Әдебиет • 30 Қазан, 2019

Алаштың Мырзағазысы арамызға келді

678 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Рас, Қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін күрескен Алаш арыстары Әлиханның, Ахметтің, Міржақыптың сенімді серігінің бірі болған Мырзағазы Есболұлы қайта тірілгендей болды.

Алаштың Мырзағазысы арамызға келді

 

«Алаштың Мырзағазысы: қай­рат­керлік ғұмырнамасы және шы­ғармашылық мұрасы» атты халық­аралық ғылыми-практикалық кон­ференцияға қатысқандарды осындай сезім баурап алды. Өйткені А.Бай­тұрсынұлы атындағы Қостанай мем­лекеттік университеті мен осы білім ордасындағы «Рухани жаңғыру» кең­сесінің ұйымдастыруымен өт­кен бұл конференция 1938 жылы на­қақтан атылған күрескерге арнал­ған алғашқы іс-шара болатын. Сон­дықтан конференцияның тізгінін ұста­ған филология ғылымдарының докторы, профессор, «Рухани жаң­ғыру» кеңсесінің жетекшісі Алмас­бек Әбсадық сөздің басын «Бүгін Алаштың Мырзағазысы ортамызға келді деп біліңіздер» деп бастады. Ал Мырзағазы Есболұлы кім болған еді?

Мырзағазы 1891 жылы Торғай облысындағы Қостанай уезіне қарасты Аманқарағай болысының Жолдыбай ауылында дүниеге келді. 1891 жылы патша өкіметі қазақ даласын қазыналық деп жариялағаннан кейін Аманқарағай болысының аумағына да қара шекпенділер қо­ныстанады, содан бүгінге дейін Жол­д­ыбай ауылы тұрған жердің төңі­регі Лаврентьевка деп аталады. Алғашқы сауатын болыстық мектептен ашып, кейін мұғалімдік мектепті тәмамдайды. Кейбір деректер бо­йынша, Мырзағазы Петербордағы мұғалімдік институтты (қазіргі Гер­цен атындағы Санкт-Петербург пе­да­гогикалық институты) бітіреді, кейін медициналық білім алады. Ел­дің, жердің мұңын мұңдаған «Айқап» журналы мен «Қазақ» га­зе­тіне мақалалары шығып тұрған. Тіпті Петербордағы «Мусульманская газетаның» тілшісі болады. Екі тілде бірдей жазған Мырзағазы 1923 жылы Ташкентте жарияланған «Түркістанда келімсектер орнаған аудандардағы жер мәселесі» атты кітап жазады. Онда Ресей пат­ша­лығының қазақ даласындағы отар­шылдық саясатын қанын шығара сипат­тайды. 1924 жылы ресейлік профессор Д.Кудрявскийдің «Как жили люди в старину» атты кітабын «Арғы мәдениет» деген атпен қазақ тіліне аударып басады.

Жасы едеуір кіші болса да, Мыр­зағазы аласапыран уақытта Алашорда көсемдері Әлихан, Ахмет, Міржақыптарға серік бола біл­ді. Мысалы, 1916 жылы «Июнь жар­лығына» байланысты қазақ дала­сындағы дүрбелең кезде Әлихан Бөкей­ханның бастамасына қолдау көр­сетіп, майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жігіттеріне бас-көз болу үшін Батыс майданға аттанып, Минск маңындағы әскери қо­сын­дарды аралайды. 1917 жылы шіл­де айында Орынборда өткен І жалпы­қазақтық құрылтайда құрылған Алаш партиясының қатарына өтеді. Сол жылдың желтоқсан айында өт­кен П жалпықазақ құрылтайында Алаш автономиясы жарияланып, Мырзағазы Есболұлы Қостанай уезі кеңесінің тұрақты өкілі, кейінірек Алашорда үкіметінің Қостанай уезі бөлімінің төрағасы болады.

