Сонымен қатар әйелдер мен балаларды өмірге бейімдеу және өмірде қиындыққа тап болған балаларды қолдау орталықтарында болды. Кешке І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Ассамблеяның «Қазақтану» жобасы аясында аудармашы, ақын Камал Әлпейісованың «Төркіндеу» атты шығармашылық кеші өтті.
Шараның екінші күні Қостанай қаласындағы күмбезді залда Қазақстан халқы ассамблеясы республикалық аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы Қазақстан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өтті. Оған Жалпыұлттық жоспардың іске асырылуына жауапты орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстар ассамблеялары аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері де шақырылды. Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген міндеттерді шешудегі аналар кеңестерінің рөлі» атты тақырып аясында қоғамда орын алып отырған көптеген өзекті мәселелерді талқылады. Отырыстың басты қонағы Жансейіт Түймебаев өмірдегі ананың орны бөлек, оның қоғамдағы және мемлекеттің дамуындағы орны үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтып өтті.
«Ана– қасиетті сөз. Отанды анаға теңейміз, тілді де ана тілі дейміз. Отбасының шегесі – аналар. Отбасы берекелі болса, мемлекеттің іргетасы мықты болады. Баланың тәрбиесінде де ананың маңызы ерекше. Бала – болашақ. Ал болашақтың қандай болары да анаға байланысты екен. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің маңызы тереңде. Ұлтты тәрбиелейтін ана. Әсіресе қазіргі әлеуметтік жүйелер заманында ананың атқарар ісі де ұшан-теңіз» деді Жансейіт Қансейітұлы. Қоғамда аналар белсенділігі қажет. Олар құрған үкіметтік емес ұйымдар бүгінде көптеген жұмыстар атқарып отыр. Дегенмен қоғамда профилактикалық шаралар қажет ететін өзекті мәселелер жоқ емес. Ұлдардың тәрбиесі де назар аударуды қажет етеді. Статистика бойынша әйелдердің 70 пайызы өмірінде бір рет болса да түрлі, тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешеді екен. Отбасының ажырасуы да соңғы жылдары өте жиіледі. Жансейіт Қансейітұлы облыстарда осыған орай жұмыс жүргізіп отырған аналар кеңестерін, басқа да ұйымдар жұмысын ризашылықпен атады.
Қазақстан халқы Қостанай облыстық ассамблеясы жүргізіп отырған жұмыстарды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те шолып өтті. Үстіміздегі жылдың 9 айында облыс өңірінде 127 ірі шаралар өткен. Аналар кеңесі облыстағы қайырымдылық ісін дамытуға үлес қосып отыр. Аналар кеңесінің бастамасымен өткен «Ыстық нан», «Ашық жүрек», «Таза ойын», «Буккросинг», «Мерекелік түстік ас» сияқты қайырымдылық акциялар 4 мыңға жуық адамды қамтыған.
«Облыста Елбасының бастамасымен өмірге жолдама алған «Бақытты отбасы» жобасы қарымды жүріп жатыр. Қостанайлық кәсіпкерлердің қолдауымен 48 көп балалы аналарға баспана берілді» деді Архимед Бегежанұлы.
Кеңейтілген отырысқа қатысушылар қолөнер шеберлерінің және аналар қолымен жасалған түрлі бұйымдардың көрмесін тамашалады.