Әдебиет • 22 Қазан, 2019

Жаңартылған оқу бағдарламасы «Қазақ әдебиетін» оқытуға сай емес

5003 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Соңғы жылдардың көрсеткіштері бойынша қазақтың саны артып келеді, сәйкесінше қазақ тілді мектептердің де қатары ұлғайғаны байқалады. Десек те, мамандар ұлт мұрасының темірқазығындай болған әдебиетімізді оқытудағы бірқатар олқылықтарға алаңдауда. Жаңартылған білім мазмұнына көшу жағдайында мектептердегі білімнің, оқулықтың сапасы көңіл көншітпейді. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, Қазақстан географиясы, қазақ өнері мен музыкасы сияқты ұлттық сипаттағы пәндердің оқытылуының жай-күйі ерекше назар аударуды қажет етеді.

Жаңартылған оқу бағдарламасы «Қазақ әдебиетін» оқытуға сай емес

Аралас мектептер
қазақ мектептері дәрежесін алуы керек

Алматы қаласының Білім бас­қар­масы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бір­лесіп ұйымдастырған «Орта білім берудің жаңартылған мазмұ­ны аясында қазақ әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері» республикалық ғылыми-тәжі­ри­белік конференцияда инсти­тут директоры Кенжехан Маты­жа­нов «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында білім мен оқулық сапасын арт­тыруға айрықша назар аударды. Таяуда Білім және ғылым ми­нистрі оқулық сапасын арттыруға байланысты 10 ұсынысты ортаға салды. Қазір бұл мәселе қоғамда кеңінен талқылануда. Бүгінгі мек­теп бағдарламасына енгізіліп отыр­ған білім мазмұнына да, оқулық сапа­сына да, мұға­лім­дерді қайта даярлау ісіне де, оқу­шының да, мұғалім­нің де еңбегін жеңілдетуге қажет­ті оқу құралдары мен жаңа тех­но­логия­ларға да жанашырлықпен қарайтын кез келді» деп атап өтті.

Іскерлік шараның өзегіне айналған көкейкесті мәселеге орай баяндама жасаған профес­сор, экономика ғылымдарының док­торы Рахман Алшанов ұстаз­дар қауымының назарын қазақ тілін оқыту мен алғашқы қазақ мектептерінің тарихына қарай бұрып, төмендегі деректермен бөлісті: 2019 жылғы мәліметтер бойынша қазақтың саны 18,5 миллионнан асты. Сәйкесінше, қазақ тілінде білім алатын балалардың да саны артқан. 2008 жылы олардың саны 1 546 мың (60,3%) болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2 515,9 мың оқушыны құрап отыр (65,5%). Ғалымның айтуын­ша, Нұр-Сұлтан қаласындағы қазақ мектептері қарқынды дамып келеді. 2008 жылы қазақша оқитын балалар саны 38,2 мың (54,7%) болса, 2018 жылы 166,2 мыңға (57,3%) жеткен. Жалпы еліміздегі мектептердің де саны ұлғайып, он жылда сегіз өңірде 181-ге өскен.

Ал аралас мектептерде 2018 жылы республика бойынша 1380 мың оқушы білім алса, оның ішінде 691,7-сі қазақша оқитындар. Сол балалардың жалпы саны бір қазақ мектебін құрайды екен. Р.Алшановтың айтуынша, түрлі себептермен аралас мектептер саны өсіп келеді. Бірақ алдағы уақытта жергілікті басқару органдары бұл мектептерді бірыңғай қазақ мектептері дәрежесіне ауыстыруы қажеттігін айтқан ғалым соңғы жылдары қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқытатын аралас мектептердің де көбейгендігін мысалға келтірді.

Ауылдағы үш ауысыммен оқытатын және апатты жағдайда тұрған білім мекемелерінің жайын қозғаған Р.Алшанов «Дипломмен – ауылға», «Серпін» сынды бағдарламалардың пәрмені әлсіз екенін атап өтті. Сондай-ақ таяу жылдарда жеке меншік мектептер саны қарқынды түрде өсетіндігіне тоқталған ғалым ұстаздардың білім саласынан кету үрдісін де қозғады.

