! Қай заманда да сөз сүлейлері айналып өте алмаған драма. Мейлі Шекспир болсын, мейлі Шолохов болсын. Өйткені бұл драманың жойқындығы Жейхун дариядай. Асау ағыс сені жаңқадай қақшып ала жөнеледі. Ал оқымай көр!

Мына қырқылжың заманда кітап оқылмайды дегеніміз қайда? Сол түсінікті мына «Қан мен тер» күл-талқан етті! Ал­ғаш­қы екі кітапты 5 күнде оқып шықтым. Қуанышым қойныма сыймай Әбекеңнің нөмірін тере бастадым.Астанада екен.

– Ассалаумағалайкүм! Ал­ғашқы екі кітапты оқып шық­тым!, – дедім.

– Ал... қалай екен?

– Старик, ты молодец!, – де­дім. Оған тұңғыш рет орысша тіл қатып. Тұңғыш рет «ты» деп .

«Старик» рахаттана күлді.

– Жарайды, Алматыға барға­сын сөйлеселік!!!

Алматыға келгесін қысқа айттық: – Кейбір сценалар, әсі­ресе, Еламанның қолын байлап, кеше бұның шаңырағын бұзған Тәңірберген сұмның алдына алып келетін жері бар емес пе, және сол үйде Тәңірберген сұм­мен тұтқын Еламан және Ақ­бала үшеуінің жүздесетін жері бар емес пе!!! Құрсын, адам бала­сының басына бермесін, бұн­дайды!!! Бұл – Шекспирлер шарлаған шарықтау ғой... Выс­ший пилотаж!!!»

Содан кейін, финалда Ақ­балаға жасаған қиянаты үшін асып-тасқан Тәңірбергеннің басына Алла тағала түсірген за­уал бар емес пе?! Бұл жерде де, астапыралла, жағаңды ұстай­сың... Адам баласы көретін қасірет дегеннің де шегі болмай­ды екен-ау деп!!! Бұлайша шарықтау әлем әдебиетінде саусақпен санар­лықтай ғана суреткердің қолынан келген! Әйгілі француз Луи Арагон сондықтан да былай деген екен:

«В некотором роде роман «Су­мерки» напоминает колодец с горькой водой.Таких увлекательных и глубоких книг, как роман «Сумерки» Нурпеисова, в последнее время было мало. «Сумерки» можно сравнить с самыми большимы произведениями современной литературы, будь то американская, французская или же другая»

Содан бұл роман әлемнің 35 тіліне аударылды. Содан қа­зақтың Нұрпейісові, әлемнің Әбдіжәміліне айналды. КСРО атты алып империя оған «Қан мен тер» үшін өзінің ең жоғары Мемлекеттік сыйлығын берді. Мына қысқа сөзімізде біз әлем­нің 35 тілінде сөйлеген бұл роман туралы жазылған пікірлерді санап шыға алмаймыз. Ол жайлы Герольд Бельгер қысқаша қо­рыт­қан:

«Франция, Германия, Бель­гия, Испания, Болгария, Сло­вакия, Америка, Қытай, Ресей қаламгерлерінің пікірлері бір жерде тоғысады. Әбдіжәміл Нұр­пейісов ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбы­лыс!».

Сөйтіп Компартия қазақ жа­­зушысын төбесіне көтерді. Енді одан коммунизм құрылыс­шылары туралы роман жазуды күтті. Яғни, алғыс күтті. «Жазып жатырмын, деді Әбекең. Коммунизм құрып жатқан Арал балықшылары туралы екі том­дық роман жазып жатырмын» деді. Компартия мәз болды. Екі томдық алғыс естимін деп. Әбекең «Соңғы парызды» шы­ғарды. Бұл Компартияға ай­тыл­ған екі томдық алғыс емес, екі томдық қарғыс болып шық­ты. Компартия Әбекеңнің төбе­сіне әңгіртаяқ ойнатпақ боп дүрсе қоя берді. Бірақ омақаса құлады. Сол құлағаннан мол құлады, тұрмады. Әбекең парт­билетін жыртып қоқыс жәшікке тастады.Әбекең мен Компартия кикілжіңі осылай аяқталды.

Солай құрметті ағайын!

