Технология • 28 Қазан, 2019

Дамуды ойлағандар цифрландыруға бет бұрады

278 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халқымыз «судың да сұрауы бар» дегенде, үнемді меңзесе керек. Молшылық өндіргеннен емес, үнемнен жасалады. Қазір жұрттың барлығы да сауатты. Білгенге үнемделген уақыттың өзі табыстың кепілі, қаржының көзі болып саналады. Цифрландырудың түпкі мақсатының өзі осы үнем әрі темірдей тәртіптің іргетасы екенін облыс диқандарының барлығы соңғы жылдары сезіне бастады. Солардың бірі – кәнігі диқан Ыбыраш Естаев.

Дамуды ойлағандар цифрландыруға бет бұрады

Қанатқақты жобаның игілігі

Ел Үкіметі 2017 жылдың соңында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске қосқанда Ыбыраш шетелдерден көрген тәжірибелерін өз шаруашылығына енгізуді бастап та кеткен болатын, яғни цифрландырудың шарттарына сәйкес техникаларын жаңартқан. Сонда өзінің дұрыс жолда екенін сезініп, қуанған. Оның үстіне елдегі барлық дәннің 22 пайызын, сыртқа шығаратын ауыл шаруашылығы өнімінің 27 пайы­зын өндіретін Қостанай облысындағы бұл сала цифрландыру ісінде еліміз бойынша қанатқақты жоба ретінде алынды.

–Құдайдың рахаты, – дейді Ыбыраш Естайұлы біздің цифрландыру тиімділігіне орай қойған сұрағымызға. – Үйде отырып, қырманның басында қандай жұмыс жүріп жатқанын бақылай аламыз, іші-сыртында бейнекамералар ілулі тұр. Көктемгі дала жұмыстары кезінде компьютерлендірілген трактор атыздың шетіне қолмен сызғандай түп-түзу етіп, дәнді өзі сеуіп шығады. Қай атызда арамшөп қалың екенін спутниктік бақылау арқылы біліп отырмыз. Үйде отырып, жұмысшыларға еңбекақысын аударып жібереміз, басқа да берешегімізді беруге жүгіріп жүрмейміз. Бұрын элеваторға өткізген ас­тығымыздың қолха­тын, басқа да құжат­тарын алу үшін аяғымыздан тозатын едік қой. Қазір ойласам, қанша уақы­тымыз бос жүріспен кетеді екен ғой.

 Техниканың тиімділігі артты

Қазір цифрландырудың мұн­дай тиімді жақтарын тек Ыбыраш Естайұлы емес, ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп отырған ірі шаруашылықтар жетекшілерінің барлығы да айтады. Өркениеттің бұл көрінісінің берері мол екен. Әсіресе қазір жылдың қай маусымында болсын қажетті жанар-жағармайдың үнемделуі бірден байқалды. Жасыратын не бар, бұрын жанар-жағармай шаруашылыққа жеткенше «байдың малын аяма» деп, шетінен ағызып алумен-ақ шашылатын. Тасымал көліктеріне GPS мониторингін орнатқан шаруашылықтардың барлығында осындай «тышқаншалау» тыйылды.

– Жанар-жағармай, тыңайт­қыш болсын, кез келген шы­ғынды азайтты. Сонымен қатар цифрландырудың басты артықшылығы не десе­ңіз, қолайлылығы дер едім. Еңбекті де жеңілдетті. Тіпті ме­ха­низаторлардың өзі ал­ғашқы жылдары «электрониканы түсінбейміз, соны қоя қойшы, баяғыдан істеп жүрген жұмысымыз ғой» деп қашқақтайтын. Ал қазір трактор тоқтап қалса, электроникасын қоспаса жұмыс істегісі келмейді. Өйткені жер жыртқанда трак­торға тиісті қондырғыны орнат­қаннан кейін механизатор рульді ұстамай отыра береді, барлығын трактор өзі басқарады. Баяғыдай трактор бұрылатын бұрыштарға дән себілмей бос қалмайды, алқап барынша тиімді пайдаланылады, – дейді Меңдіғара ауданындағы «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Еркін Бұқанов.

Диқан да, шаруа да уақытты үнемдеуде, есептеуде, шығынды азайтуда цифрландырудың, интернет желісін қолданудың тиімділігін айтады. Алайда, цифрландыру қалпақпен қағып ала беретін шаруа емес. Мұның шаруа мен диқанға арзан түспейтінін де айтуымыз керек. Әсіресе, компьютерлендіру үшін ауыл шаруашылығы техни­калары шетелдік үздік трак­тор, комбайндар болуы тиіс. Мысалы, «Қарқын» шаруа­шылығындағы ауыл шаруашылығы техникаларының 80 пайызы шетелдік үздік техникалар. Трактор жер жырт­қанда, комбайн астық орғанда онда орнатылған компьютерлер қанша гектар жерді жыртқанын немесе қанша гектар алқап орғанын, оған қанша жанар-жағармай кеткенін, механизатордың қанша еңбекақы тапқанын бірден көрсетіп береді. Мөлдірлік қайда жатыр, бар нәрсенің басы ашық.

Қарабалық ауданындағы мал бордақылаумен айналысатын «Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде цифрландыруды енгізгеннен кейін жыл тәулігінде ғана жем-шөп 20 пайызға немесе 103 миллион теңгеге үнемделген.

–Цифрландырудың пайдасы бар, әсіресе есеп, бақылау үшін. Бұрынғы технологияның барлығында мал басына берілетін жем-шөптің белгілі бір мөлшері болғанымен, малды жемдеген кезде дәлдікпен сақталмайтын еді. Ал компьютер оны дәл көрсетеді, – дейді шаруашылық басшысы Дәулет Ахметқалиев. Шаруашылық цифрландыруға 100 миллион теңге қаржы жұмсады. Бірақ шаруашылық жетекшісі кеткен қаржының өзін өзі ақтайтынын айтады.

 Жылқыны GPS-трекер бағады

Біздің әңгімеге өзек болған шаруа­шылықтардың барлығы да ірі, бұл жаңашылдыққа қанша қаржы бөлсе де шамасы жетпей қалмайды. Сондықтан олардың бірсыпырасы 2013 жыл­дан бастап кірісіп, қазір соның нәтижесін көріп отыр­ғанын айттық. Дегенмен мал шаруашылығында, әсіресе жыл тәулігінде көбіне далада тебіндейтін жылқы, сонау қара күздің қара суығына, қар қалың түскенше жайылымда жүретін ірі қара секілді ұзын аяқты мал үшін цифрландырудың қымбаттығы білінеді. Мал ұрлығы қашан да ауыл сыртын торыған бөріден жаман. Өзгенің маңдай термен жинаған ақ адал малына қол сұғып дәніккендер ауылдан жылқыларды үйірімен айдап кетеді. Ауылдың қорасын аңдып, байлаулы сиырын жетектеп кеткен жағдай ауылдарда кездеседі. Ауылдағы өз еңбегіне ғана сенген шаруаға осы барымташылардың басынуынан өткен қорлық жоқ. Денисов ауданындағы Покров ауылындағы тұрғындардың барлығы да жылқы ұстайды, жазда қымызын, қыста етін сатып, кәсібін тербетіп, нәпақасын тауып отырады. Осы ауылдың тұрғыны Мирамхан Ыбыраев та жылқысын ауылдың үйіріне қосады. Былтыр бес айғырына GPS-трекер сатып алды.

–Мал өсіру оңай емес. Өрістегі малды ойлап, түн ұйқы­мыз төрт бөлінетін. Цифрлан­дырудың маңызын түсінгеннен кейін қымбат болса да бес GPS-трекер сатып алдым. Ауылдың табынын үш бақташы бағады. Дегенмен, ұзынаяқты малға күні бойы еріп жүру оларға да оңай емес. GPS-трекер алғалы, әсіресе боранды күндері үйде отырып, жылқының қалай қарай беттегенін, қалай ыққанын біліп отырамыз, ұйқымыз тыныш, – дейді Мирамхан.

Мамандардың айтқанындай, бір айғырға тағылған GPS-трекер сол айғыр үйірінің амандығына кепіл екен. Сонда бес GPS-трекер шамамен 150 бас жылқының қорықшысы болады. Былтыр мен биылғы 9 айда облыста 76 бас малға осындай GPS-трекер сатып алынған. Оны удай ақшаға сатып алғанының сыртында мал иесі ай сайын 12 доллар абоненттік төлемін төлеп тұрады, батареясын, приборларын сатып алады. Шаруаға мұның барлығы да шығын. Қайтарымы болғаннан кейін де олар барлығына көнуге мәжбүр. Жылқыларды чиптеу де облыста жалғасып жатыр. Былтырдан бері чиптелген жылқы екі жарым мыңның үстіне шықты. Жұмыс үзілмейді, жалғаса береді.

Өткен жылы ауыл шаруашы­лығын цифрландырудың облыста жүргізілген қанатқақты жобасы аясында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, қаржылық қуаты бар ірі 7 шаруашылық таңдалып алын­ған еді. Олардың барлығында жүргізілген цифрландыру ісіне бюд­жет­тен бір тиын төленген жоқ, шаруа­шы­лықтың өз есебі­нен жүзеге асты. Бұл іске С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университеті және А.Бай­тұрсынов атындағы Қостанай мемле­кеттік универ­ситетінде құрылған «Парасат» цифрлы хабы қатысып, нақты егін­шілік элементтерін енгізуге және GPS құралдарымен қам­тамасыз ететін ком­паниялармен жұмыстар жөнінде кеңес беріп отырды.

–Жаз айларында қанатқақты жоба­дағы шаруашылықтардың алқап­тарында цифрландыру жөнінде облыс­тың шаруашылық мамандары мен жетек­шілерін кеңінен қатыстырған семинарлар өтіп тұрды. Нақты егіншілік жүйесі енгізілген алқаптардың гектар түсімі 3-5 центнерге дейін өсті. Сонымен қатар жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен егінді өсімдік ауруларынан қорғайтын дәрі-дәрмектердің шығыны 15-20 пайызға кеміді. Ал тауарлы сүт өндіретін «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде «Ақыл­ды сүт фермасы» жобасы жүзеге асқаннан кейін малдың өнімі артты, сиырларды уақытымен ұрықтандыру арқылы 100 бастан алынатын төл 67-ден 90-ға дейін артты, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Темір Бисимбаев.

Қанатқақты жоба арқылы негізгі бағыт берілді, жол салынды. Әзірге оның нәтижесі ірі шаруашылықтарда көзге көрініп отыр. Ал техникасы да, малы да, алқабы да шамалы шағын шаруашылықтар бұл орайда шамаға қарап қимылдап жатыр. Өйткені цифрландырудың тиімділігі болғанымен шаруа­шы­лықтардың қалтасына қарайды.

 

ҚОСТАНАЙ