Деректер бойынша он жылдың ішінде орта есеппен 100 мыңнан астам ұстаз жұ­мыс­тан кеткен. «Қазіргі таңда бұл ба­ғытта қабылданып жатқан түрлі іс-ша­ра­лар әлі де қауқарсыз. Жыл сайын педа­го­гика саласының маманын даярлап шығару үшін 12 мың грант беріледі. Он жылда 120 мың грант бөлінсе, оның 61 мыңы артық. Сонда жыл сайын 17,5 млрд теңгені қосымша грантқа жұмсамасақ, әр ұстаздың жалақысына 51,5 мың теңге­ден келеді. Бюджетте мұғалімдердің төлем­ақы­сының деңгейін нақты белгілеп, инфля­­циядан қорғайтын амалдарды еске­ріп, заңды түрде бекітетін уақыт келді. Осы уақытқа дейін өндірушілерді қолдап келсек, енді тұтынушыларды қолдайтын кез жетті. Яғни, экономиканың екі жағын теңес­тіретін уақыт жетті», деді экономист ға­лым.

Осы жиында білім стандартта­ры мә­се­лесін қозғаған филология ғы­лым­­да­ры­ның докторы, профессор Жанғара Дәдебаев «Қазақ әдебиеті» пәні­нің жа­ңар­­тылған мазмұндағы оқу бағ­дар­ла­ма­лары, олардың негізінде жазылған оқу­лықтар «Негізгі орта білім берудің мем­лекеттік жалпыға міндетті стандарты» мен «Жалпы орта білім берудің мемле­кеттік жалпыға міндетті стандарты» талаптарына қайшы келетіндігін назар­ға алды. Ғалымның айтуынша, стандарт­тар­да, олардың негізінде жасалған үлгілік оқу бағдарламаларында білім беру ісі аяқталғанда күтілетін нәтижелерді анық­тау мен дамытуды ақпараттандыру үшін қолданылатын негізгі бағыт – Блум таксономиясы. 2001 жылы Блум таксо­но­миясының жаңартылған нұсқасы өнді­ріс­ке енді. Алайда Қазақстанның білім беру саласындағы мемлекеттік жалпыға мін­детті стандарттарында, олардың негі­зінде жасалған оқу пәнінің үлгілік оқу бағ­дарламаларында, оқулықтарында Блум таксономиясының 1956 жылғы жүйе­сі қолданылып, 1995-2000 жылдары айна­лымға түскен жаңартылған жүйесіне білім басшылары мән бермеген.

«Мемлекеттік стандарттарда бекітіл­ген осы жүйенің негізінде пәннің үлгі­лік оқу бағдарламалары жасалды, бірақ оларда (5-9, 10-11-сыныптарға арнал­ған оқу бағдарламаларында) мемле­кет­тік жал­пы­ға міндетті стандарттарда бекітілген та­нымдық дағдыларды қалып­тастыру, да­мыту мақсаттары, оқу мақ­сат­тарының так­сономиясы бұрмаланды. Стандарт­тар­да анық көрсетілген танымдық сипат­тағы дағдылардың біразы «Қазақ әдебиеті» пә­ні­нің бағдарламаларында қолда­ныл­май, олардың орнына жауап беру, интерпретация, салыстыру қосылды. Осылайша Блум таксономиясы дұрыс қолданылмады.

Әдебиеттің тарихын дәуірлеп оқытудан айырылып қалдық

Ғалымның пікірін қостаған К.Маты­жа­нов бағдарлама тілінің түсінік­сіз­ді­гін айтып, бірқатар кемшін тұстарына тоқ­­талды. Бағдарлама ішінде әдебиетті оқы­ту курсының көптеген мәселелері толық қамтылмаған. Бұрынғы дәстүрлі түрде оқытылып келген қазақ әдебиетінің әдіс­темесі назарға алынбағандықтан, мұғалімдер көптеген қиыншылықтарға тап болып отыр. Бағдарлама дұрыс болмаса, сәй­кесінше оқулық та дұрыс болмайды. Оқулықпен бірге оқулыққа қосымша мек­теп кітапханасы да жасақталмаған. Кітапханаларда сол шығармаларды оқы­ту­дың толық материалдары жоқтың қасы. Қазіргі кезде 9-10-сыныптар жаңа бағдарламамен оқытылуда. Тәжірибеде көрсеткеніндей, соңғы екі-үш жылдың ішінде бағдарламаның қазақ әдебиетінің мазмұнына сай еместігі айқын көрініп отыр. Әрине әдістеменің жақсы жақтары да бар. Артқа шегінер жол жоқ, бірақ бағдарлама қазақ әдебиетінің мазмұнына сай икемдеуді қажет етеді. Құжатты қазақ әдебиетінің тарихын, теориясын біле­тін мамандар жасау керек. Мазмұны тұр­ғы­сы­­нан да, тарихы мен табиғаты жағы­нан да бөлек болғандықтан, ағыл­шын әдебиеті мен қазақ әдебиетін салыс­ты­ру­ға келмейді.

