Аймақтар • 31 Қазан, 2019

Бір ауданда – бес мұражай

1102 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Қызғанбаңдар, ақындар, Мақтауға оны қақым бар. Мен туған жер кішкене, Торғай деген аты бар» деп Сырбай ақын жырлаған қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан қарт Торғайдың сырын ашу қай азаматтың болсын арманы.

Бір ауданда – бес мұражай

Алайда оқытып, тәлім-тәрбие беріп жатқан алдыңдағы шәкіртке Торғай тарихы туралы мың рет айтқаннан гөрі, бір рет болса да көзбен көргенге ештеңе жетпейтіні шындық. Осы­ған орай «Рухани жаңғыру» бағ­дар­­­ла­масы аясында «Туған жер» бағы­ты бойынша Ы.Алтынсарин атын­дағы Арқалық мемлекеттік педаго­гикалық институтының ректоры С.Қуаныш­баевтың қолдауымен «Тарихи Торғай – қарт Торғай», «Ескерткіштер – ел тарихы», «Елімнің тарихы – ұлтымның тарихы» деген атаулармен Торғай жеріне танымдық мақсатта бірнеше мәрте экскурсия ұйымдастырылған болатын.

Арқалық қаласынан таң алдында шыққан құрамында институт профессор-оқытушылары мен сту­дент­тері бар автобус орта жолда Аман­гелді ауданына қарасты Тасты елді ме­кенінде орын тепкен киелі орынға тағзым етпей кете алмадық. Бұл – осы­дан екі жыл бұрын салынған, биік­ті­гі 15 метр болатын 1916 жылғы Тор­ғай көтерілісі жетекшілерінің бірі Нұрма­ғам­бет Көкембайұлының алыстан мен мұндалап көрінетін кесенесі болатын. Халық арасында Кейкі батыр атанып кеткен бабамыздың бас сүйегі араға 95 жыл салып барып, елге жеткізілді.

Көп ұзамай Торғайға да келіп жеттік. Негізінде Қазақстанның кез кел­ген аудан орталықтарында болуға тиісті сол жердің тарихынан сыр шер­тетін жалғыз мұражай болуы барлы­ғы­мыз­ға таңсық емес. Ал Қазақстанда облыс орталығы емес, бір өзінде қа­тары­­нан бес мұражайы бар аудан орта­­лығы барын естіп пе едіңіз?! Ал біз бар­ған Жангелдин ауданының орта­лығы Торғай кентінде бір емес, қатары­нан 5 мұражайдың жұмыс істеуін көп­шілік біле бермейді. Біздің негізгі мақ­сатымыз да халқы аз болса да (аудан орталығында 5 мың ғана халық тұрады екен) мұражайы көп Торғай кентін аралап, оның тарихымен мұражай жәдігерлері арқылы танысуға болатын.

Бізді «Жангелдин мұражайлар кешенінің» директоры атақты қоғам қайраткері болған, кезінде Ахмет Бай­тұрсынұлы негізін салған «Қазақ» га­зетін қайта жаңғыртқан марқұм Қо­­ғабай Сәрсекеев ағамыздың туған қа­рын­дасы Сәрсекей Гүлбану Құлет­қызы бастаған бір топ мұражай қызмет­керлері қуанышпен қарсы алды.

«Алдымен Шақшақ Жәнібек тархан мұражайынан бастағанымыз жөн, себебі бар тарихтың бастауы осы жерде» – деп жол көрсеткен Гүлбану Құ­лет­қызы танымдық сапарымызды кент орталығында орналасқан Тархан Жәні­бек батыр мұражайынан бастады.

Мұражайды аралау барысында бар­лығымызды таңғалдырған бір жағ­дай, ол барлық мұражайлардың дерлік халықтың өз ықтиярлығымен, ерте замандардан келе жатқан дәстүрлі асарлату әдісімен салынуы болатын. Бұл Торғай жұртшылығының өз елінің тарихына, ата-бабалардың жүріп өткен жолына деген үлкен құрметі деп қарауымыз керек.

