«Ақта не ақ? Қар – ақ, ұстасаң қолыңды тоңдырады. Қарада не қара? Қазан – қара, ас ішсең қарныңды тойдырады» деген халық тағлымы да қазанның қазақ үшін маңызының тереңде екенін сездірсе керек.
Ас құралы болған қара қазан қазақтың қорғаны, панасы да болған. Аштықтан аман сақтаған осынау үй ыдысының жар астынан жау шапқанда сәбиін қара қазанның астына тығып, аман алып қалғандар туралы көп кітап тәптіштейді.
Қазекең астарлап жеткізетін кейбір ұғымдардың қазанға қатыстысы да жетерлік. Күні бүгінге дейін кей ауылдардағы зираттардан қабірдің үстіне немесе сол моланың ішінде төңкерулі қазанды кездестіруге болады. Бұл халық түсінігінде «әулеттің оты өшті, ешкімі қалмады» дегенді білдіреді. Яғни, мұрагері жоқ, балалары қалмаған әулетті осылай білдіріп отырған. Ертеректе үлкендер «қазанды төңкерме» деп ұрысып жатушы еді, оның артында осындай астары бар.
Қазақ «ырысым өзге үйге кетіп қалады» деп қызға қазан бермеген. Сол сияқты қайтыс болған адамның тұқымы тоқтаусыз өле берсе, зиратына құран оқытып, қазан төңкерген. Қазақтың суға кеткен адамды, сол үйдің қазанын суға төңкеріп әлгі адамды іздейтін де ырымы бар. Көп жағдайда қазан суға кеткен жанның тұсына қалқып барып, дөңгеленіп тұрып алады екен. Таңғаларлық жайт, бірақ бұл халық тәжірибесінде бар нәрсе.
Еліміздің ертеден жеткен ерекше мұрасының бірі және бірегейі – Түркістандағы Тайқазан. Әмір-Темір бабамыз соқтырған деп саналатын осынау құнды жәдігердің жеті түрлі асыл металдан жасалғаны баяндалады бір жазбаларда. Бір қызығы, осы үлкен ыдыстың кішкентай ғана май шам секілді оттықпен қайнағаны да айтылады.
Қазақы ұғымда қазаннан айрылу құт-берекеден айрылумен тең саналған, кектескен, жауласқан жұрттың жауының мысын басу, рухани жер ету үшін қазанын тартып әкететін де жағдайлары болған. Бұл үлкен масқара саналған.
«Қазаның толы болсын», «Қазаның оттан түспесін» дегені қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан алғысы, батасы. «Қазаның қайнамасын» деген қарғысты да қалдырған қазақ.
Келін толғатқанда жарыстыра қазан асып, толғақты жеңілдеткен де, бұл жоралғысына «Жарысқазан» деп ат қойған да осы атам қазақ. Сыйлас, құралыптас адамдардың «қазан шегелей келдік» деп астарлап бір-біріне қыдырыстайтыны да осы ас иесі – қара қазанға қатысты.
Ақтөбе жағында «айрылысар көже» деп аталатын салт бар. Мұны кейбір өңірде «айрылыс қазан» деп те атайды. Яғни, қоныс аударып, көшіп жатқан отбасының көршілері мен ағайынын шақырып, қонақ қылуы, қоштасуы.
Замана ағымымен ел жаңарып жатыр, табиғаттың өз отыны – газ келді қолданысқа. Ауладағы ошақ, қазанның мәні төмендей бастады. Рухани тамырың, тағлымың – қара қазанды бүгінгі ұрпаққа ұмыттырмау, бұл да бүгінгі көп міндеттің бірі болып отыр.
Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