Осы орайда филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда талай жылдан бері күрмеуі шешілмеген мәселеде сыналатындар оқулық авторлары болып келгенін атап өтті. Ғалымның айтуынша, авторлар – бағдарламаны орындаушылар ғана. Блум таксономиясына жоғары оқу орындары әлдеқашан өтіп кеткен болса, жалпы білім беретін мектептер әлі игере алмай отыр. «Ал жаңартылған білім мазмұнының бағдарламасын қаншалықты игере алдық?» деген сауалға жауап іздей келе Г.Орда оқулықтарда қарапайымнан күрделіге емес, күрделіден қарапайымға өту тәсілінің кең қолданыста екендігін, мы­са­лы, 5-сыныпта Қобыландыны, 7-сыныпта Орхон ескерткіштерін оқы­туда балалардың жас ерекшелігі еске­ріл­мегенін айтады. Сол сияқты орта сы­ныпта поэма, роман оқыған оқу­шы­лар жоғары сыныпта шағын әңгімелер оқумен шектеліп жүр. Сондай-ақ 7-сыныпта М.Жұмабаевтың «Батыр Баян», 9-сыныпта І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын оқыған бала 10-сыныпта Ұ.Есдәулеттің «Біз түркілерміз», 11-сыныпта С.Сейфуллиннің «Сыр сан­дық», Қ.Аманжоловтың «Өзім туралы», Т.Молдағалиевтің «Бауырлар» өлеңін оқиды. 8-сыныпта М.Дулатовтың «Бақыт­сыз Жамалы», ал 10-сыныпта Ш.Мұр­тазаның «Тәуекел той» әңгімесі оқы­тылды. Ал жоғары сыныптың «Пайым мен парасат» атты ІІ тоқсанында С.Елубайдың «Жалған дүние» романы мен Қ.Аманжоловтың «Өзім тура­лы өлеңі» берілген. Бағдарламаны жасау­шы­лар бір тоқсан бойы жоғары сынып оқушысына бір роман мен бір өлең оқу аздық ететінін ескермеген. «Ш.Мұртазаның «Қызыл жебесін» неге оқыт­паймыз, бір ғана «Сыр сандығымен» Сәкен бейнесі ашыла ма? Жаңашылдыққа ден қоямыз деп әдебиеттің аясын тарылтып алдық. Қаламгерлерді іріктеу барысында әдебиетіміздің бірқатар көрнекті өкілдері бағдарламадан тыс қалды», деп дабыл қаққан ғалым ұлттық әдебиеттің негізгі ерекшелігі болып табылатын сал-серілер мен халық ақындары оқулықта айтылмағандығына тоқталды. Сонымен қатар 11-сынып бойы әдебиетімізде С.Мұқановтың, сондай-ақ Ғ.Мұстафин, С.Көбеев, Н.Байғанин, И.Байзақов, Ғ.Орманов, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілов, Қ.Бекхожин, Ғ.Қайырбеков, Т.Жароков, М.Әлімбаев, О.Әубәкіров, Ш.Смаханұлы, Ж.Молдағалиев, С.Мәу­ле­нов, Ж.Нәжімеденов сынды қазақ әдеби­етінің көрнекті өкілдерінің есімі мүлде аталмай қалған. Ал 11-сыныптың ІІ тоқсанында Қ.Аманжолов С.Елубайдан кейін оқытылатындығы сияқты жүйе­сіз­дік­тер де кездеседі. Ал Блум таксономиясы осындай құндылықтарды насихаттауға үндесе, біз одан қашқақтап келеміз, дейді ғалым. Қазіргі әдебиет өкілдерін оқытқан кезде шығарманың көркемдігі ескерілуі қажеттігін алға тарта отырып әдебиеттің тари­хын дәуірлеп оқытудан айырылып қалдық деген дәлелдерді келтірді. Сондай-ақ майдангер-қаламгерлермен қатар, қоғам өмірін сын тезіне алатын бірде-бір сатириктің еңбегі оқулықта жоқ. Келелі жайттарды ортаға сала отырып Г.Орда түн ортасы ауғанда электронды журнал толтырып отыратын мұғалімдер көп, ал қағазбастылықтан құтыла алмай жүрген ұстаздардың қосымша материалдарды игеруге уақыты жоқ екенін айтты.

