Келешегі зор әріптестік
Қазақстанның екіжақты және көпжақты ынтымақтастық бағытында және халықаралық ұйымдар аясындағы байланыстар бойынша табысты қарым-қатынас орнатып отырған елдердің бірі – Беларусь. Кезінде Кеңес Одағының құрамында болған бұл қос мемлекет тәуелсіздік жылдарында бұрыннан қалыптасқан байланыстарды одан әрі дамытып, өзара әріптестіктің озық үлгісін көрсетіп келеді.
Екі елдің тәуелсіздік жылдарындағы байланыстарының, дәлірегі екіжақты дипломатиялық қатынастар орнатылғалы бергі 27 жылдың ішіндегі Қазақстан-Беларусь қатынастарының шежіресіне ой жүгіртіп, деректер мен дәйектерді алға тарта сөйлесек, өзара ынтымақтастықтың тек өсу қарқынын аңғарамыз.
Тараптардың арасындағы іс-қимылдың табысты болуы, екіжақты қатынастың жүйелі түрде дамуы мемлекеттер басшыларының сапар алмасуларына, барлық мәселені кеңесе, келісе отырып шешудің оң үрдісінің қалыптасуына тікелей байланысты. Осы арада еліміздің Беларусь жағымен терең де мағыналы әріптестік орнатуында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қызметін ерекше атап көрсетуіміз керек.
Екі ел де Еуразиялық экономикалық одақтың белді қатысушысы. Тараптардың ұстанымдары аймақтық және халықаралық саясаттың көптеген мәселелерінде ұқсас келеді. Бұл өз кезегінде екіжақты және көпжақты пішімдегі қатынастардың қарқын алуына тікелей әсер етіп отыр.
Қазақстан-Беларусь серіктестігінің құқықтық негізі берік орныққан. Бүгінде тараптар арасында 100-ден астам келісімшарт пен келісімдерге қол қойылған. Бұлардың ішінде Достық және ынтымақтастық туралы шарттың орны ерекше. Осы келісімдер екі елдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын, халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша өзара іс-қимылын ілгерілетуге мүмкіндік беруде.
Екіжақты байланыстарды жандандыруда парламентаралық қатынастардың да үлесі зор. ТМД ПАА, ҰҚШҰ және басқа да парламенттік құрылымдар шеңберінде өзара консультациялар өткізу өз тиімділігін көрсетіп келеді.
Басым бағыт – өндірістік кооперацияны дамыту
Үкіметаралық деңгейдегі әріптестік те өзінің оң динамикасын көрсетіп отыр. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, интеграциялық бірлестіктер аясындағы өзара іс-қимылды ілгерілету, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану бойынша үкіметаралық келісімдерге қол қойылуы тараптардың уақыт талабына сай бірлесе әрекет етуіне мүмкіндік беруде. Мәселен, 2018 жылы Минскіде өткен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның (ҮАК) XІV отырысы өндірістік кооперацияны өрістету, бірлескен жаңа жобаларды іске асыру, көлік-логистика, агроөнеркәсіптік кешен, мәдени-гуманитарлық бағыттардағы әріптестік мәселелері қаралды. Ал биыл 10 қазанда ұйымдастырылған үкіметаралық комиссияның XV отырысында қол жеткізілген келісімдер өзара экспортты өсіруге, өзара сауда көлемін ұлғайтуға кеңінен жол ашты. Тарата айтар болсақ, XV отырыста тараптар Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық және оны кеңейту перспективалары жөнінде, өнеркәсіптік кооперация мен техниканы жеткізу, ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібі, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық, ғылым, ғарыш қызметі, технологиялар мен білім, саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге келді. Сондай-ақ үкіметаралық комиссияның келесі отырысын 2020 жылы Беларусь аумағында өткізу ұйғарылды.
Қазіргі таңда екі елде де жаңа өндірістер пайда болған. Тараптар бір-біріне халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, халықаралық сапа жөніндегі сертификаттары бар жоғары сапалы өңделген өнімді бәсекелестік баға бойынша жеткізе алады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін екі елді де тартымды етуге мүмкіндік берді.
Тағы бір айта кетер жайт, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, фармацевтика, медицина және т.б. салаларда қазақстандық және беларусьтік кәсіпорындардың ынтымақтастығының келешегі зор. Әсіресе өндірістік кооперация әріптестіктің басым бағыттарының бірі болып қала бермек. Бірлескен өнеркәсіптік, ғылыми, инженерлік-техникалық және кадрлық әлеуеттің ірі жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретініне сенім мол.