Мұражайда ХVІІ-ХVІІІ ғасырлар­дағы қазақ халқының жоңғар шап­қын­шылығына қарсы азаттық күре­сінің тарихына байланысты мүлік­тік және құжаттық материалдар жи­нас­тырылған. Студенттер батыр бабалары Жәнібек тархан мен халқы­мыз­дың сол жылдардағы азаттық жолын­дағы кү­­ресін айқын көрсететін Орын­бор қа­ла­­­сы­ның мұрағаттары мен мұра­жай­­ла­рын­да сақталған материалдармен таныса алды. Олардың арасында аса құнды болып табылатын Ресей пат­ша­сының 1743 жылғы 11 шілде күнгі жарлығына сәйкес Шақшақ Жән­і­бекке тархан ата­ғы берілгені туралы, батырдың 1747 жыл­­дың 24 шілде­де орыс патшайымы Ека­­теринаға жол­данған хатының кө­шір­мелері, өткен заман­дардың мү­лік­тік мұралары, қару-жа­рақ­тары, Тор­ғай қаласының елтаңбасы сияқты аса құнды материалдар қойылған.

Сонымен қатар мұражайда қазақ халқының ұлт ретінде аман қалуы екіталай болып таразы басына түскен ауыр ХVІІІ ғасырдың картасы, Жәнібек батырдың замандастары Бұқар жырау, Қазыбек, Төле, Әйтеке билер, Абылай хан, Бөгенбай, Қабанбай батырлар өмір­лерінен мол мағлұмат беретін жәді­герлер де баршылық.

Бұрын естімеген құлақты елең ет­кізген бір жаңалық, Жәнібек тархан қол­ға ұстаған тудың қиындысының сақ­талуы. Осы мұражай салынған кез­де басынан аяғына дейін жанында бол­ған Гүлбану Құлетқызының сөзіне қара­ғанда, мұрағатқа жәдігерлер елдің түкпір-түкпірінен жиналған. Солардың бірі – Шақшақ Жәнібек батырдың туы. Мұрағатқа алып келген кезде ту бүтін болған. Қуаныштан болар, әлде тарихи жәдігерлердің құндылығын түсінуге құлдық санамыз ол жылдары кедергі келтірді ме, қайдам, қазақтың ырымымен жұғысты болсын деп ашылу салтанатына жиналған халыққа жыртыс ретінде таратылып жіберілген.

Ұлт тарихында терең өзгерістердің бас­­талуына түрткі болған тарихи оқи­ға­ларға арналған кең көлемдегі диа­рама салу қажырлы еңбекті, қара­жатты, ұлтжандылықты талап етеді. Қазақ­станда қазіргі таңда біз білетін тарихи оқиғаларға, ірі тұлғаларға арналған төрт диарама бар. Оның бірі Семей қала­сын­дағы Абай Құнанбайұлына арнал­са, екіншісі Орал қаласындағы Жәң­гір ханның диарамасы, үшіншісі Алматы қаласында болса, төртіншісі осы Тор­ғайда орналасқан. Шындығына келгенде, Қазақстанда тұңғыш салынған да және уақыт жағынан тез арада біткен де осы Торғай диарамасы.

Торғайдағы диарама ХVІІІ ғасыр­дағы батырлар заманынан сыр шер­тетін Аңырақай шайқасына арналған. Ре­с­пуб­ликадағы бұл тұңғыш диарама­ны Алматыдан арнайы түрде шақыр­тыл­ған суретші С.Пожарский бар күшін сала отырып, айналдырған 10 күннің ішінде бітірген. Көрермен залына келген 50 адам еркін түрде көре алатын понораманы бейнелі түрде соғыс майданындағы көріністермен осындай аз уақыт аралығында толтыру, тіпті ақылға қонбайтындай кез келген адам мүмкін емес шаруа деп айтар еді, бірақ шындық осы.

Торғай халқы тектілердің мекені деп тегін айтылмаса керек. Ғалым әрі жазушы Зейнолла Қабдоллов «Тор­ғай – ұлттың ұясы» дегенде осыны мең­зесе керек деп ойлаймын. Оған біз Аманкелді батыр көшесінде орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайын аралау барысында көз жеткізгендей болдық. Мұражай есім­дері Алты алашқа танымал, бүкіл қазақ хал­қының мақтанышына айналған, өмір­­лерінің соңына дейін бір-бірін ағалы-інілердей сыйлап өткен қос бір­дей тұлғаның мұрасын зерттеп, насихат­тау мақсатымен 1991 жылдың мау­сым айында ашылған. Мұражай алдында екі бірдей тұлғаға ескерткіш қойылған.

