Екі күнге созылған ауқымды жиынның ашылуында сөз алған А.Көлгінов конференция тақырыбының өте салмақты, аса маңызды екенін атап өтті. «Мемлекет басшысынан бастап, Үкіметіміз білім беру саласына және ондағы мамандарға айрықша көңіл бөледі. Соның бір дәлелі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының әзірленуі. Бұл шешімді қоғам болып қолдап отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз кеңесінде мемлекеттің білім саласына ерекше назар аударатынын көрсетіп, Үкіметке ондағы түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуды тапсырды. Мұғалім – қоғамдағы басты тұлға. Онсыз ең керемет кітап оқылмай, тамаша оқу жабдығы қолданылмай қалады. Сондықтан олардың еңбегі бағалануы керек», деді.
Ал министрің орынбасары осымен 11-ші рет өткізіліп отырған конференцияның білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылайтын инновациялық алаңға айналғанын айтты. Оның ойынша, бұл шараның маңызы жаңа бағыттарды айқындау жолында мамандардың тың технологиялар мен жаңа әдіс-тәсілдер туралы тәжірибелерімен бөлісуінде болмақ. Сондай-ақ Ш.Каринова өз сөзінде отандық білім беру жүйесінің жаңа моделін қалыптастыруда еліміздегі барлық мектептерге үлгі болып келе жатқан Назарбаев зияткерлік мектептеріне, ондағы әріптестеріне алғысын білдіріп, жауапты жұмыстарына жеміс тіледі.
Жиындағы баяндамалар легін бастаған К.Шәмшидинова биылғы пленарлық отырыстар, секциялар және шеберлік сабақтарында мектеп әлемін жаңғыртатын мұғалімдер туралы пікір алмасу болатынын жеткізді. Конференция тақырыбына негізделген баяндамасында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы: «Қазіргі заман талаптарына сай мектеп әлемін үнемі жаңғыртып отыратын мұғалім қандай болу керек? Бұған тек уақытты тиімді пайдалана білетін, міндеттерді нақты анықтай алатын, оларды шешудің оңтайлы жолдарын тез табатын, қоғамға қызмет етіп, сол қызметі үшін толық жауапкершілік ала алатын көшбасшы мұғалімнің ғана шамасы жетеді. Үш жыл бойы жалпы білім беретін жетекші мектептермен жұмыс істеу барысында міндетті пәндік және педагогикалық білім мен дағдылардың маңыздылығымен қатар оқыту процесінде мұғалімнің жеке тұлғалық қасиеттері мен озық инновациялық тәжірибелерді қолданып, оқыту әдістемесі мен стратегияларын байыта алатын құзыреттілік басымдылығының арта бастағанын байқадық», дейді. Оның айтуынша, мұғалім ең алдымен өзіне-өзі сенуі тиіс.
Конференция аясында Ұлыбритания, Армения, АҚШ, Ресей, Норвегия, Венгрия, Нидерланд, Сингапур елдерінен келген халықаралық дәрежедегі сарапшылар, отандық белді білім беру орталықтарының өкілдері мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің әр өңірлердегі педагогтары түрлі тақырыпта семинар, шеберлік сабақтарын өткізді. Шара білім беру саласы қызметкерлерінің тәжірибе алаңына айналды.