Мырзағазы Есболұлы 1929 жылы Қызылорда қаласында Алаштың 44 қайраткерімен қатар тұтқынға алынады. 1938 жылы Ленинградта «үштіктің» шешімімен ату жазасына кесіледі. Оның өзі ғана емес, отбасы, туған-туыстары тоталитарлық жүйенің құрбанына айналады. Сол кездегі әділетсіз саясат, қуғын-сүргін әйелі Рахима Асфендиярованың өзіне қол салуына мәжбүр етеді, балалары Шағатай мен Жаңатай Мырзағазының өтінішімен ағасы Шаяхметтің атына жазылады. Ұр­пақ­тарының айтуына қарағанда, Мыр­зағазының отыздан артық туысы түрлі деңгейде қуғын-сүргін көреді.

Конференцияда белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай Мырзағазы Есболұлының тергеу ісі жөнінде әңгімеледі. Ол Алаш қайраткерінің уақыттың аласапыран кезіндегі ат­қар­ған қызметтерін аса жоғары баға­лайтынын айтты.

– Уақыттың қазақ халқы үшін тұтқырлы кезеңдерінде Мырзағазы атқарған істердің біріне мына оқиғаны жатқызар едім. 1930 жылы Ресейде жер игеру, келімсектерді оналастыру, қазақтың артық жерін анықтау жөнінде үлкен пікірталасты басқосу болады. Сонда қазақтар атынан Мыр­зағазы барады. Ол кезде діннің ықпалы мықты болған, бұл жиынды шіркеу ұйымдастырады. Сонда алдымен синод шығып сөйлеп, христиан діні толық тарау үшін қазақ жеріндегі үш адамның екеуі келімсектер болуы тиіс деген пікір айтады. Осы пікірін қаулыға енгізуді ұсынады. Отырыста Мырзағазы Есболұлы қазақ жерін қорғап сөйлейді. Синодтың «үш адамның екеуі келімсек болуы керек» деген сөзіне қарсы шығады. Қазақ жерін қарау, есептеу керектігін айтады. Соның арқасында синодтың сөзі ары өрлемей, ұсыныс күйінше қалады. Ал шіркеудің бұл отырысты ұйымдастыру себебі 1902 жылы айтылып, кейінге қалдырылған қа­зақ­тарды жаппай шоқындыру жос­парына дайындық болатын» деді Тұрсын Жұртбай. Осы оқиғадан-ақ Мырзағазының орыс тілінде есесін ешкімге жібермей, сауатты сөйлейтін білімді, өжет, намысты, жүректі азамат болғаны білінгендей.

Конференцияда Л.Гумилев атын­дағы Еуразия университетіндегі «Алаш» ғылыми зерттеу инс­ти­ту­тының директоры, әли­хан­та­­­нушы Сұлтанхан Аққұлыұлы Мыр­зағазының П Николай пат­ша­ның 1916 жылғы «июнь  жарлы­ғы­на» сәйкес ұлт көсемі Әлихан Бө­кейханмен бірге Батыс май­дан­дағы қара жұмысқа салынған қазақ жігіттеріне барып, жүргізген жұмыс­тары жөнінде айтып берді. Сонымен қатар Мырзағазы Есболұ­лы­ның конференцияға қатыс­қан ұрпақтары мен туыстарының арасынан Хакімбек Мәтенов, тағы бас­қалар сөйлеп, Мырзағазының тарихи тұлғасы туралы айта келіп, ол 1929 жылы тұтқындалғаннан кейін туыс­тарының көрген азапты өмірінен де­ректер келтірді. Мырзағазының ағасы Мырзахмет, жеңгесі Қалипа Байгурина, олардың ұлы Әлжан 1929 жылы Карлагте «халық жауы» ретінде атылады. Анасы Жанғайша ұлдарының уайымы мен өзіне тыным бермеген тергеулерді көтере алмай сол 1929 жылы көз жұмады.

 Конференцияда Мырзағазының туған жері – бүгінгі Әулиекөл ауда­нын­дағы бір мектеп пен көшеге оның атын беру туралы ұсыныстар айтылды. Конференцияның пленарлық мәжілісінен кейін қатысушылар екі секцияға бөлініп, тақырыпты жал­ғастырды. Алаш ардақтысына арналып ас беріліп, әруағына құран бағышталды.

 

ҚОСТАНАЙ

 Суретте: ортада Ахмет Байтұрсыновтың оң жағында отырған Мырзағазы Есболұлы, сол жағында – Міржақып Дулатов