Мұражай кіреберісінің қара түнек­теніп бейнеленуі Ахмет пен Міржақып өмір сүрген ауыр кезеңнің көрінісін көзі­­ңізге елестетеді. Жәдігерлер қо­йыл­ған қабырғаларға темір тормен 1929, 1932, 1937 сандарының сипат­талуы келушілерге 1930-жыл­дар­­дағы қазақ зиялы қауымының басы­на түскен небір сұрапыл оқиғалар­дың бет-пердесін түсінуге, «ұлт қаймақ­тары­ның» қасіретті де аянышты тағдырын бір сәтке болса да еске түсіру арқылы олар­дың есімдерін ұмыту мүмкін емес­тігін тағы бір ескерткендей болады.

Екі арысымыздың өмірі мен қоғам­дық қызметіне байланысты мұражай­ға қойылған аса құнды құжаттар мен қолжазбаларының көшірмелері баға жетпес байлық, зерттеуші үшін таптырмас дүние деп те айтар едім. Ахаң мен Жақаңның Орынбор, Ташкент қалаларында баспадан жарық көрген кітаптарының алғашқы басылымдары, олар жайлы зерттеулер мен жинақ­тар, өмір­­лерінің қилы кезеңдерін­дегі куә­лік­­тері мен фотосуреттері мол қамтылған.

Торғай тарихтың қай кезеңінде де таланттарға кенде болған емес. Қазақ әдебиеті мен өнеріне, білімі мен мәдениетіне қомақты үлес қосып, елдің абыройын Қазақстанда ғана емес, шетелге дейін танытып жүрген Торғай өңірінің талантты тумалары бүгінде баршылық. Мұны мұражайдың екінші бетіне орналастырылған Торғайдың атақты адамдарының өмірбаяндары­на арналған жәдігерлерден байқадық. Олардың арасында академик-эконо­мист Кенжеғали Сағадиев, төл тең­ге­мізге тұңғыш қол қой­ған Ғалым Байназаров, Торғай облы­сы­­ның әкімі болып, елдің рухани мұ­ра­­сының сақ­талуына елеулі үлес қос­қан Жақан Қосабаев, бар өмірін су шаруа­шылы­ғының дамуына арнаған, мелорация және су шаруашылығы министрі бол­ған Нариман Қыпшақбаев, халық ақыны Нұрхан Ахметбеков, қазақтан шыққан алғашқы заңгерлер­дің бірі Ахмет Бірімжанов, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақ мемлекеттік университетінің рек­торы болған Асқар Закарин, қазақ­­тың көрнекті ақыны Қайнекей Жар­­ма­ғам­бетов, атақты композитор Ба­қыт­­жан Байқадамов, қазақтан шық­қан тұңғыш оқымысты ғалым апамыз Нәзипа Құлжанова, сырлы ақын Сырбай Мәуленов, лирик ақынымыз Ғафу Қайырбеков тағы да басқа қоғам және мемлекет қайраткекрлері мен ақын-жазушылардың өмірбаяндарына қатысты құнды жәдігерлер сақталған.

Торғайдағы біз барған үшінші мұра­жай халық ақыны Нұрхан Ахмет­бековке арналыпты. Сырт қарағанда шағын болып көрінгенімен мұражай іші ақынның сирек кездесетін қолжаз­ба­ларына, отбасынан қалған жәдігер­лерге толы болып шықты. Нұрхан ақын туралы әңгімелеп берген Гүлбану Құлет­қызы оның ақын ғана емес, сонымен қатар күйші, тамаша әнші болғандығын айтты. Оның дәлелі ақынның «1916 жыл», «Жеңіс» атты күйлерінің халық арасында қазір де орындалып жүргені. Көзімізге беті әбден сарғайған сол кездегі орталықтан шыққан газеттің бетіне суреті бейнеленген ақынның фотосы түсті. Қазақы шапанмен, қолына домбыра ұстап түскен ақын­ның бұл фотосы арқылы 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ өнері­нің онкүндігіне қатысқан өнер адам­дарының құрамында біздің ақын ағамыздың болғандығын білдік.

Әліби Жангелдин тарихи-мемо­риал­дық мұражайы – ғылыми-мәдени мекеме болып табылады. Мұражай көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, атақ­ты саяхатшы Ә.Жангелдиннің өмірі мен қоғамдық қызметін насихат­тау мақсатында ашылған. Мұражайдың Бас қор сақтаушысы Ләззат Ертасованың сөзіне қарағанда, Әлі­би Жангелдин жастайынан оқуға құмар, алғыр, білуге, тануға, үйренуге тал­пын­ған жастардың алдыңғы қа­тарын­да бол­ған. Осы талпынысы оны 1910-1912 жыл­дар аралығында әлемді аралауға, сая­хатқа шығуына алып келген. Бұл сая­хат қазақ ұлының көзінің ашылуына, көзқарасының қалыптасуына, ұлт­тық санасының оянуына әсер етпей қоймады.

