Қоғам • 23 Қазан, 2019

Енді мекенжай анықтамасын сұрамайды

384 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді және мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталатын болады. Яғни еш мемлекеттік орган, мектеп не медициналық мекеме азаматтардан мекенжай анықтамасын 1 қарашадан бастап сұрата алмайды. Оны «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдарынан да, электронды үкімет порталынан да алу мүмкіндігі болмайды.

Енді мекенжай анықтамасын сұрамайды

Қажет болған жағдайда қ­азақ­стан­­дықтар тіркеуге тұрған ме­кен­жайларын egov.kz электрон­ды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы жеке ка­бинеті арқылы тексере алады.

Мемлекеттік органдарға келе­тін болсақ, олар бұл мәліметті ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпа­рат­тық жүйелері арқылы алатын болады.

«Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорация­сы сараптама жүргізіп, қазақ­стан­дық­тардың жыл сайын әртүрлі ұйым­дар­ға ұсыну үшін 20 миллионнан астам анықтаманы басып шыға­ра­тынын анықтады, олардың жар­тысына жуығы – мекенжай анық­та­малары. Осылайша мекенжай анықтамаларының күші жойылған кезде азаматтардың ХҚО-ға келу саны 10 миллион есе азаяды.

Бір өтінішпен алуға болатын мемлекеттік қызметтер саны көбейеді

«Азаматтарға арналған үкі­мет» мемлекеттік корпорациясы компо­зит­ті түрде көрсетілетін қыз­мет түрлерін арттырмақ. Бұдан былай қандай да бір мем­ле­кеттік қызметті алу үшін толтырылатын өтініш саны азайтыла­тын болады.

2020 жылы қызмет көрсету процесін оңтайландыру үшін 55 түрлі мемлекеттік қызмет 21 түрлі композиттік қызметке бірік­ті­ріледі деп жоспарланып отыр.

«Мұндай қызметтердің ішін­­де жер актісін алу қызметі үл­кен сұранысқа ие деп ойлай­мын. Мәсе­лен, қазір бұл қызметті алу үшін 4 түрлі өтініш жазу ке­рек. 2020 жылдан бас­тап, бұл актілердің барлығы бірік­тіріліп, «Сәйкестендіру құжат­та­рын әзірлеу және беру» сияқ­ты бір қызмет арқылы қол­же­тім­ді болады. Бұған дейін біз зейнеткерлікке байланысты төлем­дерді тағайындау бойын­ша барлық қызметті композит қызметіне біріктіргенбіз», дейді МК басқарма төрайымы Ә.Балташева.

Айта кетейік, зейнеткерлік төлемдерді бір ғана өтінішпен тағайындауға мүмкіндік беретін қызмет бір жыл бұрын іске қо­сыл­ған, содан бері композитті түрде 99,2 мың зейнетақы таға­йын­дал­ған. Бұған дейін зейнет жасына жеткен азамат ХҚО-ға келіп жасына байланысты және базалық зейнетақыны төлеу бойынша 2 өтініш беретін, әрі бір айдан кейін қайтадан мемлекеттік кепіл төлем жасау туралы өтініш жазып, кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына барып, тағы бір өтініш толтыратын. Енді осы 4 қызмет үшін ХҚО-ға бір-ақ рет барып, бір ғана өтініш жазу жеткілікті.

Азаматтарға арналған үкімет жоғары сұранысқа ие анықтамалардың бестігін жариялады

Корпорацияның басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева фейс­буктегі парақшасында Қазақ­стан­дағы ХҚО арқылы бе­рі­ле­тін жоғары сұранысқа ие 5 анық­тама түрін жариялады. Бұл бес­тікке мекенжай анықтамасы, жылжы­май­тын мүліктің болмауы (болуы) туралы, жылжы­май­тын мүлікке тіркелген құқық­тар (ауырт­па­лық­тар) және оның техникалық сипаттамалары туралы, БЖЗҚ салымшысы қаражатының түсуі және қоз­ға­лысы туралы ақпарат және сот­ты­лық­тың болуы немесе болмауы туралы сияқты анықтамалар енген.

Тал­дау барысында би­ыл­­ғы жылдың 8 айында қа­зақ­­с­тан­дық­тар ХҚО-дан 4,5 млн ме­кенжай анық­тамасын, жылжы­майтын мүліктің бар/жоқ екендігі туралы мил­лионға жуық анықтаманы және жыл­жымайтын мүлікке тіркелген құқық­тар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы 700 мыңнан астам анықтаманы сұратқаны анық­тал­ған.

«Бұл электронды үкімет пор­та­лы және телеграмм-бот арқы­лы өз бетінше алын­ған анық­та­ма­­ларды есепке алма­ған­дағы, қазақ­стан­дық­тар­дың ХҚО-ға келіп алған анық­та­маларының көрсеткіші», деп нақты­лады Әсемгүл Балташева.

Естеріңізге сала кетейік, 1 қара­­шадан бастап Қазақстанда ме­ке­н­жай анықтамасын беру мем­­лекеттік қызмет ретінде қыс­қар­тылады, яғни енді азаматтар өзі­нің тіркелген орнын тек egov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинеттен тексере алады.

Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ведомствоаралық комиссияның қарауына тағы 28 анықтаманы мемлекеттік қызмет тізілімінен алып тастауды ұсынды.

 

Айнұр Жақанова,

«Азаматтарға арналған үкімет» МК  Нұр-Сұлтан қаласы филиалы PR менеджері