Аймақтар • 01 Қараша, 2019

Шаңырағы биіктің – мемлекеті берік

249 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тарихымызда әйелдерді атқа қонуға мәжбүр еткен замандар өткен. Әйелдің иығына салмақ түсірген жүк те заманына қарай түрлі бола ма дейсің. Айдаһардың деміндей жаһандану жылжыған ХХІ ғасырда да қазақ әйелінің көтерер мехнаты аз болмаса керек.

Шаңырағы биіктің – мемлекеті берік

 

Ұлт болып сақталуымызға, иірімге түсіп жұтылып кет­пеуімізге кепіл болатын ұлт­тық кодтың тізгіні ана­ның қо­лын­да тұр, қурап кет­пеуі үшін ұлттық тамырды суару да ананың қасиетті мін­деті екен. Бұл айтуға оңай нәр­­се, ал тарқатар болсаң атан көтер­мес ауыр жүк. Қос­та­най­да Қазақстан халқы ассам­­блея­сы республикалық ана­­­лар кеңесінің кеңейтілген оты­­­ры­­сындағы талқыланған мәсе­­ле­­лердің де темірқазығы осы еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сын­дар­лы қоғамдық диалог – Қазақ­­станның тұрақтылығы мен өр­кен­деуінің негізі» атты Қ­а­зақ­­стан халқына Жол­дауын­да және Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасын­да белгі­лен­ген міндеттерді шешу­дегі ана­лар кеңестерінің рөлі» атты тақырып аясында әң­гі­ме өрбіген шараға Қазақ­стан Халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Пре­зиденті Әкімшілігінің Хат­шылық меңгерушісі Жан­сейіт Түймебаев, облыс әкі­мі Архимед Мұхамбетов қа­тыс­ты. Жалпыұлттық жоспардың іске асырылуына жауапты ор­та­лық мемлекеттік орган­дар­дың қызметкерлері, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шым­кент қалалары мен облыстар ассамблеялары аналар кеңестерінің, этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері де шақырылды.

– Ана – қасиетті сөз. Отан­ды анаға теңейміз, тілді де ана тілі дейміз. Отбасының қазығы – аналар. Отбасы бере­келі болса, мемлекеттің ірге­тасы мықты болады. Бала­ның тәрбиесінде де ана­ның маңызы ерекше. Бала – бола­шақ. Ал болашақтың қан­дай болары да анаға байла­ныс­ты екен. Ұлтты тәрбие­лейтін де ана, – деді Жансейіт Түймебаев.

Әсіресе әлеуметтік мәсе­ле­лер өзектілігі жүйкені тоз­ды­ратын бүгінгі қоғамда әйел­дер белсенділігі қажет­тілік­ке айналып отырғаны рас. Қоғамда қандай әлеуметтік мәселе көтерілсе де, бір ұшы анаға келіп тіреледі. Оның үстіне ұрпақты да, ұлтты да тәр­биелейтін ананың өзіне қам­қорлық керек. Статистика бойынша әйелдердің 70 па­йызы өмірінде бір рет болса да түрлі, тұрмыстық зорлық-зомбылықты бастан кешеді екен. Отбасының ажырасуы да соңғы жылдары өте жиіледі, жастар арасында отбасылық құндылықтардың көмескі тартуы байқалады. Тас­танды баланың азаймауы, балаға қарсы қылмыстың өріс алуы қоғамдағы аса ауыр көрі­ністің бірі. Жан­се­йіт Қан­­сейітұлы облыстар­да осы­ған орай жұ­мыс жүр­гізіп отыр­ған аналар кеңес­терін, со­ның ішінде Қост­анай облы­сын­дағы аналар кеңесі­нің «Отбасын қол­даудың ре­сурс­тық орта­лығы» жобасы жұ­мы­сын ризашы­лықпен атады.