Негізгі үлкен залға қайраткердің күреске толы өсу жолын көрсететін құжаттар мен фотосуреттер көшір­мелері топтастырылған. Әсіресе оның Торғай, Орынбор, Қазан қала­ларын­дағы оқу орындарындағы оқыған кезеңін­дегі куәліктері, саяхатқа шыға­тыны туралы 1916 жылы Мәскеудің «Утро Рос­сии» газетіне берген хабарландыру, Да­лалық өлке төтенше әскери ко­мис­сары­ның куәлігі сияқты құнды құжаттар сақталған.

Мұражайға сонымен қатар жалпы Жангелдин ауданының құрылу тарихына байланысты жәдігерлер қойыл­ған. 1917-1920 жылдар аралығындағы алмағайып заманның көрінісін беретін жәдігерлердің арасында сол заман­ның қару-жарақтары, халық арасынан жинақталған құрал-саймандар мен тұр­мыстық заттар студенттердің қы­зы­­ғушылығын туғызды. Атаман Ан­нен­ковтың бұйрығымен 17 адам атыл­­ған халық арасында «партизандар сайы» аталып кеткен адамдардың тізі­мі беріл­гендердің тұсына түрмеде жат­қан Ха­кім­бек Токиннің өлең жолдары жазылған:

«Біз көрмедік бір сәулесін  жарықтың,

Біз кетерміз құрбаны боп халықтың.

Халқым көрер бостандықтың  шұғыласын,

Біз тұрармыз хақ төрінде тарихтың».

Иә, тарих беттерінде олардың есімдері мәңгі қалды, ұрпақ оларды ұмытқан жоқ.

Торғайдағы біз барған өзінің атын­дағы көшеде орналасқан Алтын­сарин мұражайының залдарын аралау барысында бүкіл ұлтқа танымал, қазақ баласы үшін тұңғыш мектеп салған Ыбырай бабамыздың ағар­ту­шылық жолының ізін аңғаруға болады. Мұражай жәдігерлері ағарту­шы­ның туған халқына жан аямай еңбек етіп, ұрпақтарына үлгі-өнеге болар­лық, тәлім аларлық, рухани нәр болар­лық бай мұра қалдырғандығын дәлел­деген­дей алдымызда сайрап тұрды. Бар күш-жігерін мектеп ісіне, бала оқыту жү­йе­сін жақсартуға жұмсай келіп, «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, ол – мектептің жүрегі» деген қанатты сөзі осы күнге дейін құнын жойған жоқ.

Мұражайда Ы.Алтынсариннің өмірі мен қызметіне арналған кітап­тар, заттар, Ы.Алтынсариннің кітап­тары, мектебінің макеті, фотосурет­тер, естеліктер сақталған. Мұра­жай қыз­мет­кері Альбина қарындасымыз­дың сөзіне қарағанда, Торғай облы­сы­­ның инспекторы болған кезде Ы.Ал­тын­сариннің күшімен 80-нен аса мектеп ашылыпты. Таңғалмасқа шараң жоқ. Оқу құралдары жетіспеген, материалдық-техникалық жабдықталуы қиын патша өкіметінің қатаң бақылауында болған сол кезеңде қазақ жерінде соншама білім ошақтарының ашылуы үшін қаншама күш-жігер, өжеттілік, қайрат, қайтпас мінез керек. Бұл ерлікпен пара-пар, оған сөз жоқ. Мұражайда Ыбырай ашқан мектептердің тізімі карта арқылы сызба жолмен берілгендігін көрдік. Сөзімізді мұражайдағы мұра­ғат­тық құжаттар, баға жетпес фотоматериалдар куәландырады. Мұражай Алтынсарин мектебінің түлектері, көрнекті ақын-жазушылар, мәдениет қайраткерлері, ғалымдар, ағартушылар туралы қызықты материалдармен толықтырылған.

Торғайлық ақын Шәміл Мұха­мед­­жановтың «Мейлі батыр, мейлі ғалым, данасың, Бәрібір сен туған жерге баласың» деп жырлағанындай, қай жерде жүрсек те, қандай мамандық иесі болсақ та алдымен өз туған жерімізге тағзым етуіміз – басты міндетіміз екен­дігін ұмытпауымыз абзал.

 

Роман АЙМАҒАМБЕТҰЛЫ,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры