23 Қазан, 2019

Тікұшақты құлатпай аман алып қалған қос әйел дәрігер

538 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осылайша ойларында ештеңе жоқ олар көкте құлдилап ұшып келе жатқандарында...

Тікұшақты құлатпай аман алып қалған қос әйел дәрігер

дәрігер

дәрігер 1

Кеше өскемендік екі дәрігер – облыстық аурухананың реаниматологы Галина Семенова мен санитарлық авиация бөлімінің фельдшері Татьяна Сергеева салтанатты жағдайда, әріптестерінің алқауымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.  

дәр

Келеңсіз оқиға осыдан бір жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 2018 жылы 15 қазанда болған екен. Облыстың санитарлық авиация бөлімінің мобильді бригадасы Риддер қаласынан әдеттегі жұмыстарын атқару үшін Өскеменге ұшады. Бас сүйегі зақымданған науқасты тез арада облыс орталығына жеткізу керек. Осылайша ойларында ештеңе жоқ олар көкте құлдилап ұшып келе жатқандарында... «Біз Татьяна екеуміз пациенттің жанында отырғанбыз. Кенет тікұшақ шайқалып, пациент жатқан зембіл 45 градусқа айналып кетті. Пилоттар отыратын жерде де жайсыз оқиға орын алғанын сездік. Айтқанымыздай, екінші пилоттың қол-аяғы тартылып, командирдің үстіне құлап, тікұшақты басқару тетіктерін жауып тастапты» деп еске алады еске алғысы келмейтін сол сәтті облыстық аурухананың реаниматолог-дәрігері Галина Семенова.

дәр 1

Содан не керек, қарап тұратын емес, Галина мен Татьяна бар қайраттарын бойларына жиып, тар кабинаға кіріп, есінен танған екінші пилотты алып шығады. Нәзік жанды болса да, ерге тән ерлік көрсеткен қос ақ халаттының батылдығының нәтижесінде тікұшақ шұғыл жағдайда Винное ауылының жанына қонады. Абырой болғанда, адам шығынына жол берілмейді. Екінші пилот Өскемендегі инсульт орталығына, риддерлік тұрғын облыстық аурухананың нейрохиругия бөліміне жеткізіледі. «Қыздар Сіздерге қалай алғыс айтсақ та, қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Бес адамды аман алып қалдыңыздар. Апаттың алдын алдыңыздар» дейді «Қазәуеқұтқару» АҚ өкілі Александр Кузовников.

дәр 2

Галина мен Татьяна жұмыс барысындағы осы жанқиярлық әрекеттері үшін 2018 жылы қазан айында Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан марапатталған екен. Алайда олардың туыстары мен жақын-жуықтарын алаңдамасын, уайымдамасын деген оймен сол кезде бұл жәйт хабарланбаған екен. «Санитарлық авиация экипажы күн-түн демей тоқтаусыз жұмыс істейді. Құрғақ сандардың ар жағында қаншама адамдардың көз жасы, уайым-қайғысы, қуанышы мен алғысы бар екенін осы қызметтегі адамдар ғана түсінетін шығар. Сол қиын сәтте бізге қол ұшын созған ұшқыштар мен дәрігерлерге мың алғыс. Міне, біздің жұмысымыз осындай» дейді санитарлық авиация бөлімінің фельдшері Татьяна Сергеева.

Суреттер облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен алынды.

ӨСКЕМЕН