Қоғам • 29 Қазан, 2019

Израильден үйренеріміз көп

544 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда елімізде «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ) тарапынан «Қандастарды Отанына қайтаруды мемлекеттік қолдаудың халықаралық тәжірибесін зерделеу» зерттеу жобасы қолға алынып отыр. Аталған құрылым өкілдері осы жоба аясында бірқатар мемлекетке іссапарымен барып қайтты. Бұл елдердің қатарында Израиль де бар. Бұл мәселеде израильдік тәжірибенің озық үлгілері бізді қызықтыратынын ескере отырып, таяуда қазақстандық делегацияны Израильге бастап барған «Отандастар қоры» КЕАҚ-ның басқарушы директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әнуарұлы Оңғарбаевты әңгімеге тартқан едік.

Израильден үйренеріміз көп

–Еркін Әнуарұлы, «Қан­дастарды Ота­ны­на қайта­руды мемлекеттік қолдау­дың халық­аралық тәжірибесін зерделеу» жоба­сын жүзеге асырудағы негізгі мақсат қандай?

–Біздің зерттеу жобамыздың мақсаты – тұрып жатқан елдерінде диаспораларды қолдаудың түрлері мен нысандарының халықаралық тәжірибесін, мемлекеттік және басқа бағдарламалар негізінде шетелде тұра­тын отандастардың елге оралуын, қоныс ауда­руын, елде бейімделуге көмек көрсетуді және диаспораның мәселелері бойынша кейбір мемлекеттердің заңнамасын зерделеу.

–Таяуда өзіңіз қазақстандық деле­га­ция­­ны басқарып Израиль­ге барып қайт­­тыңыз. Сырт­тағы отандастарын қолдау, елге орал­ғандарына жағдай жасау мәсе­лесі бұл елде заңнамалық тұрғыда қа­лай, қан­дай деңгейде шешімін тап­қан екен? Олардың аталған бағытта қандай ерек­ше­ліктері мен артықшылықтарын аңғар­дыңыз?

–Израильде репатриация про­цесі еврей­лердің Израиль мем­ле­кетіне кө­­шіп келу үдерісін рет­тейтін «Оралу тура­лы», сондай-ақ «Азаматтық туралы» заң­да­ры­на сәйкес қарастырылады. Мысалы, «Оралу туралы» заңына сәйкес Израиль мем­лекетіне еврейлердің үшінші буынға дейінгі ұрпақтарына және олардың отбасы мүше­леріне келуге рұқсат етіледі. Негізгі репатриантқа оның еврей ұлтынан ата-анасы немесе әжесі/атасы бар екенін растайтын құжат қажет. Бұл ретте Израильде ұлттық тегі анасынан берілетінін ескерген жөн. Бірақ оған қарамастан, Алия (иммиграция/репатриация) құқығы еврейлердің балалары мен немерелеріне әкесі жағынан да беріледі.

Елге оралудың маңыздылығы «Алия күні туралы» заңында белгіленген. Бұл заңның мақсаты – Израиль мемлекетінде Алия маңыз­дылығын білдіретін жыл сайынғы атаулы күнді белгілеу.

–Израиль билігінің шеттегі қан­дас­та­рын елге қайтару ісінде мемлекеттік қол­дау ісі қа­лай жүйе­ленген? Оларда осы іс­пен шұғылданатын қандай құрылымдар бар?

–Израиль мемлекеті жаңа репа­триант­тар­дың келуіне қызы­ғушылық танытуда. Осыған байланысты мемлекет олардың жағдайын реттейтін нормаларды үнемі же­тілдіруде. Репатрианттарды бейім­деуге бағытталған ең маңызды қадамдардың бірі – тұрақты тұруға келіп жатқан адамдарға білім алу және дағдыларын жетілдіруге бағытталған мемле­кет­тің көмегі.

Алия және интеграция ми­нистрлігі қоныс аудару бағдар­ламасының бірегей операторы бола отырып, елге келген репатрианттарға кө­мек­­тің, кеңестер мен қолдаудың кең спек­т­рін ұсынады. Аталған мини­стрлік жаңа азаматтар үшін көп­теген жеңілдіктер, оның ішінде бірнеше жылға «нөлдік табыс салығы», сондай-ақ медициналық сақтандыру бойынша жеңілдіктер ұсынады. Израильге кел­геннен кейін репатрианттар қосымша «Background Check» атты тексеруден өтеді. Содан кейін Израильдің жаңа тұрғындарына ішкі пас­порт, «көтерме» ақша, тегін sim-карта, медициналық кепілдіктер (аурухана кассасына жазылу) беріледі.

Израильге репатриациядан кейін бірін­ші жылы жаңа репатрианттар «абсорб­ция кәр­зеңкесін» («саль клита») алуға құқылы. «Абсорбция кәрзеңкесі» – бұл репат­риант­тар­ға Израильге келген соң бастапқы кезеңде жай­ғастыруға арналған ақшалай көмек. Кө­мек Ульпанда (иврит тілін оқытатын мектеп) оқу кезеңінде (6 ай ішінде) өмір сүру құралдарымен қамтамасыз ету ретінде ұсынылады және Израильде өмір сүрудің алғашқы 12 айында тұрғын үйді жалға алуға дотацияны қамтиды. «Абсорбция кәрзеңкесі» барлық репатрианттарға, олардың шыққан еліне қарамастан, беріледі.

«Абсорбция кәрзеңкесін» алуға «репатриация үшін» визасы бойынша Израильге алғашқы рет келген репатрианттар, жаңа репатриант мәртебесін алу алдындағы үш жылдың 24 айынан аспайтын уақыт аралы­ғын­да Израильде үздіксіз немесе жалпы уақыт санағанда тұрған репатрианттар, репатрианттар-азаматтар – шетелде туған және жоғарыда аталған барлық критерийлерге жауап беретін израильдіктер және Израильге оралған кәмелетке толмағандар құқылы.

Репатрианттардың репатриант мәртебесін алған сәттен бастап бір жыл ішінде «абсорбция кәрзеңкесін» алуға құқығы бар. Шетелге кету «абсорбция кәрзең­кесі» бойынша төлем­дерді тоқтатуға себеп болады. Сондай-ақ әр­түрлі бағдарламалар бар. Мысалы, «Вау­чер» бағдарламасы Алия және интеграция министрлігі арқылы жаңа мамандыққа оқыту құнының 80%-ын немесе Израильде еңбек нарығының талаптарына сәйкес ескі маман­дық бойынша білімін жетілдіруді мемлекет өтей­тіндігін қарастырады.

Ульпан – барлық репатрианттарды иврит негіздеріне үйрететін арнайы мектеп. Ульпанның басты мақсаты – репат­риант­тар­дың израильдік қоғаммен барынша жеңіл ықпал­дасуға дайындау.

«Менің қаламнан келген Таглит» атты сапар бағдарламасы Израиль­дің аумақ­та­рына баруға арналған 10 күн аралық қы­зық­ты саяхатқа бағытталған. НААЛЕ – ре­пат­­риацияға құқығы бар оқу­шыларға Из­раиль­де орта білімді аяқтауға және әлем­нің барлық жоғары оқу орындары мойындайтын израильдік кемелдік аттестатын алуға мүмкіндік беретін Израиль үкіметінің және Еврей агенттігінің бағдарламасы. МАСА жобасы – Израиль үкіметі мен Еврей агенттігінің бірлескен жобасы. Жобаның мақ­са­ты – диаспора елдерінде тұрып жатқан 18-30 жас аралығындағы еврейлердің жыл сайын Израильде болуын қамтамасыз ету.

–Бұл елде осы мәселеде мем­лекет-жеке­мен­шік әріптестік тетігі іске қосылған ба?

–Бұл сұрағыңызға орай «Сох­нут» еврей агенттігінің қыз­метін мысалға келтіруге болады. Агенттік 80 жылдан астам уақыттан бері Израиль мен әлемдегі еврей халқының арасын байланыстырушы болып келеді. «Сохнут» еврей агенттігі 1929 жылы құр­ыл­ған, Иерусалимде орталығы бар, ком­мер­ция­лық емес халықаралық еврей ұйымы. Агенттіктің қызметі еврей халқының тарихи отанына оралуына ықпал етуге, Израиль­де жаңа репатрианттарды бастапқы орна­лас­ты­руға бағытталған. Соны­мен қатар агенттік Израильде және бүкіл әлемде жас еврейлердің ұлттық сана-сезімін нығайту үшін негізгі күш-жігерді шоғыр­ландырады. Сохнут жеке қорлармен қаржыландырылады, сондай-ақ қайырмалдық көмектерін де қабылдайды. Сонымен қатар ол өз мүлкі арқасында ақша табады. Қазіргі уақытта Израиль мемлекеті мен Сохнут арасында елге репатриация бойынша көмек көрсету, сондай-ақ шетелдегі еврей қауымдастықтарына қатысты ақпарат алмасу туралы ресми шарт бар. Осыған орай, Сохнут қызметі ішінара Алия және интеграция министрлігінің қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Сохнут агенттігінің міндеті: басқа елдер­де­гі еврей халқы мен Израиль мемлекеті арасындағы байланыстарды нығайту, еврей мәдениеті, тарихы және дәстүрі сала­сын­да­ғы ағартушылық қыз­метті, иврит тілін үйренуге ұм­ты­лысты қолдау, Израиль мем­лекетінде қоныстануға шешім қабылдаған репатриацияға құқығы бар азаматтарға ақпа­раттық және кеңестік көмек көрсету, еврей мәдениетін, тарихын, иврит тілін және дәстүрлерін зерттеумен айналысатын Израильден тыс өзге мемлекеттердегі еврей қауым­дастықтарына жәрдемдесу, бала­лар мектебі және мектепке дейінгі меке­мелерге, оның ішінде мүмкіндіктері шек­теулі балаларға қайырымдылық, ұйым­дас­ты­рушылық және қаржылық қолдау көрсету.

–Израильдің шеттегі отандастарын ша­қыру ісіндегі нәтижесі қандай? Жалпы, олар­дың бүгінге дейін қанша қандасы елі­не оралған?

– Алия және интеграция министрлігінің деректері бойын­ша соңғы жылдары репатриация деңгейі бірнеше есе өскен (көбінесе Франция, ТМД елдері: 1/3 – Украинадан, 1/3 – Ресейден, 22 мың – Қазақстаннан) және өңірдегі саяси жағдайға, міндетті әскери қызметке және жоғары бағаларға қарамастан, соңғы отыз жылда елге 1,5 млн-ға жуық адам келген. Соңғы жылдары, ТМД елдерінен Израильге келген репатрианттар саны бойынша рекордтық көрсеткіш орын алуда және бұл сан әлі де өсуде. Егер 10-20 жыл бұрын Израильге негізінен орта таптың өкілдері, түрлі мамандығы бар жұмысшылар келсе, соңғы жылдары тұрғылықты жерін ауыстыруды шешкен бизнесмендердің үлкен үлесі тіркелуде.

–Аталған сала бойынша израиль­дік озық тәжірибелерді өзімізде қолдануға біз­дің мүм­кіндігіміз бар ма?

–Израиль мемлекетінің тәжірибесін қа­зақс­тандық заңна­маны жетілдіруде қол­да­нуға болады. Осы орайда айта кетейін, «Шетелдегі отандастарды мем­лекеттік қол­дау туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасының Тұжы­рымдамасын, «Шетелдегі отандастарды мемлекеттік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын, «Шетелдегі қазақ диаспорасын және репатриацияны қолдау бойынша» 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның Тұжы­рым­дамасын, «Шетелдегі қазақ диаспорасын және репатриацияны қолдау бойынша» 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу барысында Израиль мемлекетінің тәжірибесін қолдану көзделуде.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, Израиль мемлекетінің тәжірибесі мысалында репат­риант­тарға, сон­дай-ақ шетелде тұратын отан­дас­тарға қатысты қолдау жүйесін, балалар және жастар бағдарламаларын әзірлеу және енгізу тәжірибесін, еңбек нарығының талаптарына сәйкес жаңа мамандыққа оқы­ту немесе ескі кәсібі бойынша білімін жетіл­діру бағдарламаларын, жас дәрігерлер мен медициналық ЖОО студенттеріне (18-29 жас), IT, нақты ғылымдар, басқару және бизнес саласындағы жас мамандарға (18-26 жас); спортшылар мен белсенді өмір салтын ұстанатындарға (18-26 жас); фотографтардың, дизайнерлер мен өнер қайраткерлерінің (18-26 жас) мүдделері мен кәсіби қыз­метіне бағытталған арнайы бағдар­ламаларын елімізде қолдану қажет.

Бұған қоса, аталған елдің тәжі­рибесі мысалында Израиль колледждері мен универ­си­теттеріне түсуге арналған әмбебап және ең танымал бағдарламасын (17 жастан 21 жасқа дейін), инвестициялық капиталды тарту ретінде көші-қон үрдісінің тиімділігі бойын­ша есептеу әдістемесін, репатрианттарды «абсорбция кәрзеңкесі», медициналық сақтан­дырумен және репатрианттарға қатыс­ты өзге де жеңілдіктермен қамтамасыз ету тәжіри­бесін қазақстандық заңна­маның ер­екше­ліктерін ескере отырып қолдану ма­ңыз­ды.

 

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»