Экология • 29 Қазан, 2019

Киік жылаған жыл

1518 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақтың қоршаған ортасы ғажайыпқа толы ғой. Әсіресе тұмса табиғаттың тума төлі таңдап, талғап тіршілік ететін бірегей мекенге лайық өлкеге баймыз. Мәселен, арғы тегі адамзаттың түпсанасымен бірге өрбитін киік жануарына қатысты ғаламшардың ғалымдары таңғалатын құбылыстың дені қазақ даласына ғана тән дейді.

Киік жылаған жыл

Нақтырақ айтқанда, зерт­теу­ші ғалымдар, экологтар, тіпті қара­пайым ғана турис­тер ұзақ күтіп, куә болуға құш­тар киік по­пуля­циясы негі­зі­нен біздің ел аума­ғында жүре­ді. Жалпы, әлем бойынша киік жануарының та­би­ғи жолмен көбеюі қазақ даласынан бас­қа Қалмақия мен Моңғолия аты­ра­бында ғана байқалған. Ал Қазақстандағы киік атау­лы тір­шілік популяция­сын Бет­пақ­дала, Орал жəне Үстірт жо­тасында өткереді екен. Осы аймақтарда өніп-өскен жәу­дір­көз жануарлардың есебін алып жүрген мамандардың де­ре­гі бойынша қазір елімізде жалпы саны 334 000 шамасында киік тұяғы бар көрінеді.

...Биыл да киікке кезенген мылтық ұңғысынан атылған оқ азаймады. Қорғансыз дала жануарына арашаға ұмтылған қорықшы қарақшының қолынан қаза құшқанын әлі қоғам ұмы­та қойған жоқ-ты. Дәл осы адамға қарсы жасалған қылмыс пен табиғатқа қасақана зиян кел­ті­ру жайындағы суық хабар сейіл­мей жатып Арқа төсінде браконьерлер тағы астамсып, қорықшыға оқ атып, киік қырып қолға түсті. Табиғаттың тұмса төліне қатысты айуандық қылмысты айыптаған мақалалар легі «Egemen Qazaqstan» газе­тін­де үнемі жарияланып келеді, сондықтан оқиғаларға егжей-тегжейлі тоқталмаймыз. Ал күні кеше ғана Ұлттық қауіп­сіз­дік ко­митетінің арнайы жасағы Алма­ты облысының аума­ғында киік мүйізін заңсыз саудаға шығарумен айналысқан қыл­мыс­тық топты құрықтады.

«Қыркүйек, қазан айлары аралығында браконьерлік топ әрекетінің жолын кесу іс-ша­ра­сы шеңберінде Ұлттық қа­уіп­сіздік комитеті Атырау, Ақтө­бе, Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыс­та­ры­ның, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларының аума­ғын­да ұзақ уақыт бойы киік мүйізін дайындап, одан әрі Қытайға контрабандалық жолмен сату, тасымалдау және шы­ғаруды жүзеге асырған қыл­мыс­тық топқа қатысты жедел-тергеу іс-шараларын жүргізді. Ұйымдасқан қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы заңсыз киік атумен айналысып келген. Жедел-тергеу тобы тінту барысында 1 тонна 118 кг киік мүйізін тапты», деп хабарлады құзырлы органның баспасөз қызметі. Маман­дардың есебі бойынша, мұн­шалық салмақтағы мүйізді жи­нау үшін браконьерлер 3 мың бастан астам киікті атып өлтірген екен. Ал бұл қыл­мыс­тық әрекеттің салдарынан мем­­лекетке келген зиян 5 млрд 664,6 млн теңгені құрады.

Оқиғаға орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел үн қатып, қылмыскерлерді қатаң жазалауға пәрмен бер­ді. «Браконьерлер табиғат бай­лығы – киіктерді аулауды тоқ­тат­пай отыр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға (!) жуық киікті өлтірген қыл­мыскерлерді құрықтады. Қас­көйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қор­ғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек», деді Қазақстан Пре­зиденті. Қазір қолға түскен 18 адам Қылмыстық кодекстің 262-бабының 2-тармағымен «ұйымдасқан қылмыстық топ­қа қатысу» әрекеті бойынша және 339-бапта көрсетілген «өсім­діктердің немесе жануар­лар­­дың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сон­дай-ақ пайдалануға тыйым са­лын­ған түрлерімен, олардың бөлік­терімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» қылмысы бойынша айыпталып, тоғыз адам сот санкциясымен қа­мауға алынды.

Енді қаскөйлердің жазасын сот бермек. Алайда, қо­ғам­дық пікір табиғатқа қарсы жасалған қылмыстың тамыры жуандап кеткенін айтып, бра­коньерлердің бұғаусыз қала­тындығына алаңдаулы. Көп­ші­лік 3 мыңға жуық киікті қырып салған қаскөйлердің ісін айып­та­ған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменінен кейін елімізде заңсыз аң аулаушылармен күрес күшейіп, жазалау шара­лары күшейетінінен үмітті.

