26 Наурыз, 2010

ТҮРКІ ӘЛЕМІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

652 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жер әлемді жаңартып, жасартып келген ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамының қарсаңында Президенттік мәдениет орталығында “Түркі әлемі” орталығы ашылды. Елбасы Н.Назарбаев өткен жылдың қазан айында Әзірбайжанның Нахичеван қаласында өткен түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты арттыру жөнінде ұсыныс айтқаны белгілі. Сол ұсыныс түркі мемлекеттері басшыларынан қолдау тауып, қазіргі таңда Түркі мемлекеттері басшылары кеңесі мен Түркі дүниесі ақсақалдар кеңесі құрылды. Түркі дүниесі академиясының Астанада орнығатыны және мәлім. Ежелден бауырлас халықтар ара­сын­дағы осындай істің елордадағы ұйытқысындай “Түркі әлемі” орталығының ашылуы бұл бауыр­лар­дың мәдени, ғылыми, рухани жағынан жа­қын­дауына жол ашары анық. Орталықтың ашылу рәсімінде сөз алған Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков мұндай қадам мемлекеттер арасындағы достықты тереңдетіп қана қоймай, бірлікте жұмыс істеуге жол ашатынын, игілікті шара Түркия премьер-министрі жанындағы Түркі халықаралық ынтымақтастық және даму агенттігімен (TІKA) бірлесу нәтижесінде орындалып отырғанын тілге тиек ете келіп, Түркия мен қазақ елі ара­сындағы тарихи байланысқа жан-жақты тоқталды. Заман талабына сай жарақталған оқу залына ғаламторға қосылған 20 компьютер қойылыпты. Екі елдің арғы-бергі тарихынан мол дерек беретін кітаптар, көркем дүниелер, мемлекет басшыларының еңбектері қойылған. Болашақта Түркиядан қазақ елінің өміріне қатысты мыңдаған кітаптар жеткізіліп, кітапханалар ғаламтор арқылы жалғасып, мағлұмат алмасу жүйелі түрде жолға қойылмақ. Мұның ғалымдар мен ізденушілерге пайдалы болатыны айтпаса да түсінікті. Орталықтың ашылу рәсімінде Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Атилла Гүнай, сенатор Қуаныш Сұлтанов, TІKA-ның Қазақстандағы өкілі Омер Қожамен “Түркі әлемі” орталығының қазақ топырағында құтты мекен болатынына сенім білдірді. Жақсы бастама одан кейін “Армысың, әз-Наурыз!” атты түркі дүниесінің көрмесіне ұласты. Сүлеймен МӘМЕТ.