Руханият • 22 Қазан, 2019

Күлкі керуені № 6

5210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 6

Мисыз бас

Бір кісінің үйіне қонақ келіпті. Үй иесі оны құрметтеп, ішкізіп-жегізіп, жатарда басына мамық жастық тастап төсек салып беріпті. Қонақ болса жастықты аяғына  жастанып жатыпты. Мұны көрген үй иесі:

 – Біздің жақта жастықты басқа жастап жатушы еді, – депті.

 – Ол дұрыс қой, – депті қонақ, – Бірақ менің басымнан гөрі қиыншылықты аяғым көп  көруші еді.

 – «Мисыз бас екі аяққа тыным бермес» деген осы екен ғой, – депті үй иесі.

Ол да болса жауап

Әкесі алыста жүрген баласына: «Ұлым, үйді жөндеу керек еді, соған біраз ақша жіберіп, көмектесе аласың ба?» – деп хат жазыпты.

Оған ұлы: «Әке, мен сіздің ақша сұрап жазған хатыңызды алғаным жоқ», – деп жауап қайтарыпты.

Сіріңке жағып ізде

 Шам сөніп, оны жағу үшін әйелі сіріңке іздеп жүргенде, ұйқыдан оянған ері:

 – Не іздеп жүрсің?– депті.

 – Шам сөніп, соны жағайын деп сіріңке іздеп жүрмін.

 – Қараңғыда қалай табасың! Онан да шырпы жағып іздесеңші...

Бөшкені айтсаңшы...

Молланың Ахмет деген жалшысы тасып жатқан өзеннен су әкелуге барады. Аты тайып жығылып, бөшкесі өзенге ағып кетіпті. Оны құтқарам деп жүргенде  Ахметтің өзі де суға кете жаздапты. Бұған «не дер екен» деп Ахметті құтқарған жігіттер моллаға келіп:

 – Ахмет те, бөшке де суға кетті, – деген де молла:

 – Ахметтің артының қайырын берер, ал маған жаңа бөшке қайдан келер? – деген екен.

Осы күнгі келін

 Үйде ауыз шаярлық су қалмаған соң шал мен кемпір суға бармақ болып есік алдына шығыпты.

 – Суды мен әкелемін, – депті шал.

 – Жоқ, сен барма, тауға көтерілгенде шаршап қаларсың, мен барайын, – депті кемпірі.

Айна алдында таранып, сыланып-сипанып отырған келіні ата-енесінің талас сөздерін естіп, терезеден басын қылтитып:

 – Бала-шаға секілді жоққа таласпаңдар. Суды әуелі – атам, сонан соң – енем әкелсін! – депті.