Қоғам • 23 Қазан, 2019

Әйелдерге «ақ квота» көмектесе ме?

317 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл қыркүйек айында «Қазақстан әйелдері күштерінің альянсы» ресми түрде тіркелген-ді. Альянс құрамында әйелдер мен балалар құқығының бұзылуы, гендерлік теңсіздік мәселелерін шешумен, сондай-ақ нәзік жандылардың саясатта, экономика мен мансап жолында алға жылжуына мүмкіндік тудырумен айналысатын 20 шақты ұйым бар.

Әйелдерге «ақ квота» көмектесе ме?

Алматыда «Қазақстан әйел­­­­дері күштерінің альянсы» жо­басының басталғаны жөнін­де баспасөз мәжілісі өтіп, Қа­зақ­стан әйелдерінің үкіметтік емес ұйымдары қордаланған мә­селелер төңірегінде ұста­ным­дарымен бөлісті. Елімізде халық­тың 9,7 миллионы – нәзік жандылар (52%). Олар елдің ІЖӨ-ні өсіруге елеулі үлес қосып, (ІЖӨ-нің шамамен 40%-ы), ха­лық­тың репродуктивті дамуын, сондай-ақ ұлттың әл-ауқатын қам­тамасыз етіп отыр.

Жалпы елдегі гендерлік саясат жағдайы мәз емес. Гендерлік даму­дың жаһандық индексі (ДЭФ) рейтингісінде Қазақстан 2018 жылы «Әйел адамдардың саясат­қа қатысуы» индексі бо­йынша 94-орынды иеленді. Об­лыс және қала әкімдері арасын­да бірде-бір әйел адам жоқ, Үкі­мет­те 1 министр бар.

 Арулардың 15%-ы ер адам жұбайына қол көтеруге құқылы деп санаса, ауылдық жерде әрбір бесінші әйел адам тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Әлі күнге дейін әйел адамдардың жала­қысы ер адамдардың жа­ла­­қы­сынан орташа есеппен 30%-ға төмен, 57%-ы тұрақты жұ­­мыс істемейді және өзін өзі жұ­­мыспен қамтығандар немесе жұ­­мыссыздар санатына жата­ды. Көбінесе бұл ауылдық жерлер­де­гі әйел адамдар.

Ақиқаттың бетіне тура қа­рай­тын болсақ, «гендерлік тең­сіздік» ұғымы көптеген ха­лық­тардың құлағына түрпідей тие­ді. Бұл ықылым заманнан келе жатқан салт-дәстүрімізге де қайшы сияқты көрінеді. Дегенмен өркениеттің көші­не ілескен ендігі қоғамда тірші­лігіміз бен түсінігіміздің түбе­гей­лі өзгергенін мойындауға тура келеді. Қазір әйел адам ара­лас­паған сала қалмады десек те болады. Оған қоса, кез келген мем­лекетте зайырлылықтың белгі­сі – қыз-келіншектердің отба­сында қамсыз, қоғамда қауіп­сіз, қызметте еңбегінің әділ баға­лануы болмақ.

– Біз бірінші кезекте өрке­ниет­­ті, қауіпсіз елде өмір сүргі­міз келеді. Бақытты мемлекет – бақытты отбасы, ал шаңырақтың шаттығы бірінші кезекте әйел бақы­тына байланысты. Әйел өрке­ниетті елде өмір сүргенде, құ­қығы тапталмағанда және ма­ман, тұлға ретінде қоғамда өз орнын тауып, ілгерілеуіне мүм­кіндік болғанда ғана бақыт­ты. Білімді әйел дегеніміз – білімді балалар. Қазір біз қоғам­да деградация бар екенін көріп отырмыз. Білімі, нақты кәсі­бі жоқ аналардың, сауатсыз бала­лардың, жұмыссыз ер-азаматтардың масылдыққа, отбасынан оңай бас тартуға бейім екенін байқап жүрміз.

Ал көп балалы аналардың көпшілігі ажырасқан, жауапкер­ші­лікті мойнына жүктегісі кел­мейді, оған мысал көп. Осы мәсе­лелерді шешу керек, – дейді Қазақ­станның іскер әйелдер қауым­дастығының төрайымы Раушан Сәрсембаева.

Есесіне, қазір жас қыздардың бір бөлігі өздерінің әлеуметтік баспалдақпен өрлеуін елестете алмағандықтан шетелге кетуге, әке-шешесіне сырттан күйеу бала тауып беруге, тым болма­ғанда отбасы бар қалталы ер-азаматқа «жақындауға» бейім тұратынын да жоққа шы­ға­ра алмаймыз. Ақпараттық технологиялар дамып, қоғам алға қанша қарыштаса да тоқал алу тақырыбы тоқтаған жоқ.

«Қазақстан әйелдері күштері­нің альянсы» өз кезегінде қорда­лан­ған мәселелермен білім арқы­лы күресуді жөн деп біледі.

