...Қала шетіне келіп, сен мынау соқыр тұманнан сескеніп, енді не істеріңді білмей, іркіліп қалдың. Алдыңа қарап алаңдап, аяғыңды бір басып, екі басып, адымдап көріп едің, арасында кім бар екені, не бар екені белгісіз сұп-сұр дүние өзінің сұп-суық құшағына тартып алып, әп-сәтте жұтып қоярдай тұла бойың қалтырап-дірілдеп кетті.
Себебі сен өскен ауылдың аспаны ашық, бұлттары аппақ, ауасы тап-таза еді ғой. Алтын табақ секілді күні күлімдеп, шуақ шашып тұратын. Іргеден ұзап шыға бере-ақ дөң асып, дала кезіп кететін қасқа жолдар алысқа-а, алаңсыз қызық сапарларға шақырып жатушы еді. Айнала-төңіректен танауыңды қытықтап, боз жусанның хош иісі бұрқырайтын...
Білем. Бәрін де білем. Себебі мен де сол ауылда туып-өстім ғой. Тоқта... Тоқта, мынау соқыр тұманның арасынан шарқ ұрып мені іздемек болып тұрсың-ау, жазған. Жо-жоқ. Алға қарай бір адым да аттап басушы болма. Адасып кетесің. Онда екеуміз бір-бірімізден мәңгілікке көз жазып қаламыз.
Маған сенің сол жерде, ашық аспанның астында аялдай тұрғаның қымбат. Бүгін болмаса, ертең... иә, иә, ертең қалың тұманның арасынан шыға келіп: «Амансың ба...» деп, құшағымды жаямын. Содан соң екеуміз ауылға...
Оу, неге?! Неге басыңды шайқайсың? Әлде мынау қалың тұманды қақ жарып шыға келетініме сенбейсің бе?.. Е-еһ!.. Кхе, кхе, кхе!..
Аурухана төсегінде жатқан ап-арық, кіп-кішкентай кісі булыға жөтеліп, ауа жетпей тұншыға бастады. Көрші кереуеттегі еңгезердей орыс шал басын көтеріп, есік жаққа қарап: «Сестра, сестра!» деп дауыстады.
Дәлізде отырған медбике жүгіре басып, тез-ақ жетіп келді.
– Он бредит, – деді шал. – Тяжело ему.
Медбике науқастың жастығын түзеп, қолындағы ақ дәкемен көбіршіктене бастаған езуін сүртті. Ол тағы да күбірлеп, сөйлей бастады.
...Менің мынау соқыр тұманның ішінде жүргеніме, биыл міне, қырық жыл болды. Неге... Неге дейсің бе?.. Оқыдым... Білім алдым... Кандидаттық қорғадым. Доктор болдым. Ғылым іздедім... Әй, бірақ... Таптым ба, жоқ па?.. Білмеймін...
Медбике науқастың құп-қу реңіне тесіле қарап тұрып:
– Иә, – деді көрші кереуеттегі шалдың сөзімен келіскендей басын шұлғып. – Сандырақтап жатыр.
– О чем он говорит?
– Бұл кісі ғалым адам ғой. Сол баяғы... ғылым-білім туралы айтады да...
– А-а... С ними такое бывает.
Медбике қан-сөл жоқ жүзінде көкшіл дақтар пайда бола бастаған науқастың шидей білегінен ұстап, қан тамырының соғысын өлшей бастағанда ол тағы да сандырақтады.
...Келдің бе? Соқыр тұманның арасынан қалай таптың мені?.. Қолың қандай жұмса-а-ақ. Туһ!.. Рақатын-ай!.. Құдды... құдды өзіміздің ауылдың борпылдаған ып-ыстық май топырағы секілді...
Соны айтты да, науқастың демі үзіліп кетті. Өз өмірінің ең соңғы сәтінде оның көз алдына сол баяғы мектепте бірге оқыған қараторы өңді, әп-әдемі талдырмаш қыз елестегенін, бала кездегі алаңсыз, адал достықты, ақ махаббатты аңсағанын ешкім де білген жоқ.