Әдебиет • 22 Қазан, 2019

«Аққу ақын» Атырауға келді

593 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Асылында, ақын атаулы құс текті. Шабыт қанатында шарықтайды, шырқау биікке шығады, ғаламды қиялымен кезеді. Сондықтан да болса керек, қазақ халқы талантты қыздарын құрметтеп, Фариза Оңғарсынованы – сандуғашқа, Ақұштап Бақтыгерееваны – шағалаға теңесе, Марфуға Айтқожинаны «аққу ақын» деп ардақтады. «Аққулы мекен, гәккулі мекен» Жайыққа бұрын-соңды жолы түспеген Марфуға Айтқожина Атырауда өткен шығармашылық кешінде ағынан ақтарылды. Болмысы да құс падишасы секілді бекзада ақын сахна төрінде шабыттана жыр оқыды.

«Аққу ақын» Атырауға келді

– Атырау – ақындар мен батырлар елі. Талай дүлдүл өткен осы қасиетті топыраққа келу маған арман болды. Бүгін сол арма­нымның орындалған күні, – деді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Марфуға Айтқожина.

«Ақ Еділ, асау Еділ, арындаған,

Құлшынып тағдыр күшке

жалынбаған.

Кемелденген кезеңде келіп тұрмын,

Жырға орап жүрегімді

жалындаған»,

– деп Еділді өлеңге қосқан ақынды Жайық жұрты да зор құрмет-қо­ше­метпен қарсы алады.

– Өңірімізде Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ақын-жазушылардың кештері жиі өтеді, – деді шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. – Бұл кеш те сол үрдістің жалғасын тап­қаны­ның көрінісі. Марфуға апайдың әр өле­ңінде салмақтылық, парасат пен те­рең мағына бар. Өске­лең ұрпақты отан­­­­­сүйгіштік рухта тәрбиелеуде ақын шы­ғар­машылығының маңызы зор.

«Аққу ақын» өлең жазып қана қой­майды, сол өлеңдерге әуе­зді үн қосып, әнге айналды­рады. Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткерлері Мах­мұт Тойкенов пен Гүлзат Тәуір­бае­­ва­лар­дың Дина Нұр­пейісова атын­­дағы академиялық қазақ халық ас­пап­тар оркестрінің сүйемелдеуімен орындаған әндерін атыраулықтар ризашылықпен қабылдады.

– Қазаққа Марфуға Айтқо­жи­на­ны таныстырып жатудың өзі артық. Ресми атақ-даңқын айтпа­ғанда, ел-жұр­тының берген «Жыр аққуы» деген бағасы бәрінен биік. Сол биі­гіңізден аласармаңыз, – деді Қазақ­стан Жазушылар одағының хат­шысы Ғани Қалибек.

«Сыбырлап жатыр Жайықтың күміс толқындары, жағаңа келдім, жанымды сырға толтырғалы», деп өзіне ғана тән үнімен сахнаның сәнін келтірген Марфуға ақын Айт­қо­жи­на Атырау кешін көркем өлеңнің ке­рімсал самалымен тербеп кетті.

 

АТЫРАУ