Қоста­най облыстық Қазақ­стан халқы ассамблея­сы жүр­гізіп отырған жұмыс­тар­д­ы облыс әкімі Архимед Мұ­хам­бетов те атап өтті. Үстіміздегі жылдың 9 айында облыста 127 ірі шара өткізілген. Ана­лар кеңесі облыстағы қайы­рым­дылық ісін дамытуға үлес қосып отыр. Олардың бас­та­масымен өткен «Ыстық нан», «Ашық жүрек», «Таза ойын», «Буккросинг», «Мере­келік түстік ас» сияқты қайы­рым­дылық акциялары 4 мыңға жуық адамды қамтыған.

– Облыста Елбасының бас­тамасымен өмірге жолдама алған «Бақытты отбасы» жобасы қарымды жүріп жатыр. Қостанайлық кәсіп­керлердің қолдауымен 48 көп балалы ана баспаналы болды, – деді Архимед Бегежанұлы.

Қоғамдағы көптеген өзек­ті мәселелерді аналар бас­та­масымен қолға алған істер шешеді. Арқалық қаласын­дағы аналар кеңесін ардагер ұстаз Бақытжамал Қал­қаева басқарады. Олар бес ба­ғыт­та жұмыс жүргізеді, соның ішін­де жасөспірім қыз­дар тәр­бие­сімен айналыса­тын «Пара­сат» клубының жұ­мы­сын ерекше атауға болады. Соны­мен қатар аналар фо­румы­на қатысушылардың да әң­гім­есінен көптеген игі іс­тер бай­қалады. Ақмола об­­лысы ана­лар кеңесі төр­айы­мы­­ның орынбасары Зәу­ре Қоңқа­баева­­ның жеке автор­лық бағ­дар­­ламасы да назарға аларлық.

– Аналар кеңесінде түрлі бағытта жұмыстар жү­реді. Бәрі де жақсы, жас қыз­дар тәрбиесіне баса көңіл бө­­ле­міз. Дегенмен, тек айта беру­мен де іс өнбейді, үлгі­ні іс­пен көрсету керек. Менің жеке бағдарламам бойынша, екі жылдан бері балаларды қазақ ауылдарына апарып, он күн бойы қазақ тілін үй­рену­ге, қазақ халқының дәс­түр­лерін көруге, ұлттық та­ғам­­дардың жасалуымен та­ны­суға жағдай жасаймыз. Мағ­жан Жұмабаевтың, Ғабит Мү­сіреповтің ауылында, елі­міз­дің оңтүстік, батыс облыс­тарында болдық. Жиырма бес бала ауылға барғанда құрт қайнату, айран ашыту, қой қырқу, сиыр сауу сияқты жұ­мыс­тардың барлығын он күн бойы өздері атқарды. Бұл оқу­шы­лар тобында ұл-қызы, орыс, қазағы, басқа ұлттары да ара­лас болды. Жасөспірім, бала кезіндегі осы саяхат олар­­дың ғұмыр бойы есінен шық­­пайды, олар­дың бойында ұлт­­тық дәстүрге, Отанға деген пат­­риоттық сезім, құрмет қалып­та­сады, – дей­ді Зәуре Балуанқызы. 

 Екі күнге созылған ана­лар форумы бай бағдарлама­мен ере­кшеленді. Қатысушы­лар қайы­рымдылық акция­сын, А.Бай­тұрсынов атындағы Қос­танай мемлекеттік және Ө.Сұл­танғазин атын­дағы Қос­танай мемлекет­тік пе­даго­ги­ка­лық университет­тері­нің сту­денттерімен кез­де­­су­лер өткізіп, қала кітап­ха­на­лары­на Ассамблея атынан кітап­тар табыс етті. Соны­мен қатар әйелдер мен бала­ларды өмір­ге бейімдеу және өмірде қиын­дыққа тап болған балаларды қол­дау орта­лықтарында болды. Кешке І.Омаров атын­да­ғы облыстық қазақ драма театрын­да «Рухани жаңғы­ру» ба­ғ­­дар­ламасы мен Ассам­блея­­ның «Қазақтану» жоба­сы ая­сын­да аудармашы, ақын Ка­мал Әлпейісованың «Төр­кін­деу» атты шығармашылық ке­ші өтті. Форум қонақтары қол­­өнер шеберлері мен ана­лар­­дың өз қолымен жасаған бұйым­дарының көрмесін тамашалады.

 

ҚОСТАНАЙ