Руханият • 30 Қазан, 2019

«Алтын қалам» жеңімпаздары анықталды

1015 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ықылас атындағы музыкалық аспаптар музейінде  жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Алтын қалам» әдеби байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

«Алтын қалам» жеңімпаздары анықталды

Жүлде тізіміне Қазақстанның әр өңірінен  және шетелден қатысқан авторлардың орыс және қазақ тілдерінде жазылған 30 шығармасы алты аталым бойынша енгізілді.  

Байқауға ұсынылған жұмыстар 2019 жылы наурыздың 15-нен бастап қыркүйек айының 15-не дейін қабылданып, оқырмандар ғаламтор арқылы қазан айының 1-не дейін дауыс берді.

Биылғы ұйымдастыру комитеті және қазылар алқасы құрамына Досым Сәтпаев, Айдос Сарым, Арман Шораев, Нұржан Мұхамеджанова, Расул Жұмалы, Кенже Жұманұлы, Қуат Домбай, Бекнұр Қисықов, Байғали Есенәлиев, Ділдәгүл Нұрмаханбет, Татьяна Филипчик және басқалар енді. 

Әдеби сайысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Молдова, АҚШ, Израиль, Германияда тұратын 397 автордан 778 шығарма келіп түсті. Олардың барлығы жүлденің www.akalam.kz ресми сайтына орналастырылды.

Балалар жазушыларына арналған «Дарабоз» байқауының бас жүлдесін және «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы  ұсынған 1 000 000 теңгені Қарлығаш Сарыбаева жеңіп алды.

Оқырмандардың қолдауы, қазылардың таңдауымен «Жылдың үздік поэзиясы» – ақтөбелік Дәурен Тілеуханға, «Жылдың үздік прозасы» шымкенттік Гүлнар Ізтаеваға, «Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы» Қуаныш Жиенбайға, «Жылдың үздік сатирасы» Атыраудан келген Амандық Сағынтайұлына, «Жылдың үздік фантастикасы мен детективі» кентаулық Оралбек Бекболатқа табысталды. Ал халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовке «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» жүлдесі берілді.

Орыс тілінде жазылған шығармалар бойынша «Жылдың үздік поэзиясын» Ольга Кувшинникова (Өскемен), «Дарабоз» – «Жылдың үздік балалар әдебиетін» Ксения Евдокименко (Алматы), «Есенжол Домбай атындағы үздік сатираны» Ерлан Көшкінбаев (Алматы), «Жылдың үздік фантастика және детективін» Әлнұр Құрманғали (Алматы), «Жылдың үздік киносценарийі мен драматургиясын» Ксения Евдокименко иеленді.

 

АЛМАТЫ