Қазір Қазақстанда тиімді құқықтық ортаны қалыптастыру процесі жалғастырылып жатыр, заңдар ғана емес, оларды әзірлеу және қабылдау рәсімдері де жетілдіруді талап етеді. Бұл процесте тұрғындардың заң жобаларын қоғамдық талқылауларға белсене қатысуына ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, Ұлыбритания тәжірибесі бойынша заң нормаларын шығару процесіне «жасыл» және «ақ» кітаптардың жаңа кезеңдерін енгізу, заң жобалары мен қолданыстағы заңдарды бағалау рәсімдерін жақсарту, заң жобаларына ғылыми-құқықтық сараптама жүргізу тәртібін қайта қарау, азаматтар мен бизнеске қосымша міндеттемелер қоятын нормаларға қатысты заңнамалық деңгейде «өтпелі кезең» тәжірибесін қолдану және тағы басқалары ұсынылады.
Осы орайда аталған бағыттарда бүгінгі күні қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заң нормаларын шығаруды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша сарапшы Ерлан Бұзырбаев айтып берді.
– Қабылданып жатқан заңдардың сапасы әрдайым өзекті. Заң нормаларын шығару қызметі жылдан-жылға жетілдірілуде. Заңдарды жетілдіру мен сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар жайында айтып берсеңіз?
– Үкімет заңдарды жетілдіру мен олардың сапасын арттыру бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізіп жатыр. Мен Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан сот төрелігі секторын институционалдық нығайту бағдарламасы бойынша тартылған сарапшымын. Бұл реформаның мақсаты – нормативтік-құқықтық актілер жобаларын әзірлеу кезінде заң нормаларын шығару сапасын арттыру, әлемдік озық тәжірибені енгізу бойынша азаматтардың көп бөлігін Үкіметпен диалог процесіне тарту. Осы мақсаттарда белгілі бір сараптау жұмыстары жүргізілді, әлемдік тәжірибе зерттелді.
Тоғызға жуық дамыған елдің заң шығару тәжірибесінің құрылымына байланысты талдау жүргізілді. Қазақстанмен салыстырылды, бізде мұндай тәсілдердің қаншалықты іске асырылып жатқаны зерделенді. Талдау көрсеткендей, негізінде елімізде халықаралық тәжірибе жеткілікті көлемде қолданылады, енгізіліп жатқан реттеуді болжау әдістері де пайдаланылады, түрлі нысаналы топтармен консультация тетіктері мен рәсімдері бар. Бізде көбіне-көп қазір нысаналы топ ретінде осындай консультациялар үшін бизнес-қауымдастықтар, «Атамекен» ҰКП ұсынылған. Бізде азаматтармен талқылау үшін «Ашық НҚА» интернет-порталы форматындағы диалог алаңдары да бар.
Өкінішке қарай, заңнама сапасы жетілдіруді талап етеді. Біз әлі де болса заңнаманың жиі өзгеретінін көріп отырмыз, көбіне сол бір ғана нормаларға бір жыл ішінде бірнеше рет өзгерістер енгізіледі, бұл түптің-түбінде реттелетін субъектілерге әсерін тигізеді. Мұндай сипаттағы өзгерістерді заңнамалық реттеудің тұрақсыздығы ретінде санауға болады. Осыған байланысты қазір жүргізіліп жатқан реформа заңнамалық рәсімдеудің ғана емес, жалпы ұйымдастырушылық сипаттағы тұтас шаралар кешенін қарастырады.
– Айтылып отырған жағдаяттарға байланысты бүгінгі күні нақты не істелуі тиіс?
– Біріншіден, көпшілікпен талқылаудың кеңірек тәжірибесін енгізу көзделген. Яғни, нақты реттеу қолданылатын азаматтар және нысаналы топтар тартылатын болады. Осы реттеуді талқылау кезінде, яғни заңнамалық акт жобасы жасалған кезде емес, заңнамалық акт енді ойластырылып жатқанда проблемалар азаматтармен бірге талқылануы тиіс. Ол үшін Ұлыбритания тәжірибесі бойынша «жасыл кітаптарды» енгізу ұсынылады. Онда дәл, сапалы реттеу үшін жұртшылықпен жария талқылау мақсаты қарастырылады. «Жасыл кітап» құралы бұқаралық іс-шаралардың тұтас кешенін қамтиды. Олар – дебаттар, жария тыңдаулар, жазбаша түрде кері байланыс орнату. Яғни, бұл – белгілі бір құжатта рәсімделген, көпшілікке қолжетімді жарияланған, тартылған нысаналы топтармен талқыланатын құқықтық реттеу проблемасы. Осы реттеу таралуы тиіс субъектілерге тікелей қатысты болады.
Тағы бір тұсы жария талқылаудың рәсімдері мен тетіктері өзінің қайта қаралуымен байланысты, яғни рәсімдер жеңілдетіледі, азаматтардың қолжетімділігі жақсарады, диалог алаңдары бірыңғай рет бойынша құрылады, атап айтқанда, нысаналы топтарды алдағы талқылаулар туралы хабарландыру тәсілдерін регламенттеу қарастырылады. Формасының өзін заңдық мәтіндерді талқылаудан баяндалған проблеманы ұғынықты тілмен талқылауға өзгерту қаралады. БАҚ-тың қатысуымен жария ашық талқылау тәсілдерін енгізу және реттеу де көзделген.