Бүгінде елімізде Беларусьтің қатысуымен 340-тан астам заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер жұмыс істейді. Осы жағдайда ҮАК-тың басты міндеті – кәсіпорындар мен бизнес-серіктестердің өзара тиімді және нәтижелі ынтымақтастығы үшін жақсы жағдайлар жасау.
Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты – өнеркәсіптік кооперациясы.
Қазірдің өзінде Қазақстанда белорустық техника мен жабдықтардың сегіз бірлескен құрастыру зауыты жұмыс істейді. Беларусьте еліміздің капиталының қатысуымен 45 кәсіпорын жұмыс істеуде.
Осы арада айта кетейік, 2019 жылдың 5 шілдесінде Минск қаласында Қазақстан Сыртқы сауда палатасы мен Беларусь Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы Іскерлік кеңестің бірінші отырысы өтті. Осы жиын барысында, яғни 3-5 шілде аралығында Минск қаласында қазақстандық тарап азық-түлік өнімдерінің жарнамалық-дегустациялық көрмесін ұсынды.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі бүгінде біздің еліміз Беларусьтің ТМД шеңберіндегі ірі сауда серіктестерінің бірі саналатынын растайды. Осы орайда цифрлық көрсеткіштерге тоқтала кетсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 896 млн АҚШ доллары болды. Еліміздің Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, Қазақстан мен Беларусь арасында 2019 жылғы қаңтар-маусым кезеңінде сауда айналымы 344,8 млн долларды, Қазақстаннан Беларуське экспорт – 49,8 млн долларды, ал Беларусьтен Қазақстанға импорт 295 млн долларды құраған. Ал соңғы деректерге қарағанда, 2019 жылдың сегіз айында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тауар айналымы 4%-ға дейін өсіп, ол шамамен 626 миллион долларға жеткен. Екі елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымының интеграция үдерісі оң нәтиже көрсетуде. 2018 жылы Қазақстан мен Беларусь арасындағы экспорттық және импорттық жүктердің көлемі 7,3%-ға (76,13 мың тонна) артып, 1127,31 мың тоннаны құрады (2017 жылы – 1051,17 мың тонна). Қазақстан темір жолы бойынша транзитпен жүк тасымалдау көлемі 6,4%-ға көбейіп, 255,06 мың тоннаны құрады (2017 жылы – 239,83 мың тонна).
Өңіраралық ынтымақтастықтың күшейе түсуі, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастың дұрыс жолға қойылуы да қос тараптың сенімге негізделген байланыстарын нығайтуға зор үлес қосып отыр.
Сындарлы үнқатысу
Қазақстан мен Беларусь арасында қалыптасқан саяси үнқатысудың одан әрі сабақтасып, уақыт талабына сай өз жалғасын табуы екі елдің де халқының тілегімен үндестік тауып отыр. Осы арада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Президенті Александр Лукашенконың өзара түсіністікке негізделген кездесулерінің оң ықпалын айтқанымыз орынды. Бұл жөнінде Қазақстанның Беларусьтегі елшісі Асқар Бейсенбаев «Қазақстан-Беларусь: Серіктестік және синергия жолымен» тақырыбымен «Egemen Qazaqstan» газетінде (21 қазан, 2019 ж.) жариялаған мақаласында: «Қазақстан мен Беларусь арасында жоғары деңгейдегі белсенді саяси үнқатысудың жүргізіліп жатқандығы қуантады. Тек соңғы алты айдың ішінде интеграциялық саммиттер аясында Қазақстан мен Беларусь президенттерінің үш кездесуі өтті», деп жазды.
Міне, елімізде Беларусь Президентінің ресми сапары өтуде. Сапар аясында екі ел басшыларының кездесулері, басқа да шаралар қос тарап қатынасының жаңа парағын ашатыны сөзсіз.
Айта кетейік, аталған сапар барысында өзара тиімді ынтымақтастықтың маңызды тұстары қозғалып, ақпараттық технологиялар, өнеркәсіптік кооперация, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықтың болашағы айқындалмақ. Сондай-ақ жоғары деңгейдегі бизнес-форум ұйымдастырылып, Қазақстан мен Беларусь компаниялары мен кәсіпорындары іскерлік әріптестіктің өзекті мәселелері, бірлескен жобалар бойынша келіссөздер жүргізеді, тиімді келісімшарттар жасалады деп күтілуде.