Ең асыл иіс....
«Нұрлы таудың» 1-қабатына түскен сайын, мұрныма тандырда жаңа піскен нанның иісі келеді. «Нұрлы тауда» қайдағы тандыр нан, қайдағы тандыр?!...
Шешем марқұм, алпысқа таяғанша тандырға нан жабатын. Тандырдың ішіне қу ағаш пен малдың қиын үйіп тұрып қалап, от жағады. От жанып болып, шаласы түгел шыққанша күтеді. Бұл кезде тандыр да әбден қызады.
Осын қызып тұрған тандырға шешем байғұс ашытып, күлшеленген бір тегеш нанды еңкейіп жапсырады. Кейде, жапсырған нандары тандырға тұрмай, түбіне ағып түсіп қалатын. Шешем, «күлді көмеш» болды-ау деп күйініп, оны алып, жабысқан шоқ пен күлін тазалап қайта жапсырады....
Кейде, жапсырған нандарының көбі тұрмай «ағып» кетуші еді.... Ондайда шешем марқұм, ««Құдай-ай, өзің сақтай гөр, наным тұрмады деп тәубесіне келіп отыратын.... Сәл нәрседен секем алғыш, ырымдағыш аңқау көңілі ғой, сол...
Неге екенін қайдам маған шешемнің тандырдың түбінде жатып піскен, «күлді көмеші» қатты ұнайтын. Ерекше дәмді секілді көрінетін еді.... Бала көңілімнің анамның отқа түсіп пісірген еңбегіне деген құрметім ме екен, белгісіз?!
Шешем марқұм оттан «күйіп қалам ау» деп қорықпаушы еді... Кейде ошақ басында, пеш алдында түсіп қалған шоқтарды жалаңаш қолымен жерден алып, жанып жатқан отқа қайта лақтыратын. Ондайда «маматай, қолың күйеді» деп шырылдаушы едім. Шешем болса еш саспастан, «күймейді, ондай-ондайға күюші ме еді», дейтін....
Баласы үшін жанған отқа түсуден тайынбайтын сендей жан мына өмірде бар ма екен?!
Мен үшін сірә, енді жоқ....
Тандыр нанның иісі тағы мұрныма келді. Бұл менің саған деген сағынышымның иісі екен ғой.... Бақұл бол.
Риза Исаева