Жалпы, табиғаттағы жануарлар санының сыртқы фактор­лар­дың кесірінен күрт азаюы эко­логиялық тепе-теңдіктің бұ­зыл­уына әкеледі, дейді мамандар. Мысалға, киік тұяғының кемуі дала төсіндегі шөптесін өсім­діктердің тұқым шашып, тамыр­лануын тежейді екен. Біз осы киік оты мен көшіне қатыс­­ты бұған дейін танымдық тұрғыда мақала жазған едік, аз-кем үзінді келтіру артықтық етпес.

Анығында, киік өрісіне көз салған адам ирек-ирек жа­йылым ізіне жолығар еді. Әсілі, үй жануарлары адами болмысқа әбден сіңісіп, тепе-теңдік пен тәртіп деген нәрсе­ден жұрдай болатынға ұқсай­ды. Мәселен, ең момын түлік саналатын қой баласының өріс­те­гі азықтану сәтін бақы­ла­саңыз, бір қомағайлық пен тал­ғамсыздықты, тіпті ысырап­ты аңғарасыз. Рас, сізге күлкілі болуы мүмкін, бірақ солай. Оның жанында жабайы киіктің жайлымында бір реттілік байқа­ла­ды. Инстинкт! Бәрібір, жер төсіндегі жалғыз түп жусан қалса да, киелі жануар оны ұқыппен үзіп жеп, тамырымен қопара жұлмас еді. Өз байқауымызда, киіктер тобымен жайылымға шыққанымен, аузына іліккен шөпті талғамай жұта беретіндерден емес. Ретімен, доға тәрізді тізбекпен жайылып жүргенін талай көрдік. Құнжыңдаған құралайы мен қалқиып тұратын құлжасына дейін шеп құрап тұрғандай әсер беретін. Ірі денелі, ересек киіктер доға тәріздес шеңбердің алғы шебі мен қосқаптал шетін­де екі рет еңкейсе, үш рет үн тыңдайтындай еді.

Ал шашыраңқы шеңбердің орта тұсында, әлбетте, жас төл­дер жайылатын. Ұққан адам­ға, бұл бір стратегиялық қорғаныс сияқты. Сырттан келетін кез келген қатерге отар­да­ғы әлді, белді киіктер алдымен қарсы шығады. Егер топты киік дүр етіп үріксе, жөнеп бара жат­қан қара-құраның ішінен құ­ра­лайды таппай қаласыз. Өйт­ке­ні манағы қос қапталдағы ірі топ шашау шыққан бірлі-жарым ұсақ басты қыспақтап, үйірмен қосыла шабуға мәжбүр етеді. Ұрпақ өрбіту мен оның амандығын тілеу адамзатқа ғана тән емес екен, бақсаңыз. Ал даланы емін-еркін жайлайтын киік баласының түйсігі тым аяулы сияқты ма, қалай? Әсілінде, ғылымның өзі жабайы жануарлардың өмір сүру қағидаттарының жыртқыш аңдарға қарағанда ерекше сырға толы екендігін жасырмайды. Оның ішінде түз сақтайтын төрт аяқтылардың жөні бір бөлек. Адамзат баласына зәредей қиянаты жоқ жануарлардың жаратылысында біздің ғылым түсіндіріп бере алмайтын ерекшелік бары анық.

Айтпақшы, жазба деректер киіктің арғы тегін антилоптық жануар түріне апарып тірейді. Демек, жер бетінде адамзатпен бірге жасап келе жатқан бағзы тұяқты тұқым, біздің тілеушіміз де шығар. Тіпті қазір православие мәдениетіне толық жұтылып болған Қалмақ әулетінде бір кездері тұяқтылардың осы түріне табыну ырымы болған екен. Буддалық наныммен шатысатын бұл түсінік бойынша Ақ елік Ене бейнесіндегі құдай адамзаттың асыраушысы әрі жебеушісі-мыс.

...Ерте кездері Еуропада да елік пен арқар жыртылып айырылған екен, дейді тағы бір дерек. Қазір емге таппайсыз. Әрине қорғалатын қорықтардан басқа жерден. Өкініштісі, табиғаттағы бұл түрдің жойылуы Азияда да қарқынды жүруде. Көз алдымызда болып жатқан оқиғалардың легі Қазақстандағы киіктердің де қорғауға, жалпы жануарлар әлемінің өзі де арашаға зәру екенін аңғартқандай. Демек, қоршаған ортаны қорғау жайы қоғамның назарынан түспеуі тиіс.

 

Алматы облысы