Кеше елордада “Дәулет” спорт кешенінде кикбоксингтен ел кубогы жолындағы жарыстың жалауы көтерілді. Жарысқа еліміздің барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларының үздік спортшылары келді.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов Қазақстан кикбоксингінің 20 жылдық мерекесімен жиылған жұртты құттықтаса, Кикбоксинг федерациясының президенті, Парламент Мәжілісінің депутаты Ирак Елекеев жарысқа қатысушыларға табыс тіледі.
2010 жыл қазақстандық кикбоксинг үшін ерекше жыл. Биыл бұл спорт түрінің Қазақстанда дамуының 20 жылдығын атағалы отыр. Бұл жекпе-жек күрес түрлерінің ең жас түрі. Әйтсе де, қазақстандық кикбоксшылар әлемде қазақ елінің көк байрағын жоғары көтеріп жүр. Мәселен, 2009 жылы Тай елінде өткен жекпе-жек күрес спорт түрлері бойынша Бірінші Азия ойындарында 40 ел ішіндегі жалпы командалық есепте біздің кикбоксшылар бірінші орынды иеленді. Олар біздің қоржынымызға 3 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлделерді салған болатын. Вьетнамда қараша айында өткен жабық алаңдағы 3-ші Азия ойындарында да спортшылар 2 алтын, 3 қола медальға ие болып, Қазақстанның 3-ші орынға орналасуына елеулі үлесін қосқаны белгілі. Әлемнің үздік кикбоксшылары қатарынан да отандастарымыз орын алды. Италияда өткен әлем чемпионатында 1 күміс және 3 қола жүлделерді қанжығаға байлады.
Аталмыш кубок жеңімпаздары еліміз құрама командасының құрамына еніп, ел намысын халықаралық жарыстарда қорғамақ. Жарыс жексенбі күні өз мәресіне жетеді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
АСТАНА.