Әбдіжәміл Нұрпейісов – қа­зақ үшін ұлы жазушысы ғана емес, ол сондай-ақ халқы үшін отқа да, суға да түсе білген жа­лаң­төс баһадүр жазушы. Еске алайық! Кешегі 1986 жылғы желтоқсанда қазақ деген халық бар екенін, оның ұлттық намысы бар екенін ұмытқан Горбачев Қазақстанды басқаруға қайдағы бір Колбинді жіберді. Алматыда Кремль күтпеген көтеріліс бұрқ етті. Горбачев пен Колбин қа­зақ жастарын қанға бөктірді. Бұл бүкіл қазақтың ашу-ызасын тудырды. Кремль күллі қазақ­ты ұлтшыл деп қара есек­ке теріс мінгізді. Осы қия­нат­қа қарсы 1989 жылдың 17 қаң­тарында Мәскеуде өткен бүкілодақтық жазушылар пленумында Әбенің ащы айқайы шықты. Қайсар жазушы сонда Қазақстанды басқарып отырған Колбинге «временщик» деген кісі өлтірерлік баға берді. Сырттан келген «временщик» басшылардың Қазақстанға жа­саған қиянаттарын тізіп шықты. Әбекеңнің осы айқайы­нан кейін 4 ай өтпей Колбин қызметінен алынды.

Тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы атты империя күңіреніп құларда төңірегін жалмағысы, жұтқысы келді . Алып империя ауызын алдымен Қазақстанға салды. «Известия» газетінде ұлы­державашыл Солженицын 1990 жылы «Как нам обустроить Россию» атты мақала жариялады. Қазақстанды «подбрюшие России» деп, орыс жері деп солтүстік облыстарымызға ауыз салды. Басқа батырларымыз бұ­ғып қалғанда Қазақстанды қор­ғап айқай салып тағы да Әбекең шықты. Дәл сол «Из­вестия» бетінде «Чужая и своя боль» атты мақала жа­рия­лап ұлы­державашыл Сол­же­ни­цынге сылқита соққы берді. Кү­рескер жазушы 1897 жыл­ғы санақта славяндар үлесі Солтүстік Қазақстанда 17 процент болғанын көлденең тартып Сол­­женицынның телпегін теріс айналдырып жіберді. Сөйтіп Бүкілодақтық қырғын айтыста қазақ жерін қорғап қалды.

Бірақ қазақ жазушысының алақаны қышып шындап са­бағысы келіп жүрген адамы ол емес еді. Сабағысы ке­ліп жүрген адамы анау-мынау емес, Кремльдің қожайыны Гор­бачев­тің өзі еді. Сол көктен тілегенін Құдай тағала жерден берді. Қаң­ғалақтап жүріп Горбачев Ал­матыға келе қалды. Бұл  – 1991 жыл, 28 мамыр. Республика активін жинап Горбачев опера және балет театрының төрін­де отырды. Бұ кезде әлемге әй­гілі Әбекең трибунаға шы­ғып «Глубокоуважаемый, Ми­­хаил Сергеевич!» деп сөз бас­­тады. Горбачев бұдан бір жы­лы сөз күткендей жымиып бұ­рылды. Бірақ қазақ жазушысы салғаннан сойыл сілтей бастады. Сын сойылдан Генсектің түсі бұзылып, бұғып қолындағы көлдей «Правданың» тасасына тығылды. Қолға түскен Ген­секке Әбекең сөйтіп, армансыз шүйлікті! 70 жыл ұдайы Қы­зыл режімнен көрген қазақ қиянатын топтап, салмақтап Бас хатшының бетіне бір-ақ ұрды. Сөйтіп айдай әлем алдында бет қаратпай Бас хатшыны сабаған, Әбеке сізде арман жоқ!

Әбеке! Сіздің ұлтты қор­ғап ұлық мінберлерде үн қа­туыңыз жалғыз бұл емес. Сіз өзі­ңіз құрған жазушылардың халықаралық ПЕН-клубының президенті ретінде 20 жыл ұдайы талай дүниежүзілік додаларға түстіңіз! Ел мен жер, тіл мен сөзді қорғадыңыз! Сіз осы жасқа келгенше Ұлы даланың ұлы екеніңізді бір сәтке де болса ұмыт­падыңыз! Халқыңызды сүйдіңіз! Өмір бойы шұқшиып ақ қағаз бетінде қазақ бейнесін кестеледіңіз! Өз халқыңызға сөз жауһарларынан мәңгілік монумент орнаттыңыз! Ұлтқа қызмет етудің осылайша ұлы үлгісін көрсеттіңіз!!! Әбеке, Сізде арман жоқ! Ұлық жасыңыз құтты болсын, ұстаз!!!

Смағұл ЕЛУБАЕВ