Бар қазақ бұл зарлы сөзді жата қалып оқымаса да, бір көз салып, көңіл тоқтатса ғой, шіркін!
Несін жасырамыз, қазақ тілі мемлекеттік тіл болғалы да отыз жыл болды. Ол Колбиннің тұсында сондай дәрежеге ие болған еді. Санамызға сәуле түскендей күй кешіп, бөркімізді аспанға атқан едік. Өзгелер іштей тыпыршыды. Біреудің үйіне біреу билік құра алмайтынын сол сәтте ұғынғандай болды. Сөздіктер шығып жатты. Тыпыршығандар бүгілген тырнақтарын жазып, тіл үйренуге ұмтылды.
Амал не, жалт беріп, ұлт тілін тұқыртып, тілі кемді құтыртып, «қаралы» қаулы қабылдап, асықпайық дедік. «Көш жүре түзеледі» дедік. Сол асықпау сор болып, жалғасумен келеді. Оны тиімді пайдаланғандар қырық құбылады. Сылтауы көп.
Ел болғалы да отыз жылға таяды. Бірақ тіл мәселесінде кейбір қандастарымыз да, отандастарымыз да ұят болды-ау демейді. Дегенді қойып, ұлт тілінің алдына өзге тілді оздырып, оның көлеңкесі біраз ұрпақты ана тілінен айыра бастады. Ол аз десеңіз, өз Отанынан гөрі өзге жұрттың тірлігін жұмақ санайтындар табылып жатыр.
Бұл қаламгер ескерткен есті сөзде де айтылып, ол атом бомбасынан да жаман болып жүрмей ме дегені ойландырады. Егер жұртымызды рухсыздық билесе, жағаңа жармасқан, ой-санаңды ойрандаған, үлгіңнен бездіріп, ғұрпыңнан қол үздіріп, салтыңнан жаңылтуға жанталаса кіріскен жаһандану желкеңе шығып, билік құрары айдай анық. Жазушы осыдан сақтанудың жолдарын ұсынып, оны орындасақ қазақ бақытты болады, орындамаса сор кешіп қалуы мүмкін екенін ескертеді.
Иә, мақалада айтылғандай, кіжініп сөйлеп, жік салуға әуес Жириновский қасиетті қазақ тіліне тіл тигізіп, ұлтымызды қаралағанда оны сандырақ деп елемедік, ескермедік. Тіліміз кеткен есесін қайтарады дестік, арқаны кеңге салып. Бірақ сол арқаны кеңге салудың соңы қазақтың саны қырық пайыздан жетпіс пайызға көбейіп, мектеп ашылып, балабақша сап түзегенмен, тіл ісі ұлт ісіне қолғанат бола алмай отырғанын қаламгер ашық айтып, себебін саралап, етектен тартқан керенаулықтан құтылудың он жолын ұсыныпты.
Ұлт зиялысының осы үнін естісек, қане! Осы жерде ойға оралады, сұрапыл соғыстан күйреп, екіге жарылып жантәсілім алдында тұрған сәтте Германияның көш басында тұрған игі жақсылары: бұдан ес жиғызатын тек ұлттық рух, сол быт-шыты шыққан ұлттық рухты қалай тірілтеміз дегенге келгенде зиялылар қауымы ол – немістік патриотизм деп, оның он қағидасын алға шығарыпты. Біріншісі, ұсақ-түйекте де ел мүддесі тұрсын депті. Екінші, шетелден бір тиынға зат алсаң, өз еліңе бір тиын зиян келтіретініңді ұмытпа депті. Үшінші, әр тиын ұлтқа пайда әкелсін депті. Осылай тарата келіп, қиындыққа төзе жүріп, ұлттың рухын оятуды, жас ұрпақты, немістік патриотизмге тәрбиелеуді шегелей айтып, оныншы қағидада: «...герман азаматының керегін тек Германия шығара алады», депті. Міне, қақ жарылып, екі мемлекетке айналып, кейін әлгі немістік патриотизм ұлттың бірігуіне, бір мемлекет болуына жол ашқанын әлем жұртшылығы көрді, біз де аңғардық.