Келесіде сөз алған Қазақстан педаго­ги­ка ғылымдары академиясының пре­зи­денті, академик Асқарбек Құсайынов елімізде оқулықтану ғылымының кенже қал­ғанына қынжылды. «Оқулықтану – үлкен ғылым. Жақсы оқулық жазуды кезінде академик Калмагоров реактивті ұшақ жасаумен бірдей деген еді. Ал сол оқу­лықты бүгінде бәріміз жарыса жазамыз. Кеңестік дәуірде аударма оқулық болды. Ол кезеңде біз қазақ әдебиеті мен тілінің төңірегінде жүрдік. Қазақ тарихының өзі мандып жазылмады. Ал тәуелсіздік жылдарында егемендіктің оқу­лығы керек болды. Сонымен біздің тәжіри­беміз ғылымның алдына шығып кетті де, сол жүйемен оқыта бастадық. Міне, әлі күнге жартымыңжылдық тарихы бар ғылымды дамыта алмай келеміз», деді А.Құсайынов.

Қазақ оқулығының тарихы Ы.Алтын­са­риннен басталады десек, білім беру жүйе­сіндегі озық келетін Жапония, Ко­рея, Сингапур елдерінде негізгі орта бі­лім­нің адам тәрбиесі екендігі назар ауда­руды қажет етеді. Ұлттық қасиетін дәріп­теп отырған елдердің білім жүйесі де озық екені белгілі жайт. Ал осы міндетті тікелей атқаратын қазақ әдебиеті пәнін дұрыстап оқыта алмауымызға не себеп? Ол үшін оқулық сапасын арттыруда авторлардың құзыретін көтеріп, оқулық сапасына мониторинг жүргізу керектігін алға тартқан ғалым оқулықтанумен айналысатын мамандар зерттеулерінің нәтижесінде оқулыққа бағыт беретін 148 өлшемнің дайындалғанын жеткізді. Сол өлшемдер негізінде Республикалық ғылыми-тәжірибелік «Оқулық» орталы­ғы­мен үлкен жұмыс жүріп, оқулық сапасына 19 бағытта баға берілетін 128 өлшем дайындалып, бекітілген. Қазіргі кезде академияда сарапшылар мен авторлар оқытылуда», деген А.Құсайынов оқулық бағдараламасын қозғап, әрбір тақырыпқа сай кемінде 12-16 тапсырма берілгендігін жеткізді. Соған сәйкес оқушы күнделікті эссе, кесте, т.б. жазба жұмыстарын орындауы керек. «Мұндай тапсырманы орындауға ғалым ретінде менің мұршам келмейді. Ал жоғары оқу орындарының оқулықтары монографиядан кем түспейді» деген оқулық жанашыры сапа өлшемдерінің қажеттілігін алға тартты.

 

«Ана тілі» оқулығын
«Қазақ тілі» пәні деп қабылдайтындар бар

«Әдебиетті қалыпқа салудың қиын екенін әрі оны балаға өнер ретінде игер­ту­дің маңызы зор екенін айтқан филология ғылымдарының докторы, профессор Бидана Қабатай мұның барлығын А.Құсайынов айтқан 128 өлшемге сыйғызу қиын деген пікір білдіріп, жаңартылған оқу бағдарламасының жаңалығы – лекси­ка­лық тақырыптарға бағыну екендігіне тоқталды. Б.Қабатайдың айтуынша, жа­ңар­тылған бағдарлама жайдан-жай жа­зыл­­ған жоқ. Берілген 14 сағатта оқушы белігілі бір тақырыпта эссе жаза алуымен қатар, өлең де жаттауы керек. Сонда бір тақырып төңірегінде жан-жақты дайындала алады. Нәтижесінде әрі қарай Абайды, Мұхтарды оқитындай құ­зырет­тілік қалыптасады. Өз сөзінде ға­лым жаңа бағдарламаны құрастырып отырған жаңашыл жастардың алдында бірінші кезекте әлемдік тестке дайындау тұратындығын ескеруіміз қажет деді. Ал PISA бағдарламасының тест жүйесінде қазақ әдебиетінің өкілдері жоқ. Осылайша классикалық әдебиетімізді жаңартылған білім мазмұнының қалпына салудың арасында қайшылық туындап отыр» деген ғалым оқыту барысындағы мысалдарды назарға алды. Нақты айтқанда, классикалық жазушылардың лексикалық тақырыпқа, яғни қазіргі балалардың іс-әрекеті жазылған шығармалары жоқ болғандықтан, жаңашыл авторлардың еңбектерін пайдалануға тура келеді. Ғалым атап өткендей, білім басшылығында «Ана тілі» пәнінің қазақ әдебиетіне дайындық буыны екенін түсінбей, «Қазақ тілі» деп қабылдайтындар да бар екен.