– Біз заңнамалық тұрғыда биліктің мемлекеттік және атқа­ру­шы құрылымдарында шешім қабылдауда әйелдердің да­уысын 30%-ға дейін жеткізуді, партия­лық тізімдерге әйелдерді кіргізіп, ер-азаматтармен тең жағдайда «зебра» қағидасы бо­йынша жұмыс істеуді ұсынамыз. Об­лыстық мәслихаттарды жа­сақ­­таған кезде де теңқұқылы (50% әйел және 50% ерлер принципі) болуы керек. Соны­мен қатар «ақ квота», яғни акцио­нерлік қоғамдар туралы заң­на­ма қарастырылып, барлық кор­по­рациялардың Директорлар ке­ңе­сінде әйелдерге 20% кво­та беруді бекіту керек, – дейді Репутациялық менедж­мент агенттігінің өкілі Азиза Шөжеева.

Бұдан да бөлек, альянс әлеу­мет­тік кәсіпкерлікті дамытуға, әсіресе 45 жастан асқан әйелдер үшін еңбек барысындағы ала­лау­шылықты жою туралы мем­ле­кеттік бағдарламалардың қабыл­да­нуына ықпал етіп, «көп балалы және жалғызбасты ата-аналар» мәртебесін бекітуге күш салатын болады.

– Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы бұрыннан бар­лық аймақ­тарда, барлық саяси партия­­­ларда, биліктің атқа­ру­шы ор­ган­дарында басқа да қоғамдық ұйымдарда кадрлық резерв жасақтау үшін әйел-саясаткерлер клубын құрып, жұмыс істеп келеді. Қыз-ке­лін­шектер түрлі тренинг, семи­нарларға қатысып, өз мүд­делерін жылжыту үшін түрлі шиеленістерді шешу, тұр­ғын­дар­мен жұмыс істеудің әдіс-тә­сілдерін үйренеді. Қазір не­гі­зінен әйелдерді кәсіп­кер­лік­ке баулып жатырмыз. Егер ол бизнесін жолға қойып, жұ­мыс орнын құра алса, алға жыл­жиды, дамиды. Мұндай әйел лауазымды қызметке та­ғай­ын­далса, айналасына қарай­ды, тәртіпсіздіктер мен келең­сіз­дік­тер­ді көре де, шеше де алады. Өз кезегінде БҰҰ мемлекеттік тұрғыда шешімдер қабылдауда әйелдердің үлесі 30-50% болу керектігін ұсынады, – дейді Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Р.Сәрсембаева.

Қазіргі таңда ерлер мен әйел­­­­дердің құқығы Еуропаның да­­мы­­­ған мемлекеттерінің бар­­лы­­ғында тең сақталады. Ал «ақ квота» Скандинавия елдерінде арнаулы заңдармен бекі­тілген. Бұл елдің қыз-ке­лін­­шектері отбасы алдында, бала тәрбиесі, мансап жолында өрлеу мен мемлекеттің дамуын­да ер-аза­мат­тармен бір­дей жауап­кер­ші­лікке ие.

Сонымен бүгінгі жағдай­ды ескере отырып, альянс Қазақ­стан­дағы нәзік жанды­лар­дың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға ықпал етуді көздеп отыр. Ұйым ұсынып отырған бағ­дарламада әйелдердің құ­қық­­тары мен экономикалық мүм­кіндіктерін кеңейтуге бағыт­тал­ған нақты шаралар бар. Ол:

– Әйел адамдардың шешім қабылдау деңгейін биліктің атқарушы және мемлекеттік құрылымдарында 30%-ға дейін арттыру; – Оларды партиялық тізімге ер адамдармен тең құ­қы­лы жағдайда «Зебра» қағидаты бойынша ұсыну; – Облыстық мәслихаттарды тең құқылы жағдайда құру (50% – ер адам, 50% – әйел адам); – «Ақ квота» қабылдау – Акционерлік қоғамдар туралы Заңда кор­по­ративтік сектордың Дирек­тор­лар кеңесінде әйелдер үшін 20%-ға дейін квота тағайындау; – Әлеуметтік кәсіпкерлікті да­мы­­тудың мемлекеттік бағ­дар­ламасын қабылдау; – Еңбек кемсітушілігін жою, әсіресе 45 жастан асқан әйелдер үшін; – Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­пен күресті күшейту; – «Көп балалы және жалғызбасты ата-аналар» мәртебесін заң­намалық тұрғыда бекіту және олардың еңбек құқықтарын ке­ңей­ту; – Жыныстық сипаттағы қуда­лау мен алымсақтықты жою («харас­ментпен» күрес) және тұр­мыстық зорлық-зом­бы­лық­пен күрес. – Үкімет құрамында Әйел адамдар, балалар және отбасы мәселелері бойынша агенттік құру.

Қалай десек те, қазақстандық қыз-келіншектердің эко­но­­микалық мәртебесі ер адамдарға қарағанда төмен­деу. Жұмысбасты нәзік жан­ды­лардың басым бөлігі (72%) қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Қаржылық ресурс пен технологияның жет­пе­уіне байланысты әйел адамдар мүмкіндігін кеңейте алмай, әлеуметтік кәсіпкерлік аясынан шыға алмай отыр.

«Цифрлы Қазақстан» бағ­дарламасын жүзеге асырып жатқан мемлекетте XXI ғасырда «тоқал» идеологиясы өр­кен­деу­де. «Қазақстан әйелдері күш­терінің альянсы» осы мәсе­ле­лер­ді шешуге құлшынып отыр.

 

АЛМАТЫ