Біздегі көп олқылық ұлт ісі сөз жүзінде айтылғанымен, атқарылу барысында тиянақтылық жетпей жататындай. Көбіне-көп өзімізден өзгені зор санаудан, өз тіліміз қашпас, өзге тілді білейік деген ескі ұран, тасқайнақ санадағы салғырттық титықтатып жатқандай. Бұл болсын-болмасын алдыңа қарап бой түзе дейтін қасандық та серпіліп шығар кейінгі ұрпаққа кесірін тигізіп отырғаны анық. Олар алдына қарайды да, бос белбеулікке салынады. Осы жастарымыздың тілге деген селқостығын туғызып отырғандай. Одан құтылудың он жолын Смағұл Елубай тайға таңба басқандай көрсетіпті. Енді соны айтады да қояды демей, тайлы-таяғымыз, зиялымыз, екі тізгін, бір шылбырды қолға ұстап отырған биліктегі азаматтарымыз мінсіз орындаса, сөйтіп тілге деген мұқтаждық салтанат құрса, санамыз түзелер еді, ойымыз оңалар еді, тіліміз жамбастап жата бермей, тік тұрар еді.
Ойдан ой туады, сөз зергері кемел қазақ Әбіш аға Кекілбайұлының ұлт ұланына астарлап айтқан бір тәмсілі осы жерде еске түседі. Ол кезде ұлы тұлға Мемлекеттік хатшы қызметінде болатын. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдердің жоғары білім орындарына оқуға баратын талапкерлерді таңдайтын комиссия төрағасы еді. Өрімдей жастар алуан түрлі сұрақтарға жауап беріп жатқан. Бір тұста Кекілбайұлы қазақтың ұл мен қызына риза болып, жылы жүзбен көз салып, шетелдік қаламгерлерді де, әншілерді де, тіпті өзге мықтыларын да жазбай айтып жатқан тұста: «Әп, бәрекелді!» деп сүйсінді де, қазақтың ардақтыларының атын тізбелей келіп, Әуезовті, Мұқановты, Мүсіреповті, Фаризаны, Мұқағалиды сұрағанда әлгі өрімдей ұрпақ шатқаяқтап, Абайды да шатастырып быды-быды дегенде: «Әй, айналайындар-ай!» деп еді. «Бұған біздің де «үлесіміз» бар-ау!» дегенді қосқан. Комиссия мүшелерінің бәрі бірдей қаламгер сөзін түсіне қоймаған. Түсінгендер төмен қараған. Сүйсініп айтқан екі сөзбен, күйініп айтқан екі сөздің түп-тамырында өзгені біліп, өзіңді білмеу ертең өкіндірмес пе екен деген сұрақтың қаламгер көкейіне кептелгені рас еді. Бүгінгі бітпейтін тіл түйткілінің қиыр-шиыры соны әлі де ескермегенімізден болып тұр-ау, шамасы.
Зерделі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Тұранның қарашаңырағына ие болған қазақ жерінде ономастикалық атаулардың жеті түрлі қабаты жатыр» деп, оны тарата айтып, сол жеті қабаттан аман құтылған қазақ ономастикасы ғана емес, басты ұлт тілі екенін алға тартып, ұлттық болмыстан ауытқымай, жаһанданудың тозаңына көмілмей шығу сегізінші қабат Тәуелсіздік заманындағы ономастикалық жаңа қабаттан, ұлт тілінен көрінеді депті. Осының бәрі бас басылымда жарияланған мақаланың идеясымен үндесіп жатқаны шындық.
Жұртымыз да, тіліміз де ассимилияцияға ұшырамай, елдігімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа ұлттық қасиетіміздің сырын кетірмей, сынын бұзбай, тапсыру жолында Смағұл Елубай «Мен қауіп еткеннен айтамын, Ақ борықтай иілген, Кейінгі туған баланың, Ұстай ма деп білегін... Шая ма деп жүрегін... Бұзама деп іреңін. Адыра қалғыр заманның, Мен жаратпаймын сүреңін», деген Мұрат Мөңкеұлының ұлы қағидасынан туындатып тілге тиек еткен ащы үнге құлақ қойсақ, ащы айтылған сөзге мән берсек, ойға берік қондырсақ, айтады да қояды демей, тіл ісіне жұдырықтай жұмылып, мұқтаждыққа жаратсақ, жаһандануда қазақ қалыбын сақтап, бақытты боларына иманымыз кәміл.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»