Оқулық бағдарламасының ашықтығын қам­та­масыз ету керектігін ұсынған фи­­ло­логия ғылымдарының докторы Нұр­дәу­лет Ақыш оқулықты кез келген баспаға беруге болмайды дейді. Әде­биет­тің эс­те­тикалық пән екенін ұмы­тып, оны пе­да­­гогикамен байланыстырып, тәрбие жұ­мысына көбірек назар аударып отырмыз. Сондықтан әдебиеттің эстетикалық, көркемдік функциясына бірінші кезекте назар аудару керек. Ал қазақ әдебиеті алыптары оқулыққа кірмей, олардың орнына белгісіздеу авторлар енгені әрі балалардың көркемдігі төмен өлеңдерді жаттап жүргені – масқаралық. Оқулықтың безен­дірілуі де көңіл көншітпейді. Сон­дық­­тан оқулық жасайтын редакторлар да, суретшілер де оқытылуы керек, деді Н.Ақыш.

Жалпы білім беретін мектептерде қа­зақ әдебиеті пәнінінің жаңартылған маз­мұнға көшу барысы туралы сөз еткен Алматы қалалық Әдістемелік кабинетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Кәрима Мадалимова 2013 бекітілген стан­дарт бойынша оқу жоспарында қазақ тілі мен әдебиеті пәні 5-сыныпта 6 сағат оқы­тыл­са, жаңартылған бағдарламада «Қазақ әдебиеті» 2 сағатқа қысқарған деп атап өтті. Мұның орынсыз екендігін айтқан әдіскер бұл бағдарламаның «Атамұра», «Мектеп», «Арман ПВ», «Жазушы» бас­паларынан шыққан оқулықтарға берілген тапсырмалармен сәйкес еместігін де алға тартты. Сонымен бірге бағдарламаға Абай, Шәкәрім, Мұқағали, Т.Айбергенов, т.б. шығармаларын көбірек енгізіп, балалардың жас ерекшеліктерін ескеруді қатаң ұстану қажеттігіне назар аударды. Ол үшін оқулық жазуға тәжірибелі мамандарды тартып, мәтіндер мазмұнына, тапсырмалардың жүйелілігін басты назарда ұстау керек. Ал жоғары санатты педагог Мейрамгүл Нүсіпбекова 5-10-сыныптарда материалдың күрделі болуы оқушыларды жаттауға ғана итермелейді, ал жеңіл материалды оқушы оңай игерген­дік­тен, жылдам ұмытып қалады деген пікірімен бөлісе келе ағылшын тілі, орыс тілі, дене шынықтыру пəндерінің сағаты көбейтілді. Қосылған сағаттар қазақ тілі мен əдебиетінің бұрынғы 8 сағаттық апталық сағаттарды қысқарту есебінен жүрді. Осы келеңсіздікті жою үшін мектеп бағ­дарламасын қайта қарап, оқу жос­па­рына «Көркем əдебиет» пəнін енгізіп, бағдарлама жасау керек-ақ. Біз мектепте көркем əдебиетті емес, əдебиет тарихын, əдебиет теориясын, əдебиет сынын оқы­тып жүрміз», деп атап өтті.

Әрі қарай А.Байтұрсынұлы білім академиясының басшысы Ұ.Еркінбай, жазушы-баспагер М.Құлкенов, Б.Жұмақаев, Г.Рыскелдиева, Ә.Жексенбі, Б.Құр­бан­баев, т.б. сала мамандарының қызу пікірталасына ұласқан алқалы жиында ұстаздардың ұсыныстары ескеріліп, арнайы үндеу қабылданып, тиісті орындарға жолданды.

 

АЛМАТЫ