Руханият • 25 Қазан, 2019

Сейфуллин әлемінің сыр-сипаты

551 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Сәкен Сейфуллин: тұлға және уақыт» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция тұғыры биік тұлғаның 125 жылдық мерейтойына орайластырылды.

Сейфуллин әлемінің сыр-сипаты

Оның шығармалары қалам ұстаған­дар­ды қызықтырмай қоймайды. Көп жаз­ған, жаңаша жазған. «Домбыра», «Көкшетау», «Экспресс», «Қызыл ат», «Альбатрос» поэмалары, «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» пьесалары, «Айша», «Жемістер» повестері, «Тар жол, тайғақ кешу» романы, қазақ фоль­клорының тарихына арналған «Қазақ әдебиеті кітабы» бұл оның кейінге қалдырған мұрасы, жеке шығар­ма­шылығы. Оның үстінде жүздеген публицистикалық мақаласы бар. Ал «Еңбекшіл қазақ» газетінің редакторы (қазіргі «Egemen Qazaqstan»), Халық Ағарту Комиссарының орынбасары, Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, Қызылорда халық ағарту институтының, Таш­кенттегі қазақ педагогикалық инс­титутының директоры сынды қыз­мет­тер­де оның қайраткерлігі, азаматтық позициясы танылды. Ғылыми конференцияны жүргізген Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Сәкен Сейфуллин өмірбаянының бір парасын баяндап, оның жастай елдің саяси-әлеуметтік өміріне араласып, басын бәйгеге тіккенін айтты. «Қазақ жастарының, замандастарының білімді, зиялы, отаншыл болуына сіңір­ген еңбегі ғажап. Оның жырлары жаңа қо­­ғам құрушыларды жігерлендірді. Ер­ек­ше рух беріп, ұлттың оянуына ай­­рықша әсер етті. Әсіресе 1923 жы­лы «Еңбекшіл қазақта» жарияланған «Қазақты қазақ дейік» атты мақаласы бұ­рын бірде киргиз, бірде кайсак атанып келген халқымыздың қазақ атының қай­та­рылуына үлкен үлес қосты. Айта берсе оның шығармашылығы да, ұлт үшін атқарған қызметі де ұшан-теңіз. Сәкен тақырыбы – телегей-теңіз тақырып», деді ректор. Жиынды ашып, алғашқы құт­тықтау сөз сөйлеген Премьер-Минис­трдің орынбасары Бердібек Сапар­ба­ев Сәкеннің 28 жасында қиын кезде, орталықтандырылған биліктің тұсында үлкен саясатқа араласқанын, әйтсе де өзінің білімділігімен, ақыл-парасатымен, отаншылдығымен елі­міз­дегі көптеген мәселенің оң ше­шіл­уіне ықпал еткенін тілге тиек етті. «Әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде мәдениет, білім, баспасөз мәселелерін көтерді. Халықтың сауатсыздықтан, кедейліктен шығу жолдарын Кеңес үкіметі басшыларының алдына қоя білді. Солайша мемлекетіміздің қалыптасуына еңбек етті. Қырық төрт-ақ жыл ғұмыр кешті. Біз мұндай азаматтарды ұмыт­пауы­мыз керек», деді Б.Сапарбаев.

 Сәкен Сейфуллинді бір адамның бойында бірнеше қасиеттің жарқырай көрінуінің мысалы деуге болады. Оның ақындығы, жазушылығы, әншілігі, қайрат­керлігі, сырбаздығы, сән-салта­на­ты талай еңбектерге жүк болды. Десе де оның азаматтық позициясына қа­тыс­­ты кейде баспасөз беттерінде ұсақ даулар­дың бой көрсетіп қап жүргенін де айтпауға болмайды. Ол – даңқты тұлғаның Кеңес өкіметі жағында қызмет етуімен тікелей байланысты. Бұған қа­тысты өз көзқарасын Жазушылар ода­ғы­ның төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет былайша жеткізді: «Алаш арыстары баррикаданың екі жағында тұрса да, бір мүддеге – қазақтың мүддесіне қызмет етті. Біз мұны бағалауымыз керек». Ұ.Есдәулет өз заманында тұлғаның қазақ тілін қорғап тоғыз мақала жазғанын, солайша 1924 жылдың шілдесінен бас­тап кеңсе қағаздары өз ана тілімізде жүргізіле бастауына зор еңбек сіңіргенін баса айтты.

Конференция барысында филоло­гия ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов баяндама жасап, Сейфуллин поэзиясының жаңа­шыл­ды­ғын ондағы сан қырлы, сан сипатты һәм мың бояулы, мың әуезді иірім­дермен түсіндірді. «Сәкеннің поэзиясы бірде найзағай дауылындай, бірде сұңқардың даусындай, аққудың сұң­қы­лын­дай, кейде үйректің сымпылындай, қаздың қаңқылындай алуан дыбыстар шығарады. Оның поэзия­сы жаңаша дауыс, жаңаша интонация, жаңаша екпінмен өрнектелген», деді профессор. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, фи­лология ғылымдарының докторы, про­фессор Сауытбек Абдрахманов Сәкен Сейфуллинді ұғымға, символға айнал­ған тұлға ретінде қарастырды. «Қазақ үшін Сәкеннің орны бөлек екенін айтып жатудың өзі артық. Басқасын былай қойғанда Сәкен батаға кірген адам ғой. «Сәкеннің сәнін берсін» деп бата береміз. Батаға кірген адам қасиетті адам. Бұл ұғымға, символға айналған жан. Сәкен – сұлулықтың, сері­лік­тің, тектіліктің, тазалықтың, ерліктің сим­во­лы», деді С.Абдрахманов.

Конференцияда тұлға туралы екі кітаптың таныстырылымы өтті. Алғаш­қысы – ТҮРКСОЙ ұйымы шығар­ған «Үш арыс» атты кітап-альбом. Кітап-альбом қазақ және орыс тілдерінде Германияда жарық көрген. Онда Сәкен, Ілияс, Бейімбет жайлы деректер, зерттеулерге қоса қылқалам шеберлерінің де туындыларына орын берілген. Жиында баяндама жасаған ТҮРКСОЙ ұйымының бас­шысы Дүйсен Қасейінов бір жылда реп­рессияға ұшыраған қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі туралы мазмұнды баяндама жасап, жаңа тұрпатты әдебиеттің бас­­­­та­уын­да тұрған тұлғалардың тек қазақтың ғана емес, исі түркі жұртының мақтанышы екенін жеткізді. Сейфуллин жайлы екінші кітап – «Сәкен» деп аталады. Репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоғамдық қоры шы­ғар­ған кітап жайында белгілі айтыс ақыны Аманжол Әлтай баяндады.

Жиын соңында Ресей Фе­де­ра­­ция­сы­ның Қазақстан Рес­пуб­ли­­­ка­­­сын­дағы ел­шілігінің кеңесшісі Л.П.Воробьев, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының же­тек­ші ғылыми қыз­меткері С.В.Ананьева, Қыр­ғыз Рес­публикасы Ұлттық ғылым ака­­демиясының Тіл және әдебиет инс­ти­тутының директоры А.Ахматалиев қатарлы ғалымдар баян­дама жасады.