Бұдан өзге, заң шығару нормалары процесін автоматтандыру, кері байланыс алуды автоматтандыру, іздеуді автоматтандыру, құқықтық реттеу проблемасының маңыздылығын айқындау көзделген. Яғни, Әділет министрлігі қазір осы функцияны қарастыратын Е-заңнама ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. 2019 жылғы 17 қазандағы жағдай бойынша ақпараттық жүйе әзірленген. Қазіргі таңда аталған жобаны пилоттау жұмыстары жүргізілуде, яғни мемлекеттік органдар онымен жұмыс істеуді бастап жатыр.
– Жолдауда Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Сыбайлас жемқорлық көріністерінің пайда болуына ықпал ететін алғашқы жол нормативтік-құқықтық актілер деуге болады. Нормативтік-құқықтық актілерді сыбайлас жемқорлық мақсаттарына пайдаланудың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Шынында да, заңнаманың тұжырымдамасы түсініксіз болған кезде және оны түсіндіруде түсініксіздік туындаған кезде, бұл да сыбайлас жемқорлыққа себеп болады. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама деп аталатын институт болған. Өкінішке қарай, бұл институт белгілі бір дәрежеде беделін түсіріп алды. Атап айтқанда, сараптаманың формализміне баса назар аударылды. Шын мәнінде сыбайлас жемқорлық қауіптерін бағалау мүлде жүргізілген жоқ, нормативтік-құқықтық актілерде дискрециялық өкілеттіктер табылмады. Мұның салдары ретінде аталған сараптама күткен нәтижесін бермеді және таратылды. Бүгінгі таңда бұл сұрақ қайта қарастырылуда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманы қайтару ұсынылады, бірақ онымен Әділет министрлігі емес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысуы тиіс.
Біз осы сараптаманы өткізу рәсімдері қайта қаралып, оның тиімділігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін нақты бағалауға дейін артады деп үміттенеміз. Негізінде мұны жасауға болады. Егер дамыған елдер туралы айтатын болсақ, оларда «ақылды» реттеу қағидаттары әрекет етеді, олар «ақылды» реттеу принциптерін қолданады. Біздің ерекшеліктерімізді ескере отырып, бұл тәсілдерді ішінара Қазақстанда қолдануға болады. Сондықтан жаңадан құрылған агенттік формализмнен сапалы сараптамаға ауысып, бұл жұмысты жақсы ұйымдастыра алады деп ойлаймын.
– Әділет министрлігі заңнамалық жұмыстарды жақсарту үшін тағы қандай шараларды қарастырып жатыр?
– Біз институционалды ортаны құрып жатырмыз, барлық норма құру рәсімдерін бірыңғай, логикалық байланысқан дәйекті процестерге біріктіреміз. Бүгінгі таңда бұл процестердің шашыраңқы болу белгілері бар. Нормативтік-құқықтық актілер жобаларының белгілі бір ведомстволық бәсекелестігі бар. Біз бұл мәселелерді бірыңғай логикаға сәйкес біртұтас процеске біріктіру арқылы реттеуге тырыстық. Мемлекеттік органдар, кез келген қызығушылық танытқан субъект аталған рәсіммен кез келген сатыда таныса алатын және оның қалай жүзеге асырылып жатқанын түсіне алатын, барлық рәсімді реттейтін бірыңғай құқықтық акт әзірленді. Бұл ақпаратты әртүрлі заңнамалар мен заңға қосымша деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілерден іздеу қажет емес.
Үкімет жанындағы Заң жобасы қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның рөлі де күшейтілуде, оның жұмыс органы – Әділет министрлігі. Заң нормаларын шығару рәсімдерін, заң шығару жұмысын жоспарлау сатысынан бастап, заң қабылданғаннан кейін тиімділігін бағалау кезеңін қоса алғанда, оның барлық сатыларын автоматтандыру мәселелері пысықталып жатыр. Заңнамалық реттеудің барлық циклін біз реформалармен қамтуға тырыстық.
Көрсетілгеннен өзге, заң жобаларын әзірлеу және жоспарлау тәжірибесіне енгізілетін реттеу салдарын сапалырақ болжау енгізіледі.
Біз мұндай тәсіл заң жобаларын әзірлеудің сараптамалық құрауышының сапасын жақсартады деп шамалаймыз, бұл келешекте заңнамалық реттеу сапасына әсерін тигізеді. Екінші жағынан, мемлекеттік органдардың жұмысының ашықтығы артады, нысаналы топтардың кең спектріне қолжетімділік қамтамасыз етіледі, осы қолжетімділік рәсімдері жеңілдетіледі, бұл сапалы кері байланысты алған соң мемлекеттің түптің түбінде сапалырақ реттеуді қабылдауына мүмкіндік беруі тиіс.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»