Руханият • 30 Қазан, 2019

Тілеп қобызшыға кесене тұрғызылды

1418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқымыз руханиятында қобыздың алар орны ерекше. Осы мифтік музыка құралының шанағынан халықтың мұң-зары төгілгендей, тіпті қазақ даласының музыка тіліндегі ғажайып көрінісіндей әсер береді. Қобызшылар тек күй тартып қана қойған жоқ, олар қобыз әуенімен емшілік жасады.

Тілеп қобызшыға кесене тұрғызылды

Торғайда ХVIII ғасырдың екін­­ші жартысы мен ХІХ ға­сыр­­дың басында өмір сүр­ген қобыз­шылардың бірі Тілеп Ас­пан­­тайұлы болатын. Қобызшы­ның шығармалары бүгінге дейін ойналады. Өзі тылсым күшке ие қобыз арқылы адам емдеп, халқына көмегін берген. Ел жадында сақталған Ті­леп пен Сарықыздың махаб­бат-тағдыры да оның биік адам­гершілік, таза жүрек иесі екенін көрсетеді. 1820 жылы пайғамбар жасында дүниеден өткен Тілеп қобызшының сүйегі қазіргі Жангелдин ауданын­дағы Ахмет Байтұрсынов ауылы­нан 60 шақырымдай жерге қо­йыл­ған екен. Белгілі меценат, «Тілеп» қайырымдылық қоры­ның президенті, қобызшы­ның ұрпағы Сапар Ысқақов бабасы­ның басына кесене тұрғызды.

Кесененің ұзындығы 12 метр, ені 4 метр, биіктігі 2,5 метр, екі жағында биіктігі 5 метр мұ­на­расы бар. Кесененің қос көк күмбезі алыстан көз тар­та­ды. Құрылысты  салушы­лар­дың айтуына қа­ра­ғанда, кесене жұмысы мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы жылдары кесененің қасынан адамдар түнейтін қосымша үй салынатын болады. Торғай өңірінен ғана емес, басқа жақтан да науқас, перзент тілеп жүрген жандар әлі күнге дейін қобыз­шы зиратының басына келіп қонып, дұға етеді. Зират елді мекендерден шалғай болған­дықтан, ол жерге жету, түнеу қиындық туғызатын. Меценат адамдар сеніміне құрметпен қарау, жағ­дай жасау үшін де кесене жанынан шағын үй салуды ойластырып отырғанын айтты.

 

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы